» Қызыл жемісте қасиет бар

Қызыл жемісте қасиет бар


«Өзін ауылшаруашылығы өнімдерімен толықтай қамтамасыз еткен ел нағыз тәуелсіз мемлекет саналады. Біз аграрлық елміз ғой. Әлі күнге дейін өнімдердің басым бөлігін сырттан алып отырмыз. Ет өндіреміз, шұжықты сырттан аламыз. Жеміс-жидек, көкөністі де тасымалдаймыз» деп Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа қарата айтқан сөзі еріксіз ойға оралады. Расымен ауылшаруашылық өнімдерін тұтынуда импортқа тәуелдіміз. Аудан орталығындағы базарларда бағасы «ұшып» тұрған жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерінің дені Өзбекстан мен Қытайдан келеді.


Ал бізде ше? Базар барсаң 500 теңге деп тұрған қызанақ, ертең 600, екі-үш күннен кейін 700 теңгеге шығып, қарапайым халықтың қалтасын қағып тұр. Себебін сұрасаң, келу бағасына қарай қосқанын айтады. Бұл бір. Ерте көктемде қолына күрегін алып, бақша дақылдарын өсіруге ниет еткен жұрттың көбі қауын-қарбыз бен асқабақ еккенді қолай көреді. Ал мына көрші Шиелі ауданы облыс көлеміне, тіпті елдің түкпір-түкпірін қызанақпен қамтамасыз етіп отыр.

КИМНІҢ тәжірибесі
Қызылорда қаласына баратын көлікке жайғасқан Ким мынадай қызық цифрларды айтқанда еріксіз бас шайқадым.
– Қызанақ егуді қолға алғаныма жеті жылдан асты. Әсілі қызыл жемісте қасиет бар. Өнімін шілде айының басынан қарашаға дейін пұлдауға болады. Кәсіптің бұл түрінің пайдасы көл көсір. Былтырғы жылы 30 миллион теңге таптым, – дегеніне таңдана қарадық. Әңгімесі қыза түскен соң жолаушылар жан-жақтан сауалдарын төпелетіп қоя бастады. Байыппен жауап берген ол: – Жоғары сапалы көшет егу қызанақты өсірудің маңызды кезеңдерінің бірі. Көшетті отырғызғаннан кейін суаруды, қопсытуды тұрақты жүргізіп тұру қажет. Содан кейінгі тыңайтқыш сеуіп, зиянкестер мен ауруларға қарсы ем шараларды жасау қажет. Бұл процесте көшет дұрыс өсу үшін де төменгі жапырақты, өгей бұталарды алып тастау қажет. Аздап еңбекті қажет етеді. Пайдасы еңбегіңе тұрарлық, – деді.
Біле білгенге, қызанақ пайдалы витаминдерге бай. Ересек адамдарда жиі кездесетін варикоз, гастрит, жүрек қан тамыр аурулары мен қанайналым жұмысын жақсартады. Асқазан ішек жолдары, іштің қатуы кезінде аса пайдасы көп. Өтті тазартады, несеп айдағыш, ісік ауруларынан қорғайды. Зәрдің шығуын тездетеді. Қантты диабетке және семіздікке шалдыққан науқастар үшін құнды тағам. Сондай-ақ, қызанақ иммунитетті көтереді. Ара шаққанда, дене күйіп қалған кезде екіге бөліп басса, ара уын денеге жаймайды және күйіктің ыстығын алатыны бар.
Ойда жоқта ұшырасып қалған кәріс ұлтының өкілінен біраз мағлұмат алған біздер расында жергілікті егінші қауымның бұл көкөніс дақылын егуге неге құлықсыз екенін зерттей бастадық.

Мамандар не дейді?
– Кәсіпті дамытып, Жер-ана ырыз­дығын молынан пайдалануда тәуекел қадамдар қажет. Ауыл шаруашылығы саласы бүгінгі таңда бұрынғыдай дәстүрлі егіншіліктен ғылым мен білімді пайдалана отырып дамуға көшті. Нәтижелі жұмыс болу үшін де бұл өте қажет. Жылыжай шаруашылығы да осындай әлеуетті талап етеді. Қазіргі кезде бұл кәсіптен нәсіп көріп, шаруашылықты дамыту үшін дұрыс жер таңдап, оны өңдеуде, егіп өнім алуда жан-жақты ізденіс пен еңбекқорлық қажет, – деді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев.
Бұл жайлы «ТОО Қызылорда Агроплюс» басшысы Серғазы Есенбаев Жаңақорған аумағына қандай тұқым қолайлы екенін зерттеп жатқанын жеткізді. Биыл су насостары қойылып, жер өңделуде. «Даму» қорының қар­жылай қолдау болса келесі жылы 1000 гектар жерге қызанақ егуді жоспарлауда екен.
Жалпы өткенге көз салсақ, аудандағы Юбилейный, Алмалық совхоздары көкөніс егумен айналысқан. Қияр мен қызанақ, қырыққабат егіп мол өнім алып, аудан жұртын өзіміздің өніммен қамтыған. Біздің айтпағымыз, аудандағы елдімекендердің бірі көкөніс өнімдерін өсіруге ден қойса тұрғындары алыстан арбалатпай, елдегі өнім ерінге тиер еді.

Делдал НИЕТІ БЕЛГІЛІ
Олай деуімізге себеп бар. Көрші мемлекеттен 300-350 теңгеден алынған тауардың бағасы, алушының қолына тигенде екі еселенеді. Ауданға тікелей Түркістан мен Сарыағаштан жеткізілетін тауар бағасы күн сайын құбылып тұр. Базардағы көкөніс сатушысына жақын барып себебін сұрадық.
– Негізгі бағаны түркістандықтар қояды. Ауылдағылар келу бағасына қарай 50-70 теңге қоямыз. Көбіне жол шығынын, төлейтін орынды есептеп кәсіпкер сатылатын затының бағасын шығарады, – деді.

Түйін. Қалай десек те үздіксіз өнім беретін қияр мен қызанақты егетіндер күзде сатылғаннан артылған өнімді консервілеп, қыста пайдасын тағы көреді екен. Бұл ретте ала жаздай атыз жағалаған диқан еңбегінің таразысы ауырлап, тынымсыз тірлігі табыспен аяқталады.

Айкерім МӘДИҚЫЗЫ

---
05 мамыр 2021 ж. 423 0