№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Баспана – бақыт шамы

Баспана – бақыт шамы

Бақытжан Фигурский – Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің студенті. Ерекшелігі сол, оқуға ынта-ықыласы зор. Күнделікті жолға кететін қаржысын үнемдеп, білім ордасына Алтынсарин көшесінен жаяу қатынап, оқиды. Ондағысы жолақысын үнемдеп, тұрақты баспаналы болу. Артындағы 7 бауырының жылы үйде күн кешкенін көру...
Жолақысын жинап, ешкім баспаналы болмасы анық. Қайтсін, қиялшыл жастың асқақ арманы ғой! Денсаулығы жұмысқа жарамсыз әке, қоғамдық жұмыстан нәсібесін айыратын ананың бар тапқаны 8 перзенттің шай-пұлынан артылсын ба? Аядай ғана бір бөлмені паналаған Фигурскийдің отбасысы 15 жылдан бір бөлмеде жуынып, бір бөлмеде тамақтанып, аядай жерде тұрмыс кешіп келеді.
Жаңақорғандық жамағат тағы бір әлеуметтік жағдайы төмен отбасының баспаналы болуына мұрындық болды. Иә, ел азаматтарының игілікті шараға дем беруінің арқасында бір отбасыны қуанышқа бөледі.

Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің директоры студенттердің әлеуметтік, отбасылық жағдайын жіті бақылауда ұстайды. Баланың білім алуына оқу базасы ғана емес, отбасындағы ахуал да әсер ететіні белгілі. Осыны назарға алған колледж директоры Жомарт Шауенов әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына тиісті көмек көрсетіп келеді. Әсіресе, Фигурский Бақытжанның отбасының, баспанаға мұқтаждығы жөнінде әлеуметтік желілерде, БАҚ бетіне ақпараттар беріліп, лауазымды тұлғаларға да айтылған болатын. Колледж басшылығы тарапынан киім-кешек, азық-түлік, отын-көмір, қаражат жағынан көмек көрсетілді.
Бұл тапсырманы басты назарға алған Бақытжанның өндірістік оқыту шебері Әзірет Әбілхайыров, топ жетекшісі Ақмарал Досанова және әлеуметтік педагог Гүлмира Нақыпбекова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алмат Мампаев арнайы зерттеу акт жасап, тиісті мекемелерге хабарлады. Қоғам белсендісі Арман Мажитов, Сандуғаш Тұрлыбекова сынды азаматтарға хабарласып, олардың ақпараттандыруымен белгілі блогер Гүлнара Қасымның «Алғашқы баспана сыйлау» қайырымдылық шарасына лайықты деп танылды. Блогердің әлеуметтік желідегі қайырымдылық акциясына көпшіл халық көл болып қолдау білдіріп, бір отбасын қуанышқа кенелтті. Осылайша, Бақытжанның бала арманы орындалып, бағына орай баспана бұйырды.
Отанасы Рината Бекмұхамбетова:
–Бізді барлығы үйден ертіп шығып, үлкен үйге кіргізіп, «Ал, осы сендердің үйлерің», «Құтты болсын» дегенде сене алмадық. Сан жылдан бері тозығы жеткен, жылуы жоқ, тар қапасты паналап келген біз үшін бұл – шынымен сенгісіз жаңалық болды. Осындай жақсылық жасап, отбасымның аяқтан тұруына ықпал еткен барша жұртқа алғысым шексіз. Бізді ұдайы қолдап келген Жаңақорған аграрлы-техникалық колледж басшыларына, оқытушыларына, Арман Мәжитов, Сандуғаш Тұрлыбековаға алғыс айтамын. Бәрінен бұрын, Нұрсұлтан қаласынан арнайы келіп, үйдің қаражатын табыстаған Гүлнара Қасымға Алланың шексіз рахметі болсын! – деді ол.
Тосын сыйды күтпеген отбасының сенер-сенбесін білмей абдырап қалғаны рас. Енді, бұл отбасы да – сыз өтпейтін баспанасы берік, бақытты отбасылар қатарына қосылды.

Ақмарал ДОСАНОВА,
Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі
08 маусым 2021 ж. 537 0