№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ғибратты ғұмырың өнеге

Ғибратты ғұмырың өнеге


Ғұмыр – дария... Бірде жаныңа тыныштық сыйлаған самал жел есіп, әлемді әсемдесе, енді бірде сол әсемдікті бұзатын дауыл тұрып өзіне керегін жұтып алатыны қандай өкінішті... Ешкімнің көңіліне қаяу түспесе екен деп соғатын сәби жүрегім жасымнан барлық нәрсе өз қалпында қалатындай, атам жанымда мәңгі жүретіндей ойлайтынмын. Ешқашан осылай көз жасыма ерік беріп, өзіңді ойлап еске алу хатын жазатынымды сезбеппін. Ақ пен қара, қайғы мен қуаныш, жақсылық пен жамандықтан тұратын бұл фәни сені де арамыздан еш ойланбастан ала кеткенін әлі де қабылдай алар емеспіп. Қайғырамыз, мұңаямыз, көз жасын көлдетеміз, жоқтаймыз бірақ мұның бірі де өзіңді қатарымызға қайтып қоспайтыны қандай қиын.

Менің атам – Үсенбаев Абибулла Сахыұлы ақ жауындай көпшілікке көп көмегі тиген нар тұлға. Алыс пен жақынды айырмай тең қарап, еліне көлеңкесі түсіп, үлкенді-кішінің алдында беделі биік, ағайын жұрағатының тірегі болған нағыз ер азамат еді. Атамның берген батасы мен айтқан айналайының жадымда жаңғырып, санамда мәңгілік сайрап тұратыны ақиқат. Мәңгілік рухани азық, жанымызға демеу еді. Пендешілікті емес адамгершілікті, күпірлікті емес шүкірлікті таңдаған өнегелі өмірің біздің жүрегімізде.
Мен үшін ғана емес, елі үшін, ағайын-туыс үшін қымбат адамы еді. Өзіңнің арқаңда осы уақытқа дейін еш таршылық көрмедім. Студент кезімде «Жағдайың дұрыс па? Ақшаң жете ме?» деп үнемі сұрап, қамқорлықтан құр қалдырмайтынсың. «Менің Айботашым» деп еркелететінсің. Өкінішті, енді бұл сөзді дәл сендей ешкім айта алмайды. Жаныңа барған сайын шайыңды беріп, тырнақтарыңды алып болған соң, «Алланың рахымы мен берекеті жаусын саған, қызым» деп ешкім айтпайды енді. Бірақ өзіңнің ризашылығыңды алған мен бақыттымын!
Әрдайым ақылыңды айтып, парасатыңмен таңдандыратынсың. Қолың ашық, өте жомарт кісі едің. Жасыңнан өнер-білімге, ғылымға, әдебиетке құштар болғансың. Өз қатарластарының алды болып, Алла телегей-теңіз дарын мен ерекше қабілет беріп, ақындық, әншілік қасиеттерді бір бойыңа жиып алған нағыз ер-азамат едің ғой. Егер менен нағыз жігіт қандай болу керек десе, атамның бейнесін айнытпай айтып берер едім. Абай айтпақшы, білсем, көрсем деген адамның бірі сен едің ғой.
Жаңашылдықты жаның қалайтын жақсы қасиетіңнің арқасында жетістікке жетіп, халықтың ризашылығын алып, Мемлекеттен «Лениннің 100 жылдығы», «Еңбек Қызыл Ту ордені» және де тағы да басқа марапаттарды иеленген едің.Жоғарғы оқу орнын бітіріп, ғалым дәрежесіне дейін көтерілген едің. Бұл сенің еткен елеулі еңбегінің зейнеті, Ата, мен сенімен мақтанамын! Ата, сен өлген жоқсың! Ата, сенің атың тарихта қалды! Ата, сенің артыңда ғибрат ғұмырың қалды. Ата, сенің артыңда өлеңдеріңді сүйіп оқитын, өсиетіңді еске алатын ұрпағың қалды.
Қадыр ақын бірде:
Адам күліп тумайды
Адам жылап туады.
Жылайтыны туғанда – жамандар бар
қинайтын,
Жылайтыны өлерде – жақсылар бар қимайтын, – деп бекер айтпаса керек. Пендеміз ғой, қимастық жанымды жегідей жейді. Өлшеулі ғұмыры өз аялдамасына келіп жетті. Елі үшін еңбек етіп, таршылықта тығырықтан шығудың жолын іздеп, қызмет қылған атамды Алла алдыңнан жарылқасын. Әулет емес, мейірі мен махаббатын, жақсылығы мен ізгілігін көрген жандар атамды үнемі еске алып, өнегелі жолын үлгі етіп отырады.

Ақбота ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ
08 маусым 2021 ж. 560 0