» » Өліп, қайта тірілгенбіз

Өліп, қайта тірілгенбіз

– Бірде таксиге отырсам, көліктің ішінде «Махаббат деген мылтықсыз майдан» деген өлең жолдары айтылып жатты. Ішімнен «Ей, сендер мылтықсыз майданды көрмедіңдер ғой» деп іштей пайымдадым. Өзім басымнан өткеріп, аурухана төсегіне таңылып, коронавирустың қасіретін бір адамдай сезінгендіктен көп ойланбастан вакцина салдырдым.
Ауруханада жатқанымызда жақындарымызбен қоштасқан да жағдайымыз болды. Ол кезде орнымыздан тұрып, әжетханаға баруға шамамыз келмей қалды. Басында жетінші палатада жаттым, артынан басқа палатаға ауыстырды. Сол 7 палатаға түскендерден ешкім аман шыққан жоқ, барлығы да қайтыс болды. Басында барлығымыз да сенімсіздік танытып, дәрігерлердің айтқанына мән бермедік. Бірақ басымызға түскен сәтте, көзімізбен көргенде ғана тәубемізге келдік. Өмір мен өлімнің арасында арпалыстық. Түнде ұйықтауға қорықтық, «азанда оянамыз ба, жоқ па» деп. Аман-есен көзімізді ашсақ, Аллаға шүкіршілік ететінбіз. Күніге бір-екі адам қайтып жатты.
Ауруханада шынашақтай қыздар кислород баллондарды арқалап, ары-бері жүгіріп жүрді. Оны қыздар түгілі, еркек әрең көтереді. Дәрігерлерге үлкен рахмет!
Дәрігерлердің арқасында аман қалдық, олардың еңбектері орасан.
Енді әлеуметтік желіде қауесет сөздер көбейіп кетіпті. Өткенде бір азамат айтып отыр екен. Оған: «Е, бауырым, сен ауа жетпей, орныңнан қозғала алмай жаттың ба? Мен жаттым. Вируспен ойнауға болмайды. Ал, одан қорғанудың жолы біреу ғана, – ол екпе ектіру», деп түсіндірдім.
Ел ағасы ретінде туыстарыма айтып, үгіттеп жүрмін. Себебі, мен ауруханада өлім мен өмірдің арасында арпалысқан жанмын.

Жамур Мүслімов,
қаржы саласының ардагері

05 мамыр 2021 ж. 624 0