№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Қасқыр кие (болған оқиға)

Қасқыр кие (болған оқиға)

Күн жұма болатын.
Түнімен жол жүріп, Ақмола жақтан келе жатқан бетім еді. Қар борап тұрған. Күйік асуы жабық дегенді есітіп, амал жоқ тоқтағанмын. Таң атып қалған. Көре кетейін деп Тараз қаласының орталық базарына кіре бергенім сол еді, бір бейтаныс жігіт жылыұшырай қолын созды. Амандастық.
- Аға, үйге жүріңіз, сізді күтіп тұр едім, - деді әлгі жігіт.
- Інім, мен сені танымаймын ғой, - шатастырып тұрған шығарсың, мен жай ғана жолаушымын. Бұрын бұл жақта болмағанмын.
- Есесіне, мен сізді танып тұрмын Орекеңсіз ғой, десін, бейтанысым мені таң қалдырып. Өзінің дегбірсізденіп тұрғанын да байқап қалдым. Ішкі ойым "не боп қалды екен" деп те тұр...
- Аға, мен сізді, түнде түсімде көріп едім, атыңызды да содан білемін. "Таңертең ерте орталық базарға барсаң, базардың кіре берісінде сол кісіге жолығасың, ертіп кел деп сізді суреттеген аяным бар еді" десін бейтаныс жігіт қиылып... қалғанын үйге барған соң айтармын. Мен одан сайын таң қалдым.
- Жарайды, олай болса, барайық, дедім.
Бейтаныс жігіттің үйі, қаланың шет жағында тұрады екен. Әне-міне дегенше келдік. Адамдар абыр-сабыр, таң атпай құрбандық шалып, қазан көтеріп жатыр екен. Үйлеріне кіре берістегі аулада, сым шарбақтың ішінде қамаулы тұрған абадан қасқырды байқап қалдым. Байғұс аңның көздері жасаурап кетіпті. Мен өзім қасқырларды жастайымнан жақсы білемін және оларды түсінемін... "Обал боп тұр екен-ау" дедім ішімнен. Жүрегім дүрсілдеп кетті. Қасқыр маған қиыла қарады, өзінің жағдайын айтпай ұқтырғандай болды. Бәлкім ол да мені таныды. Тек маған айтар тілі жоқ еді...
- Бейтаныс жігіт менің кідірістеп қалғанымды байқады ғой деймін.
- Аға, бұл қасқырды мына Күйіктің асуынан ұстап әкеліп едік, үш айдай болды осында, өзі де зор, ә... - деді мақтанып. - Қолға үйренбейді екен бұл жыртқыш, берген тамағыңды алмайды, мына шарбақтың үстінен лақтырып тастаймыз етті, онда да түнде ғана. Біреулер сұраған еді, емдік қасиеті бар дей ме, өтін, тұяғын аламыз дей ме, уәде берген едім...
Мен ештеңе дегем жоқ, сонымен үйге кірдік.
Әңгіме былай екен:
-Аға, келініңізбен шаңырақ көтергенімізге он екі жыл болды. Бәрі бар бізде, тек шикі өкпе болса да бір балаға зар болдық. Барлық жерге бардық. Сөйтіп жүріп, әйтеуір, өткен жылы бөпелі болғанбыз. Сол ұлымыз екі жарым айдан бері қатты науқас, көзін аша алмайды, түтікпен тамақтандырамыз. Қаратпаған жеріміз қалмады, дәрігерлер де шаршады. Көрген аянымды өзіңізге айттым. Ендігі сенімім өзіңізде ғана болып тұр...
Менің таң қалысым шыңына жетті... "Бұған не істей аламын" деген сұрақ қой...
Жалпы, мұндай оқиғалар менің басымнан көп өткен. Және көп жерде науқастарға жәрдемім де тиген еді. Бірақ, мен ол туралы ешкімге тіс жармайтынмын. Мына жағдай тіпті қиын екендігін сезіп те тұрмын. Бұл тұста тылсым тілі ғана сөйлей алады. Бір жасар баламен қалай тілдесемін... Сәбидің басынан сипадым. Маңдайынан шып-шып тер шыққанын байқадым. Ары қарай не істеуім керек, ол жағы тұманды еді. Ойымның бәрі сыртта қамауда тұрған абадан қасқырға қарай бұрыла береді ғой... Кенет бір шешімге келдім.
- Баланы көп қымтай бермеңдер, деп, орнымнан тұрдым.
Өзімді қандай күш жетелегенін білмеймін, асығыс сыртта тұрған қасқырдың жанына келейін. Не боп қалды деп бейтанысым менің қасыма жүгіріп келді.
- Босат, мына қасқырды! - дедім.
- Аға, былайырақ тұрыңызшы, майып боларсыз!
Менің оны тыңдауға шамам жоқ еді...
- Көлігіңді алып кел!
Бейтанысым көлігін алып келгенде мен қасқырды темір шарбақтан шығарып, желкесінен сипап тұр едім...
Күйікке келгенше қасқыр менің қасымда отырды. Күйікте боран тіпті ұлып тұр екен. Мен қасқырды көліктен түсіріп жібердім. Киелі жануар артына бір қарады да, бұрқыраған ақ түтек боранға сіңіп кетті.
Біз бейтаныс жігіттің үйіне қайтып келгенімізде сәбидің көзі де ашылып, анасының омырауын борпылдата бастаған екен.

Оралбек Бекболатов
08 ақпан 2021 ж. 537 0