№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Аңшының сыры


Таң сәріде оянып кетіп, түнде көрген жайсыз түстен біразға дейін өз-өзіне келе алмады. Түсіне анасы кіріпті. Бұл баяғы бөбек кезіндегідей апыл-тапыл оған қарсы жүрген. Ортаға киліккен қасқырдың арланы ма, жолын кес-кестеп, содан қорыққаннан үні шықпай аласұрып оянды.


Анасының төсек тартып жатқан хал-ахуалы көз алдынан өмір бойы кетпеген бұның жасы бүгінде алпысты алқымдап қалған. Ол асыр салып ағашты ат қылып мініп алаңсыз ойнаған балалығының бір күнде түгесіліп қаларын білген жоқ. Ұзақ уақыт ауруханада жатқан анасын бірде әкесі үйге алып келгенінде қатты қуанған. Ақыры анасының көкірегіне басын қойып, сағынышын басып алатын сәттің туғанына шын қуанған. Бірақ бұл күндер де ұзаққа созылмады.
Үйдің кенжесі болғаннан кейін бе бетін ешкім қақпаған, еркелігі басым мұны ағалары да жұмсамайтын. Көбіне көп алаңсыз ойнап, қарнының ашқанын да ұмытып, анасы жатқан бөлмеге асыға кіріп айғыз-айғыз бетін анасының алақанына қойып, басынан сипаған ана саусағынан саулаған мейірімге балқып ұйықтап кетуші еді.
Қазір ойлап қараса сол күндер қаз-қалпында көз алдына келе қояды. Анасы өмірден өтерде жасы жетіге енді толған екен. Соңғы күні шошып қалмасын деп мұны алдандырып ағайынның үйіне апарып тастаған екен. Енді сол өмір бойы өкініш болып ақырғы сәтінде анамның ақылын алып қалсам, өнеге қылып өмір бойы жадымда жаңғыртып, ұлықтауға тырысар ма едім” деген арман өзегін өртейді...
Иә, өмірімнің көбі кетіп азы қалды…Не бітірдім? Кімге жақсылық, кімге қиянат жасадым? Кісінің ақысына қалдым ба? Арымның алдында таза, Алланың алдында ақталар жөнім бар ма? деген сансыз сұрақтар санасын билеп, байыз тапқызбайды.
Анадан ерте қалған бұларды өмір өзі есейтті. Үлкен екі ағасы ауыл тірлігіне ерте араласты. Бірі қырманның басында комбайн айдап шаруашылықтың майталманы атанса, бірі темірден түйін түйген шебер. Ертерек үйленіп, тағдыры тарту еткен өмірге ерте бейімделді.
Бас құрап, шаңырақ көтерген соң қойшының ақ таяғын ұстап, алдына салған бір отар қойдың біразын бір түннің ішінде қасқырлар талап кетті. Ендігі ойы арланның ізін салған араға қайта ораларын біліп түні бойы күзету. Күндер аптаға, апта айға созылып, қырағы күзетпен өтіп жатты. Күндіз малдың соңында, түнде қасқырды күзетумен қалжырап қатты ұйқы қысып көзі ілініп кеткен екен. Кісінеген жылқы мен мөңіреген малдың шуынан оянып кетті…
Жанталасып, қолындағы мылтығын атып, артынан жүгіре жөнелді. Түннің қою қараңғысын пайдаланып келген қасқырдың жылдамдығына көз ілеспейді. Тіпті оқтың қалай атыларын білгендей сол заматта жоқ болып кетті.
– Келген дәніккен үйір қасқырдың басшысы болса керек. Бұл жақтағы ау-жайды білуге келген ғой. Тыныш болса ұлып, қалғандарын да шақырады. Олардың қимылына көз ілеспейді. Тіпті бірден ек-үш қойды тістеп атып ұрады. Алдында тұрған адамға шабуыл жасауы қиын. Ал оларға бір зияныңды тигізсең, өміріңнің соңына дейін өкінуің де мүмкін, – деген аңшы енді осы сөзінің мәнін ежіктеуге көшті:
– Ең алғаш қырғауыл мен қоян атып, кейін қарауылға бірде түлкі, бірде қабан да ілігіп жүретін. Бірде алдымдағы малды кешкұрым қораға алып келе жатқанмын. Атым бірден үркіп, кісінеді. Ақшам кіріп қойғаннан кейін бе жан-жағыма қарасам ешнәрсе көрінбейді. Бірақ астымдағы момын қара қасқам бірнәрсені сезіп тұрғанын білем. Айдап келе жатқан малым да үркей тоқтап қалды. Алдына шығып қарасам, бір малды тарпа бас салған да, топалаң асырып кетіп қалған. Енді бір тәулікке жақын келуі тиіс. Малдарды кіргіздім де қойды қарауылдадым, бір жағы қорқауды ұстап алу ниетім бар. Түннің жарымы ауып, таң қылаң бере бір ізбен арланы мен қаншығы келді. Менің де күтіп отырған сәтім емес пе, дереу оқтаулы мылтықты басып қалдым. Оғым мүлт кеткен жоқ. Аяғына барып тиді. Ақсаңдаған күйі қансырай кетіп барады. Ал мен атымды ерттеп дайындап қойғам. Дереу екіншісін атып, біраздан жаудай тиіп жүрген «бөжегімді» алып үйге қайттым. Бірақ бұл мұнымен біткен жоқ. Қанша жерге қоныс аударсам да қасқырдың үйірі артымнан қалмай малыма тие берді. Сөйтсем соңымнан қалмайтын сол үйірді асырап отырған арланы екен. Қазір уақ малды қойып, қара мал бағамын, – деген аңшы ары қарай біраз үнсіз қалып, тағы бір сырды айтты.
Ең алғаш атып алған қасқырды сойып жатқанда омырауынан сүт ақтарылып еді. Содан бері ұясындағы қалған бөлтірігі мен арланы бірдей өшігіп, малының да үйінің де берекесін алған көрінеді. Түз тағысын себепсіз атпайтын ежелгі дәстүрдің төркінінде түз тағысының кекшілдігі жатса керек. Түсіне жиірек кіретін анасының бейнесімен қоса қабат көрініс беріп мазалайтын арланнан мезі боп беймаза күй кешіп жүрген кейіпкеріміз: «Сол ұядағы бөлтірік пен менің жаным егіз сияқты» деген сөзді бөліп-бөліп әрең жеткізді.
Бірінің ізінен бірі еріп, жалғыз жол қалдыратын тәртібі мен бақылауы күшті үйірдің айналасын аңдығанымен жанына жақындауға қаймыққан ен даланың еркін күш иелері осылайша бір-бірінен алыстаған.
– Қазір ақшулан күйде болар. Мен де ол кезде отыздың о жақ бұ жағындағы жалындаған жас едім. Қасындағыларға қас қылмайтын қасқыр екеш қасқыр да кейін ұрпағымды мазаламаса екен деген жалғыз ғана ой менікі, – деді ол.
Аңшылықтың шертіле беретін шежіресінің кейбірін ішіне бүккен аңшының айтары әлі де барын білемін. Тек көңілі келсе ғана.
Апанқақ аймағын алаңсыз жайлап жайбарақат күнде осылайша жан арпалысымен күй кешкен нағашымның ешкімге айтпаған ақиқаты осы.

Әйгерім МӘДИҚЫЗЫ
12 қараша 2020 ж. 765 0