№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Орманда болған жұмбақ оқиға

Орманда болған жұмбақ оқиға

Айжанның төсек тартып жатқанына жарты жыл болды. Айжан 7-ші сыныпты тәмамдап, жазғы демалысқа шыққанда анасы оны бір аптаға көрші ауылдағы ағасының үйіне жіберген еді. Сол үйден қайтып келгеннен кейін үш күн өтпей-ақ төсек тартып жатып қалды.
Мәселе физикалық саулығында емес, психологиялық жағдайында. Себебі төсек тартып жатып қалғалы бері ешкіммен сөйлеспейді, бір нүктеге қарап жата береді. Арасында өздігінен қарқылдап күлетіні бар. Мұндай кезде әкесі үйге сыймай, қызының мұндай мүшкіл халін көруге дәті шыдамай, сыртқа шығып кетеді. Анасы болса жан ұшыра қызына көмектескісі келеді, бірақ қызы тіпті анасын мүлде көрмегендей, дауысын естімегендей кейіп танытады. Айжан ауырып қалғалы бері өзге түгіл туған анасын танымайды. Айжан тіпті өз бетінше дәретханаға шықпайтын болды. Дәрігерлер одан ешқандай кінәрат таппады. Ал психологтар жындыханаға жатқызу керек екенін айтады. Алайда Айжанның ата-анасы бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартты. Содан бері анасы Айжанды дәл сәби кезіндегідей бақты.
Айман қызына қарап жатып, ұзақ ойланды. Бұл белгісіз ауру қайдан шықты, қызы неліктен осындай халге жетті? Бұл сұрақтар оны көптен мазалап жүрген еді. Бірақ жауабын таба алмады. Осындай қалың ойдың үстінде ұлы Біржанның көрген түсі есіне түседі.
Қорқынышты түс
Айжан ауылға туыстарының үйіне кеткенде Біржан таңғы шай үстінде түсінде Айжанды көргенін айтты. Түсінде Айжан пештің жанында бір нүктеге қарап түр екен. Жанына келген Біржанды байқамады да. Бір уақытта Біржан қарындасымен қалжыңдаспақ болып «Ваааа!» деп айқайлап, Айжанды қорқытпақ болады. Сол уақытта Айжан ағасына жалт қарады. Біржанның айтуынша, сол уақыттағы Айжанның көзқарасын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Тіпті оған қарындасы Айжан емес, шайтанның өзі қарап тұрғандай көрінді. Біржан есін жиғаны сол еді Айжан Біржанды бас салып жүрегін жұлып алды да жей бастады. Құдды қорқынышты фильмдердегідей. Біржан қансыраған денесіне қарап айқайласа да дауысы шықпайды. Осылай қиналып жатып оянып кеткенін айтады.
Айман Біржанның осы бір түсін есіне алып бойын қорқыныш биледі. Қызына тағы бір көз салып, бір күрсініп алды.
Айман қызын емдеу үшін бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Түрлі тәуіп, емшілердің табалдырығын тоздырды. Алайда ешқандай нәтиже болмады. Бір күні көршісінен Көкшетауға мықты емші келгенін естиді. Дәрігерлер мен емшілерден әбден көңілі қалса да Айман қызын жазу үшін барлық мүмкіндікті пайдалануға әзір еді. Емшінің науқастарды құранмен емдейтінін де ұнады. Көп ұзамай Айман күйеуімен ақылдасып емшіні үйіне шақырады.
Емші әбден арып, тозған. Халықтың айтуынша, ол емдеген адамдардың ауруының кішкене бөлігін өзіне қабылдап алады екен. Содан болар емшінің жүзі сұрғылт тартқан, өне бойы солып қалғандай.
Емші Айжан жатқан бөлмеге қолына құран алып кіріп кетті. Сүрелерін оқып, бетіне суды бұрқ еткізді. Емші Айжанды ұзақ емдеді. Таң ата келген емші кешкісін бір-ақ шықты. Әбден шаршаған, үстінің барлығы терден малмандай су. Емші сылқ етіп орындыққа отырды да есін жиып алғысы келгендей біраз уақыт үнсіз отырды. Біраздан кейін, «Қыздарыңыздың дерті ауыр екен. Ауруды судан тапқан» деді емші.
Ғажайып
Айман мен күйеуі емшінің сөздерінен кейін ұзақ ойланды. Неліктен судан? Қандай судан? Деген сауалдар бірінің артынан бірі маза бермеді. Ойға шомып отырғанда Айжанның «Анашым, анашым» дегене дауысын естіді. Айман мен Рахымжан қызының бөлмесіне жүгіріп барып, оны құшағына қысты. Екеуі де көзіне жас алды. Себебі Айжанның дауысын естімегеніне бір жылдай уақыт болған.
Айжан жазылды. Мектепке барды. Өзінен бір сынып төмен оқығандармен бірге оқуына тура келді.  Күндер өтіп жатты. Айжанның ауырғаны да, емші де ештеңе есінде қалмаған. Үйдегілер де оны еске салуына қорықты. Бірақ құрдастары оның бастан өткерген жағдайын айтып, Айжанды сұрақтың астына алды. Бірақ Айжанның оларға айтатын жауабы жоқ еді. Бір күні Айжан анасынан барлық жағдайды сұрады. Сондағы емшінің «ауруы судан болды» деген сөзін ұзақ уақыт ұмыты алмады.
Ормандағы жағдай
Айжанның жазылғанын естіп, көрші ауылдағы ағасы бала-шағасымен үйге келеді. Оның Айжанмен қатарлас Әсия деген қызы бар. Екеуі айырылмас дос еді. Бастары қосыла кетсе уақытты қызықты өткізудің түрлі жолын табатын. Әсия бір жылдың ішінде болған оқиғаларды тоқтаусыз айтып жатты. Бір уақытта кенеттен тоқтап қалды да, «Айжан, емші сенің ауруың судан болды депті ғой» деді Әсия әңгіменің төркінін басқаға аударып. «Иә, бірақ қандай су екенін білмеймін» деді Айжан.
— Сонда екеуіміздің құпиямыз есіңде жоқ па?
— Жоқ, қандай құпия?
— Екеуіміз орманға барып, адасып, кешкі уақытта көлдің арғы бетіне жүзіп өтіп едік қой. Бәлкім ауруды дәл сол көлшіктен тапқан боларсың?
Әсия сол уақытқа қайта оралғандай байсалды түрде әңгімесін бастады. Екеуіміз орманда ойнап жүріп үйден алыстап кеттік. Мен қорыққаннан жылай бастадым. Екеуіміз дұрыс жолды табамыз деп бір жерді бір сағат бойы айналып жүрген болып шықтық. Кешқұрым уақытта үйге бастайтын жол деп тапқан жолмен келе жатқанда алдымыздан көлшік шықты. Мен жүзе алмайтынымды айтып, жылай бастадым. Сол уақытта сен мені алып жүзіп өттің. Өзің менің кесірімнен бірнеше рет суға баттың да. Жағаға шыққанда далаға қараңғы түскен. Екеуіміз сол көлшіктің жағасында түнеп шығамыз деп шештік. Сен бірден ұйықтап қалдың. Мен қорыққаннан көпке дейін көз ілмедім. Бір уақытта қалың ағаштың арасынан сол жақ тұстан қара қасқыр бізге қарай тістерін ақситып келе жатты. Мен айқайлап, жылап сені оята бастадым, бірақ сен оянбадың. Сені қанша оятуға тырыссам да бұл әрекетімнен ештеңе шықпады. Қасқыр бізге қарай жақындап келе жатқанда оң жақтан ақ қасқыр шықты. Ақ пен қара қасқыр бір-бірімен төбелесе бастады. Ақ қасқыр екінші қасқырды жеңді де келген жағына қарай кетті. Қалың орманға толық жұтынып кетпей тұрып, бізге көз тастады.
Таң атқанда сен ояндың. Мен түнде болған жағдайды айтып бергенде сенбеген едің. Таң ата бізді ауыл тұрғындары да тауып алды. Екеуіміз екі қасқыр туралы оқиғаны да, көлшіктен жүзіп өткенімізді де ешкімге айтпаймыз деп шештік.
Айжан сол кезде бастан өткергенін еміс-еміс есіне түсірді. Үлкендердің «Су перісі болады», «Түнде әйел адамға суға баруға» болмайды деген сөздер есіне түсті. Бәлкім сол түні емші айтпақшы ауруды судан тапқан болар деп топшылады.
Өткен күндер қорқынышты түс секілді өтті де кетті. Айжанның отбасына шуақты күндер қайта келді. Бір күні Айжанды емдеген емші қайтыс болды. Халықтың айтуынша, Айжанды емдегеннен кейін емші төсек тартып жатып қалған. Содан оңалмаған екен.
Айжанның дерті неден болғаны белгісіз. Оған медицина қызметкерлері де түсініктеме бере алмады. Әсияның орманда, су жағасында көрген екі қасқыры да қорыққаннан немесе қиялынан туған дүниеме жоқ па ол да белгісіз. Айжанның ауруы сол күйі жұмбақ күйінде қалды.
16 ақпан 2020 ж. 887 0