Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Еңбеккер елдің ризығы мол

Еңбеккер елдің ризығы мол


Жаздайғы төгілген маңдай тер, еткен еңбектің нәтижесі күзде көрінеді. «Балапанды күзде сана» деген қағида осының көрінісі. Иә, диқанның несібесі таразыланатын кез келді. Сондай сабақтастықты «Алтын күз-2020» мерекесінен көрдік.

Алдымен ауылшаруашылығы тауар­ларының жәрмеңкесіне асықтық. Жәр­меңкенің нарқын саралап, алушы­лардың көңіл-күйін білу маңызды. Ау­дан әкімі Руслан Рүстемов және «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев бастаған топ жәрмеңкені аралап көрді. 26 ауылдық округтің табиғатына сай егілген дала өнімдері қаз-қатар көліктерде сап түзеп, көңілге тоқшылық ұялатты.
Әсіресе қаратөбелік «Қожан» шаруа қожалығының иесі Құрбан Қожанов әкелген өнімдерін базар бағасынан әлдеқайда төмен саудалап, тұрғындардың алғысына бөленіп жатты. Келісі 100-120 теңгеден келетін қара қауын мен қысқа сақтайтын қарбызға сұраныс көп болды. Қыркеңсенің тұрғындары Бағлан, Сұлтан Ғазизовтар биылғы күріш пен қиярды молынан әкелген екен.
– Кеше 2 тонна қияр мен күріш әкелген болатынбыз. Егін даласында бел жазбай еткен еңбегіміз ақталып жатыр. Таңертемен келген тұрғындар қос қаптан саудалап, азғантай ғана өнім қалды. Жәрмеңке бізге де алушыларға да тиімді, – деп ойын жеткізді олар.
Биыл тау жақтағы елді мекендер үшін де берекелі жыл болды. Есік алдындағы түрлі жеміс ағаштары көп түйнек салғанымен жел мен суыққа ұрынып жарытымды өнім бермеп еді. Биыл Табиғат-Ананың қолайлылығы мол өнім алуға сеп болып, бақша өсірген ағайынға көп қолдау болды десе де болады. Қосүйеңкі мен Бесарық ауылдарынан келген алма-жүзімге кезекке тұрғандар бағаның қалтаға қонымдылығына дән риза. Алманың жәшігі 4 мың мен 5мың аралығында болса, жүзімнің келісі 250-300 теңгеден сатылып жатты. Бұл базар бағасынан әлдеқайда төмен.
Кент тұрғыны Жабаева Райхан жылдағы әдеті бойынша жәрмеңкеден қысқа картобы мен пиязын, асқабақ пен күрішін қаптап алып жатқанын айта келіп:
– Біз жанұямызбен осындай жәрмең­кенің көптеп ұйымдастырылуын қалай­мыз және асыға күтеміз. Себебі әр өнімнің бағасы дүкендегіден, базардағыдан әлдеқайда төмен. Алып келген өнімін ықыласты пейілмен ұсынушыларға алғысымды білдіргім келеді,– деді.
Шалқиялық Зағира Қалманова болса есік алдындағы жеміс, көкөніс өнімдерін жәрмеңкеге алып шығыпты.
Қауыннан жасалған қауынқұрт пен қауынқақ, сүт өнімдерінен жасалған ірімшік, құрт май да келушілердің назарын өзіне аударды. Күннің аптап ыстығында пісіп кеткен қауындарды сатудың реті келмей, осындай таңсық асты жасаған аққорғандықтардың да саудасы қызып жатты.
Жәрмеңкенің аяқ жағында балды түрлі ыдыстарға құйып, саудалаған «Жан» шаруа қожалығының өкілі Зайнуддин Убашевтың бал араға жарнама жасағаны жұртты бей-жай қалдырмады. Оның айтуынша, күздік балдың пайдасы зор. Қасиетті Құранда да балдың пайдасы жайлы жазылған. Адамның ұзақ өмір сүруіне сондай-ақ түрлі ауруларға шипа болатын балдың пайдасын әрбір тұрғындарға түсіндірген сатушының алушыларға деген құрметі де байқалып тұрды.
Бал сатушысына жақын келген келген аудан әкімі Руслан Рүстемов:
– Әбу Ханифадан балды көп жейтін баласын осы әдетінен тыйғысы келіп өзінен ақыл сұрай келген ерлі-зайыпқа қырық күннен кейін балаңды қайта алып кел дегені бар. Қырық күннен кейін балаға «Балды көп жей берме» дейді бар болғаны. Сонда баланың әке-шешесі: «Құдай-ау, осы сөзді айту үшін қырық күн күттірдің бе?» дегенде, Әбу Ханифа: – «Сендер балаларыңды алдыма әкелген кезде мен де бал жейтін едім. Содан бастап бал жеуді тоқтатып, енді ғана айта алдым», – дейді. Әбу Ханифа Өздерің істемеген нәрселерді өзгелерге істеңдер деп қалай айтасыңдар? деген аятына амал қыла отырып, қандай да бір істің орындалуын өзгеден талап етпес бұрын, оны өзі іске асырғаннан кейін ғана барып басқаларға айтатынын мысал етті.
Айта кетейік, облыстық ауыл ша­руа­шылығы басқармасының мәлі­метінше, биыл облыс бойынша 184,2 мың гектар жерге егiс егілді. Негізгі дақыл – күрiштің көлемі 89,5 мың гектар Яғни, ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылмен салыстырғанда 1,1 мың гектарға артық егіліп отыр. Сонымен қатар, облыста егісті әртараптандыру бағытында алғаш рет перспективалы дақылдар қант құмайы 70 гектарға, соя 240 гектарға, жүгері дақылы 1667 гектарға дейін жеткізіліп, ылғал сақтағыш аквагельдерді пайдалану арқылы 80 гектар тәлімдік жерлерге күздік бидай дақылы егілген.
Сыр диқандары ағымдағы жылғы орын алған су тапшылығы жағдайы мен бұрын-соңды болмаған пандемияның шектеулеріне қарамастан ала-жаздай жасаған тынымсыз еңбегінің нәтижесінде күріш өндіруден рекордтық көрсеткішті жаңартып ел қамбасына 551,3 мың тонна Сыр маржаны құйылды.
Сонымен қатар, облыс бойынша егілген дәнді дақылдар күздік бидайдан 9,5 мың тонна, жаздық бидайдан 4,6 мың тонна дәндік жүгеріден 2,2 мың тонна, тарыдан 1,4 мың тонна, жаздық арпадан 270 тонна, сұлыдан 4,7 тонна өнім алынды және қант құмайынан 31 тонна өнім алынды. Сондай-ақ, картоптан 66590 тонна, көкөністен 112806 тонна, бақшадан 193484 тонна өнім жиналды. Орта өнім картопта 173,7 центнерден, көкөністе 200,5 центнерден, бақшада 239,2 центнерден айналды.Майлы дақылдар бойынша: мақсарыдан 5 579 тонна, күнбағыстан 162,2 тонна, соядан 263 тонна жиналып, әр гектардан орта өнім мақсарыдан 10,3 центнерді, күнбағыстан 23,2 центнерді, соядан 11,0 центнерді құрады.
Ауданға оралсақ, биыл егін 111 пайызға артық орындалып, жоғарғы көрсеткішке қол жеткізгенін баса айту керек. Егілген 2 972 гектар күздік бидай дақылы толығымен жиналып, 7 481 тонна өнім алынса, 140 гектар жаздық бидайдан 274 тонна, 35 га жаздық арпадан 52 тонна өнім, 400 гектар тары дақылынан 1 160 тонна, 525 гектар дәндік жүгеріден 2 153 тонна, 550 гектар картоп дақылынан 5885 тонна, 536 гектарға егілген көкөністен 11 685 тонна, 1 900 гектар бақша дақылынан 57 570 тонна, 55 гектар күнбағыстан 140 тонна, 2 000 гектар мақсары дақылынан 2 640 тонна межеленген жоғары өнім алынды.
Аудан бойынша 154,5 мың тонна мал азығын дайындау межеленіп, 86,9 мың тонна жоңышқа шөбі, 85,0 мың тонна табиғи шөп, барлығы 171,9 мың тонна мал азығы дайындалды.
Жәрмеңкеден кейін аудан әкімдігіне асықтық. Жылдағы дәстүр бойынша орталық алаңда салтанатты кеш өтетін. Биыл жағдай мұны көтермейді. Сол себепті аудан әкімінің мәжіліс залында сала үздіктерінің басы қосылды. Аудан әкімі Руслан Рүстемов еңбеккерлерді Алтын күз мерекесімен құттықтап:
– Бүгінде аймақта көш бастап, алып индустрияның айшықты жобаларын жауапкершілікпен жүзеге асырып, ел дәулетінің табысының еселеніп, мерейі мен мәртебесінің артуына әлеуетті серпін беріп отырған аудан тағы бір берекелі жылды аяқтағалы тұр. Қандай өркениетті мемлекет болмасын ең бірінші аграрлы саланы дамытуды көздейді. Сыр өңірі егіншілікті дамытып, мал шаруашылығын кеңейтуді барынша қолға алып отыр. 1949 жылдары Социалистік Еңбек ері Ыбырай Жақаев әр гектарынан 172 центнерден өнім алып, әлемде болмаған рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Мұндай биікке әлі ешкім жете қойған жоқ. «Егіншілік кәсіп, егіншіге нәсіп» деп артында өшпестей із қалдырған еңбек адамының биік көрсеткіші әлемнің ең биік көрмелерінде тұр. Иә, әлем халқын біріктіретін де бәсекеге түсіретін де еңбек. Аттың үстінде, түйенің қомында жүрген жүрген малшылар қауымы да, ала жаздай бел жазбай еңбек еткен егінші қауымының да ортақ мерекесі құтты болсын, – деп, түрлі сала үздіктерін марапаттады.
«Үздік ауылдық округі» номинациясы бойынша Қожакент ауылдық округінің әкімі Асылбек Айтжанов марапатталды. М.Нәлібаев ауылдық округіндегі «Бақыт­жан» шаруа қожалығының күріш­шісі Пернебек Құндызбаев «Озат күріш өсіруші» номинациясына ие болды. Ол күріштің гектарынан 83,0 центнерден өнім алғаны үшін ардақталды. Бесарық ауылдық округі «Пазылбек қажы» шаруа қожалығының диқаны Ғалымжан Орынбасаров «Озат бидай өсіруші» атанды.
Қыркеңсе ауылы «Нышан» шаруа қожалығының жоңышқа өсірушісі Орынбасар Абуов «Озат жоңышқа өсіруші», Өзгент ауылы «Өзгент» шаруа қожалығының еңбеккері Жарқынбек Әлібеков «Озат мақсары өсіруші», Жайылма ауылы «Шоқымазар» шаруа қожалығының диқаны Мұхамедәлі Даубалаев «Озат бақша өсіруші» номинациясымен марапатталды.
Сондай-ақ Маметқали Нұртазаев «Озат көкөніс өсіруші» («Ақдәулет» шаруа қожалығы), Қамбар Садықов «Озат картоп өсіруші» («Қайсар S» шаруа қожалығы), Нұртазин Дүйсебаев «Озат астық бастырушы» («Ислам» шаруа қожалығы) Батырбек Бекмырзаев «Озат десте жығушы» («Айбын» шаруа қожалығы), Нағима Әбдімаленова «Үздік су мұрабы» («Жаңақорғансушар» өндірістік учаскесінің аға инженер гидротехнигі), Ақнұр Қалдыбаева «Үздік мәдениет қызметкері» («Қаратау Қазынасы» халықтық фольклорлық ансамблінің жетекшісі), Баян Үсейінова «Үздік тілші» атанды.
Марапат мінберінен «Бекарыс-Агро­фуд» ЖШС төрағасы Серік Мырза­баев, «Үздік бақташы» номинациясы бойынша М.Налібаев ауылдық округі «Бақытжан» шаруа қожалығының бақташысы Қыдырбай Ауелбеков, «Үздік шопан» номинациясы бойынша Ақүйік ауылдық округі «Ақсенгір» шаруа қожалығының шопаны Бауыржан Бұлтбаев «Үздік жылқышы» номинациясы бойынша Қожакент ауылдық округі «Шанжархан» шаруа қожалығының жылқышысы Оңалбек Шанжархан, «Үздік түйекеш» номинациясы бойынша Жайылма ауылдық округі «Ақбота» шаруа қожалығының түйекеші Әлижан Қайратұлы марапатталды. Ал 2020 жылдың қортындысы бойынша Ахмет Бейсенов «Үздік ветеринар» атанды.
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
27 қазан 2020 ж. 523 0