Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бізге бергенің жылытпа

Бізге бергенің жылытпа


Бір күні Үшқұдық қаласында жасайтын нағашы апам Баймұрзаева Дариханың үйіне күтпеген жерден құдайы қонақтар келіп қалады. Үйіндегі бар жақсысын қонағына сары майдай сақтап қоятын қазағымның бойындағы асыл қасиеті емес пе, қас пен көздің арасында үйіне сап ете қалған кісілерден саса қоймаған Дәкең, әй-шайға қаратпай қазан көтертеді. Былқып піскен түйенің семіз сүр етіне тойған қонақтар Дариха апаның даладай кең пейіліне риза боп қалады. Ертеңіне келген кісілерді ауылдарына аттандырып салған апай, үйіне азық-түлік алып келу үшін қаланың орталық базарына қарай беттейді. Қажетті сауда-саттығын жасап үйіне қарай келе жатқан Дариха апаның алдынан жиені Адамқұлов Жұмағали кездесе кетеді. Жиенін көргенде жерден жеті қоян тапқандай қуанған нағашысы:
-Ойпырмай, Жұмағали, сенің кездескенің мұндай жақсы болар ма? Сен мына азық-түлік салынған торды көтер. Біздің үйде кешегі қонақтардан қалған ет бар еді. Үйге барып сол етті ысытып, екеуіміз «құдай қазғанға» құлата салайық. Келін-кепшік, балалардың барлығы жұмыста. Сені маған құдай кездестірген шығар, - дейді. Сонымен екеуі Дәкеңнің үйіне кеп, қалған етті ысытып жеп алады. Енді дастарханға бата қайырар кезде Дариха апа Жұмекеңе қарап:
-Алты жасар ер бала тұрғанда, алпыстағы әйел бата бермейді. Үйде екеуімізден басқа тірі жан жоқ. Оның үстіне сен де жас емессің, жасың елуге кеп қалды. Бір үлкен отбасының отағасысың, келінге, немереге ата болдың. Сен жиенмін деп көп сандалмай бата бер, - деп белден басып, зорлық етеді. Осыдан кейін лажы құрыған Жұмағали екі алақанын жайып:
Бізге бергенің жылытпа,
Жылытпаңды суытпа.
Біздің де үйге барарсың,
Тап осыныңды Дәке, ұмытпа, -деп бетін сипай салады. Мұны естігенде мол денесін селкілдете күлген Дариха апа:
-Ай, тұқымың жайылғыр-ай, мені қатырдың-ау. Өзімнің де обалым жоқ, көшеден сені ертіп кеп, бата сұрап нем бар еді? Дегенмен, мына батаң тамаша екен. Ал, сен бұл батаны кімнен естідің, қайдан жаттап алдың? Бір айтуға жақсы екен, -деп өзінің ризашылығын білдіреді.

Құрманғали Адамқұлов
05 қазан 2020 ж. 742 0