№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Періште босату" ойыны

"Періште босату" ойыны


Қуаңдарияда тұратын кезіміз. Өзімнен 4 жасы кіші інім - Досжанның 4-іншіні, одан кішірек немере інім Ерланның 2-іншіні бітірген кездері. Жазғы каникулда бұл екеуі тал түсте үй көрмей, таңғы астарын ішіп алып, үйдің артындағы қалың жыңғыл өскен сайға кіріп кетеді де, кешкі қас қарайған уақытқа дейін сонда ойнайды. Қолдарында бір-бір шыбықтары болады. Жұмыстан келген адамдардай, түскі ас уақытында бет-ауыздары шаң-шаң боп, қолдарында бір-екі кесірткесі (кейде бат-бат әкеледі), көздері жылтырап тауық кепеге қарай бұрылады. Одан тауықтарын өлі кесірткелерге тойдырып, қол-аяғын жуып, түскі астарын ішеді де, жыңғылдың арасына қарай қайтадан кетіп бара жатады. Әжем:
-Әй, тал түсте су да тынады, күрелі есектей болып (Досжан ірі денелі де, оның белуарынан ғана келетін Ерлан шіңжәулау болатын) сендерге бір дамыл жоқ екен, қайда барасың түге?! - деп жатады. Оған құлақ асатын бұлар ма:
-Әже, қазір келеміз,-деп кете береді. Сонда ана "р"-ға тілі онша келе бермейтін Ерлан інім кетіп бара жатып:
-Әже, біз пеғіште босатуымыз кегек!-деп қояды). Сөйтіп шаңқай түсте тынбайтын Шаңқайдың екі "қаһарманы" сайға қарай құлдырап, қалың жыңғыл арасына сүңги жөнеледі.
-Адам-ау, бұлардың Періште босатқаны қалай? Жыңғылдың арасында қатын, бала-шағасы бар ма осы екеуінің, шіркіндер? - деп әжем күбірлеп қала береді.
Сондағы "Періште босату" ойындары мынау екен: сайдағы қалың жыңғылдың арасы толған жылан, оларды балалар өлтіріп, тастап кетіп жатады. Соларды ылғи Көкем көріп жүретін болса керек және көрген өлекселерді міндетті түрде көміп жүреді. Мына Досжан мен Ерланның шыбықпен кесіртке не жылан өлтіруші "Шаңхайский браконьерлерге" қосылып жүргенін байқаған Ол Кісі бұларға мынадай әңгіме айтып беріпті:
- Жыландардың әрқайсысын бір-бір Періште күзетіп жүреді, сондықтан Құдайдан бұйрық келмейінше олар Адамды шақпайды, реті келсе тиісуші болмаңдар. Ал өлген Жыланды қорушы Періштенің жұмысы он есеге артады. Себебі Ол өлексеге шыбынның қонбауын қадағалайды, ал қара шыбын болса көп, қаптап қонып, Періштенің жұмысын көбейтіп жібереді. Өлексеге қонған шыбындар Адамдарға індет таратады. Сондықтан, өлген жыланды көмсеңдер, Періштелер қарауылдықтан босап, Сендерге рақметін айтып, ұшып кетеді, - дейтін көрінеді. Ал мына біздің екі "қаһарман" сол балалардың өлтіріп кеткен жыландарын көмумен айналысады екен.Тауып алып, көмсе "Бір Періштені босаттым"- деп, мәз болып қалады екен)). Кешке келіп, неше Періште босатқандарын Көкеме жарыса айтып, мақтанып жатады. Көздерінде мейірім нұры ойнап, Көкем екеуін мақтап жатады. Әжем болса:
- Осы шалдың балдарға айтпайтыны жоқ екен. Жыңғыл арасына жұмсап жүр ме сонда? Жылан шағып алар бір күні, - деп күбірлеп отырғаны...

Ләйлә Құндақбай
14 мамыр 2020 ж. 709 0