№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Кредитке келген келін (Болған оқиғаның ізімен)

Кредитке келген келін (Болған оқиғаның ізімен)

Таяуда бір туысымыз келін түсіріп, ұлан-асыр той жасады. Шақырған соң барғанбыз. Көліктен түсе бергенімізде шулаған жас­тардың дауысы естілді де, артынша ұзын ақ лимузин мен қаздай тізілген аппақ алты джип келіп тоқтады. Іле-шала жастар бірінен соң бірі түсіп, отшашулар ат­қылай бастады.
Аппақ көйлек киген қалыңдық пен өте қымбат тұратын смокингтегі күйеу жігіт маған сондай сүйкімді көрінді. Той өте жақсы өтті. Әнші-бишілердің түр-түрін шақырыпты. Қымбат гонорар сұрайтын екі асаба, эстрада жұлдыздарының біреуі емес, бірнешеуі жүр. Бірі тойдың басында асығыс екі-үш ән айтып кете барса, екіншісі ортасында келді, ал аяқ жағында келгендері тіпті бір әннен кейін-ақ жоғалып кетті. Бірақ оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Ал дастарханда ине шаншар бос орын қалмаған. Шоколадты субұрқақ та, «Жеміс-жидек мұнарасы» да осында. Оған өз алдына бөлек тұрған қабат-қабат етіп әзірленген үлкен тортты қосыңыз. Іштей тойға қанша қаражат кетті екен, қонақтардың «конверттері» сол шығынды жаба ала ма деп ойланып отырмын. Күйеуім болса, басын шайқап: «Мыналар ақшаны басып тастаған екен ғой», – деп тамсанды. Тойдың ертесіне туысымның үйіндегі жеңгей құдалары мен дос-жарандарына «Құдайға шүкір» беріп жатқанын айтып, бізді де шақырды. Барсақ, үйлерін әдемілеп безендіріп тастаған, дастархан жайнап тұр. Кішігірім той болып жатыр тағы да. Іштік, жедік, би биледік, әзіл әңгімелер айтылды, тілектердің де тығыны ашылды. Үлкендер үлкен залында, жас жұбайлардың дос-жарандары кіші залда думандатып, екінші күнді тағы той тойлаумен өткізген едік. …Жақында жеңгем қоңырау шалып, үйіне шақырды. Телефондағы үні құмыға шығып, әзер сөйлеген соң уайымдап жетіп барғанмын. Жеңгем жылап отыр екен. «Тойды шамамызға қарай жасайық дегеніме ұлым көнбей қойған еді, – дейді ол – Жұрт қалай өткізіп жатса, тура солай етіп жасайық деп қитығып отырып алды. Келінімнің де ойы сол екен. Қысқасы, ұлым банктен үйді кепілдікке қойып, 3 миллион теңге несие алдырған болатын. Ал тойға түскен ақша кеткен шығынның жартысын да жапқан жоқ. Енді бәріміздің жалақымыз кредитке кетіп жатыр. Базардағы бір танысыма жағдайымды айтып, азық-түлік пен үйге керек ұсақ-түйек заттарды алып жүрген едім, бүгінде оған қарызымыз да 100 мың теңгеден асып кетіпті. Қайтара алмай жүр едім, жаңа үйге іздеп келіп, ит терімді басыма қаптап кетті. Айтпаған сөзі жоқ: «Бүйтіп бишара болатының бар, кредитке неге келін аласың?!» – дейді маған. Мен келінді кредитке алған жоқпын, тойды кредитке жасадым десем, түсінбейді». Мен жеңгейдің соңғы сөзіне еріксіз күліп жібердім. Ол маған жақтырмай қарап: «Сен де күліп отырсың ба?!» – деп ашуланып қалды. Не керек, ол менен қарызға ақша сұрап, мен қалтамда барын беріп, үйге қайттым ғой. Кейін осылар банктен несие алып жатқанда соңынан осылай қиналатындарын неге ойламаған деп таңқалдым. «Ұлым қоймады» дейді. Баласы өмірдің ащысының дәмін татып көрмеген сарыауыз балапан емес пе? Кейде осы біз ата-аналар балаларымыздан ештеңе аямаймыз деп қиындықты өзіміз тудырып жүрген жоқпыз ба? Сіздер қалай ойлайсыздар?
М. ҚУАНЫШБАЕВА,
zamana.kz

05 мамыр 2020 ж. 1 072 0