№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Еден жуушының хаты және түпсіз ой...

Еден жуушының хаты және түпсіз ой...


8 наурыздың алдында күйеуім бір күн бұрын базарда күзетші болып жұмыс істеп жүріп, мәшиненің қасынан кошелек тауып алады. Өйтіп-бүйтіп егесін іздестіріп, кошелегын қайтарып береді. Жасы елуге жақындап қалған еркек екен. Күйеуіме алғысын айтып, қолына 50 000 теңге ақша береді. Сол күні қуанғанымызды көрсеңіз ғой. Пәтердің ақшасын төледік те, ол маған: «Жаным, оңай жерден келген ақша ғой, сен мына ақшаға үстіңе бір көйлек алып киіп, салонға жұрттың қатындары сияқты барып әдеміленші» деді. Әйел емеспін бе, қуанып кеттім. Өмірімде бір салонға барып ақша жаратпаппын. Үй- жұмыс, одан қалды бала-шағадан тапқан ақшамыз артылмайды. Содан ертеңіне базарға барып үстіме көйлек алайын деп шарқ ұрдым. Ұнамады ешқайсысы. Болмағаннан соң жанындағы Адемге барып, ұнатқанымды алайын дедім. Мерекенің алды болғаннан соң, Әйел деген көп. Бір кезде менде әдемі көйлекті киейін десем, сатушы қыз үсті-басымды сүзіп қарады да: «Қайда барасың?» деп ұрсып сала бергені. Тосылып қалдым да: «Мынаны киейін деп едім» деп күмілжідім. «Ол қымбат көйлек! Ақшаң жетпейді! Лучше не мешайте нам!» деп қатты сөйледі. Тамағыма бір нәрсе кептеліп қалғандай болдым да, үндемей есіктен шығып кеттім. Тағы бір бутикке кіріп ұнатқанымды алайын десем «Бұл турецкий, бір тиын түсе алмаймын» деді менсінбей қарап. Салым суға кетіп салонға бардым. Ең құрығанда күйеуімнің берген ақшасына тырнағымды түзеп, шашымды бояйын десем, салондағылар маған үрке қарайды. Үстімдегі тозығы жеткен пальтома менсінбей: «Бүгін біздің қыздар бос емес!» деп дүңк еткізді.
Сән салонынан шықтым да, өксіп-өксіп жылап жібердім. Үйге келіп, балаларым алдымнан шыққанында барлығын ұмытып кеткендей болдым. Күйеуім: «Қане, көрсетші көйлегіңді» деді көздері бал-бұл жайнап. Мен: «Қойшы сол көйлекті, онанда бұл ақшаны ырымдап ұстайық» деп жымиып қана күлдім. Ертесіне екеуміз алғаш рет балалармен бірге киноға бардық. Жұрт секілді мәз болып қайттық.
Енді қазір карантиннің кезінде жұмысқа бара жатқанымда сән салондарының жанынан өтіп бара жатып, өлі тыныштықты көремін. Көремін де, іштей: «Е, Алла, бар екенсіз ғой, бәрімізді теңестірдің ғой, Қазір бұлар үйлерінде жұмыссыз отыр. Ал менің еден жуушы болсам да, жұмысым бар. Алла осы балаларымның несібесінен арылта көрме?!» деп күбірлеп өтемін.
Айтпағым, өмірімде ең бірінші рет карантинің кезінде өзімді Адам секілді сезініп жүрмін. Сіздің постыңызды оқып отырып, ішіме сыймай айтқаным ғой. Күйеуіме айтамын: «Әне, көрдің бе, бізді журналистің өзі жазып жатыр. Бізсіз мына бизнесмендер мен байлар өмір сүре алмайды. Біз - Халықпыз!» деп.
Осы хатты оқығанымда ауыр күрсіндім. Оқырманымның орнына өзімді бір сәт қойып көрдім. Расында талай рет байқадым қымбат бутиктердегі әйелдер ауылдан келген адамдарды менсінбей, мұрын шүйіріп қарайды. Сән салондарында да кібіртіктеп тұрған ауыл қыздарын көремін. Бізде кейбір сатушылардың деңгейі өте төмен.
Атақты Мэри Кей туралы кітапты оқыдым. Сонда Мэри Кей көптен бері жинаған ақшасын алып көлік сататын салонға кіреді. Кіреді де, өкініп жылап шығады. Себебі, ол көлік салондағылар мысқылдап күледі оған. Жылап тұрғанында көзіне сонау жерде тұрған Мерседес орталығын көріп, имене кіреді. Алайда ондағылар күліп қарсы алады. Сонда Мэри Кей: «Егер байып жатсам, тек Сіздермен ғана жұмыс жасаймын» деп серт береді. Кейін байығанында уәдесінде тұрып тек осы көлікпен келісім-шартқа отырады.
Бүгін Сіздер, бизнес саласындағылар: еден жуушыны менсінбейсіздер, ертеңгі күні дәл сол адамның алдына барып жұмыс істеулеріңіз бек мүмкін. Өмір - алма-кезек.
Иә, бұл карантиннен біздің Қазақ елі емес, әлем болып оқшауланып отыр.
Расында осы карантиннің арқасында біраз нәрсеге көзіміз ашылғандай.
Даңғаза-шу концерттер мен тойларға ақшаларын суша кетірген қарапайым халық ендігі кредит алып, жұрттан қалмаймыз деп аласұрмайды. Тойсыз да күндердің өтетінін және әншілердің концертінсіз өмір сүре алатынын білгендей болды.
Иә, бұл карантин - көпке сабақ болды. Аспандап кеткен бизнесмендер жерге түсті. Олар - мына қара халықсыз ешкім емес екенін ұқты. Олар - ендігі тойханалар мен сауда-саттық орындарының түкке қажеті жоқ екенін түсінгендей.
Иә, бұл карантин - мұғалімдер мен дәрігерлердің ең керек жандар екенін білдірді. Қит етсе мұғалімді жамандап шығатын ата-аналар ұстаздың қадірін түсінді.
Сондай-ақ, бұл карантин - қалаға қарай жүгірген қазақтардың ауылды аңсап, сағынғанын көрсетті.
Бір сөзбен айтқанда, Жаратқан Ием: «Егер сендер тәубеге келмесеңдер, барлықтарыңды көзге көрінбейтін бір вирусқа тәуелді етемін» дегендей болды.
Бүкіл әлем осылай отыр...
Табиғаттың қадірін түсінді.
Ең ар жағы зоопаркте темір тордың ішінде аласұрған аңдармен Адамды теңестірді. Оларға қандай қатыгездік көрсеткенімізді сезгендейміз. Еуропа зообақтағы хайуандарды шығаруын талап етіп жатыр. Олардың орны - жазық дала.
Дәл қазір біздер карантинде отырып, тіршілік иесіндегі ең жауыз «біздер» екенімізді білдік.
Білмеймін Сіздерді...
Өзімнің ойым өзгерді. Сабырға келе бастадым. Жақсы мен жаманды айыратын күйге жеттім.
Соңғы кездері өз басымнан өткен оқиғаларды ой елегінен өткізіп, бұрыс емес жасаған жерлерімді дұрыс етуге тырысудамын. Ренжіткен адамдарымды кешіріп, өкпемді босаттым.
Бірақ, кешіріп қойыңыздар, қиналғанымда сатқындық пен опасыздық жасаған пенделерді кешіре алмайтын секілдімін. Оларды бір Алланың құзырына тапсырдым.

Иә, бұл карантин - қай дінді ұстанған екеніңді талғамайды. Барлық дін өкілдерін де, ұлттарды да теңестірді. Біз бәріміз вирустың алдында бірдейміз.
Сенің ақшаң көп пе, жоқ па, бұл вирус қарап жатқан жоқ.

Тек осы Рамазан айында мейірімділік танытып жүрсек болды.

Бибігүл Дәулетбекқызы
29 сәуір 2020 ж. 1 004 0