№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қойшының мехнаты

Қойшының мехнаты


Кең жазыққа қарай өрілген отарды дөң басында қырандай қырағылықпен бақылап тұрған қойшы көзге ұрынды. «Е, бұл Тоқболаттың Ержігіті ғой» деп таныстырды жол бастап келе жатқан Әлекең. Қойшы бізге қарай аяқ басты. Амандық-саулық сұрасты. Жөн сұраса келе, «қойшылардың бір күнін» жазуға келген менің шаруама миығынан бір күліп алып, «әй, сендер біздің бір күнімізді қалай елестетесіздер?» өзімді сұрақ астына алды. Қапияда қойылған сұраққа мардымды жауап болмаған соң, Ержігіт өзін қойшылық кәсібінің құпиясын аша түсті.

Ержігіт әкесі Тоқболат та, атасы Әніш те елге танымал қойшылар. Кеңестің қылышынан қан тамған заманда 100 бастан 110 бас мал өсіріп, алыс-жақын аймаққа үлгілі қойшы атанған. Міне, сол ата кәсіпті Ержігіт жалғап, өз отбасымен еңбек етуде. Алған жары жоғары білімді дипломы бола тұра, ата кәсіпті құптап, жазы жайлауда, қысы қыстауда өтуде. Желдің өтінде жүріп жеті құрсақты көтеріп, қорасы қойға, отбасын шаранаға толтырып, шадыман шаттық өмір сүруде. Үлкен екі қызы тұрмысқа шығып, ұлдары үйленер шаққа жеткен Ержігіт құдаласуға сақадай сайланып жүр.
Қойшылар ұлан ғайыр жердің ғаламатын көріп, тылсым табиғаттың құшағында жүретіндей көрінгенімен шын мәнінде мойынға артылған жауапкершілік жүгі ауыр. Мұны, ерте көктемде «көксау» болған 100-ге жуық қойға ем-дом жасап жүрген қойшының әрекетінен аңғардық. Көксау індетіне ілінген қойларды бөліп алып, біртіндеп екпе егіп, тіліне дәрі тамызып жатқан оның бойында шаршауды көргендей болдық.
Қазан басында асқамданып жатқан Гүлдариға жеңгей қойшылар туралы қызықты айтып берді. «Өткен жылдары осы Сыр бойында ұсақ малға аты жаман ауру келіп, тоқты біткен топалаңға айналды. Ол кездегі малдың басы 3 мыңдай еді деп бір әңгіменің басын бастады.
Сол көктемде малға пастереллез тиіп, елде 200 мыңға жуық ұсақ мал бір аптада қынадай қырылып қалғанын-ды. Осы дерт Ержігіттің де қорасын теріс айналып өткен жоқ. Жақын туысына айырбас жасап, қорасына қосқан 6 шұнақ қойдың кесел болып келгенін байқамаған еді. Сол алты қой алты күннің ішінде отар қойдың ойранын шығарып, сансыз шығынға батырып, қораны қаңыратып тастады.
Күн сайын көз алдында қырылып жатқан қойлардың аянышты халі Ержігіттің сағын сындырып, шарасыз етті. Ауданнан, облыстан алдырған дәрігерлер де дәрменсіздік танытып, бүкіл инекцияны салып көргенімен індетті ауыздықтау қиын. Бір аптадан бері ойы сансаққа жүгіріп, не ас не ұйқы көрмеген отбасы күңіренген қарашаға айналды. Гүлдариға Жаратқаннан жәрдем тілеп, жеті шелпегін таратты, дұғада болды. Құдайдың құдіреті болса керек-ті, сол күні түсінде бір ақсақалды қарт аян беріп, «Әулие бұлаққа» малыңды суар деген көрінеді.
Көзін ашса, таң атып қалыпты. Ержігіт ояу жатса да, күндегідей мал жайғауға құмбылдық танытпаған соң, алтын құрсақты жеңгей малдың басын «Әулие бұлаққа» бағыттайды. Күн ұядан көтеріле бере діттеген жерге келіп, тыныстай бастады. Санаулы қалған малды бұлақ суына малтып жатты. Түске жақын ұл Ерген «апатай мұныңыз не? Әкем уайымдап жатыр. Мені оятып ертіп алсаңыз болар еді!» деген еді.
– Алтыным-ау, мен бірінші рет қой бағып жатқан жоқ шығармын...
– Апа, малды қайтесіз, онсыз да қырылып бітуге шақ тұр...
– Әй, тіліңді тарт. Жамандық шақырма! Осы сендерге қашанғы айтам, індетті шақыруға болмайды деп. Сөзді қой да қойды малтуға көмек бер, кәне, жігіт болғаныңды көрейін.
Түс ауа малдың басын қойшы ауылға бұрып, өздері келгенше тау пиязын дорбаға толтырып, қызыл шеңгелдің діңгегін жинап келді. Қораға жақындап, қойдың алғы шебін иіріп тұрды. Дереу қораға кіре сала енесінен үйренген дәстүрмен, табаға қызыл шоқ салып, адыраспанды көктүтін етті. Қою түтін арасында күбірлеп, бар дұға-тілегін айтып, аластап жатты. Аластап болғаннан кейін қойдың жеміне тау пиязын ұсақтап турап қосып берді. «Ем болсын» деп малды жамырата бастады.
Ертесіне мал «сіресуі» тиылып, індеттің беті бері қарай бастады. Иін далада маңырап жүретін отардан 300-ге толмайтын бас қалды. Осыған да қанағат еткен қойшы «Жан нәсіп, Жаратушы нәсіп еткен ырзық осы болар. Құлыншақтарымның садағасы» деп жақсылыққа үміт арттып отыр. Пұшайман күй кешіп те, шалқып шаттанудың да шегі болатынын сол күннен бері жақсы түсінген қойшы жалған дүние қу-у-у бекершілік екенін түсінді. Содан бері тек өзінің шамасы жетерлік мал ұстауды жөн санапты.
Осындай қиын сәтті сөз етіп болғанша ас та дайын болды. Аядай ғана бөлмеде жанға қажеттінің бәрі бар. Төрде өткен жылы «Малшылар следінде» Ауылшаруашылығы министірінен алған «Алғыс хат» ілініп тұр. Бұл – күн ұзақ қойдың артында жүретін Ержігіттің еңбегі еленгенін көрсететін бір парақ қағаз.
Ержігіт ата кәсібін ендігі жерде өз ұлдары жалғайтынына бек сенімді. Себебі «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей тұрмыстағы қыздары да қойшылар шаңырағын тұтатып, ұядан көрген тәлімін көрсетуде. Ал ұлдары әкесіне жәрдемші, анасына тірекші. Біз санаулы сағат көзбен көрген қойшылардың өмірінен қандай кәсіп етсек те шынайы сүйіспеншілікпен еңбек ете білудің маңыздылығын сезгендей болдық.

Мақпал МАРҚАБАЙ
15 сәуір 2020 ж. 1 081 0