№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Олар оралған жоқ

Олар оралған жоқ

   "Жаңақорған тынысы" Гитлерлік неміс фашистері бастаған соғыстың екінші жылының күзі. Майдандарда қиян-кескі шайқастар жүріп жатты. Бомбалаушы оңтүстік аудандарға қарай өрлене ұмтылды. Ел тағдыры үшін барлық күш жұмылдырылған осы ызғарлы кезеңдегі 14-қазанда ауданымыз жұртшылығы, құрамы 29 боздақтардан құралған төл перзенттерін Отан қорғауға аттандырған еді.

   Түрікменстанның Теджен қаласына жөнелтілген жауынгерлердің тізіміне аудандық әскери комиссар Шаравиннің қолы қойылған. Аудандық әскери комис­сариаттың архивіндегі осы тарихи құжат №404 с цифрімен тіркеліп есепке алынған. Зерттеулерде анықталғандай, Теджен қаласында жасақталған №98 әскери бригада 0,5 ай дайындықтан соң желтоқсанның басында Сталинград майданы шебінде ұрысқа қатысады. Бара жолда Ташкент қаласындағы аялдауда 2 кісі эшалоннан қалып қойғандықтан бригада құрамында 27 жауынгер жер­лестеріміз қалған еді.
  Сол кезеңде майдандардың қалып­тасқан жағдайлар өте күрделі болатын. Оңтүстік Батыс, Дон және Сталинград майданы әскерлерінің 19-23 қарашадағы бірлескен шабуылы операциясы нәти­жесінде қоршауға түскен өздерінің №6 және №4 танк армиясы тобын құтқаруға немістер жанталасып бақты. Осы мақсатта фельдмаршал Манштейннің басқаруында 30 дивизияда астам әскерлері бар «Дон» армиялар тобы жасақталды. Екі үлкен топ: Котельниковский және Термо­син аймақтарына топтастырылған неміс әскерлері 12-желтоқсанда қоршау­дағыларды құтқару үшін шабуылға шық­қан. Жағдай 20-желтоқсанға қарай барынша шиеленісе түсті. Фельдмаршал Манштейннің танк дивизиялары аса зор шығындарына қарамастан Мышково өзені алабындағы Верхне-Кумский хуто­рына келіп жетті. Ол жерден құрсауда қалған фельдмаршал Паулюс басқарған әскерлеріне дейін небәрі 45-50 шақырым қалған еді.
Автор В.Коротеев өзінің «Сталинград құрсауы» атты шығармасында «Генерал Малиновскийдің гвардиялық дивизиялары бөлімдері өте қысқа мерзімде 200 шақы­рымдық адам нанғысыз жорық жасап 15 желтоқсанға қарай-ақ, Громославка-Ивановка-Каптинский шебіне келіп жетті. Ал 24 желтоқсанға қарай бар­лық күштерімен белгіленген ауданға орналасты. Осы жағдай Манштейн тобы әскерлерінің майдандағы тағдырын шешті. Немістер 12-24 желтоқсан аралығында Верхне-Кумкий маңында 300 самолеті, 500 танкі, 376 зеңбірек атыс құралдары, 1000 автомашинасы мен 17000 әскерінен айырылды» деп жазды.
Немістердің осы Кательникова тобын жою операциясы басталарда құрамында жерлестеріміз соғысқан дивизия жайлы екінші автор полковник А.В.Егоров өзінің «В.Донских степьях» атты мемуарлық естелік кітабында төмендегіше еске алған:
  «Полковник Серегин командашысы болған дивизияның оң қанатындағы №70 атқыштар полкімен қоян-қолтық Чуфаров батальоны, сол қанатындағы №166 атқыштар полкімен Амосов батальеоны танкілері, ал ортада дивизияның артиллерия полкі» соғысқа түскені автор арқылы егжей-тегжейлі баяндалған (М, 1988, 44-б). Үш майдан әскерлері бірлесе қимылдаған осы соғыс операциясы барысында аман қалған жау әскерлері бөлімдері 200-250 шақырымға жуық батысқа қуып тасталған.
  Тізімдегі боздақтарымыздан «Тақыр­көл» ұжымшарынан аттанғандар Иімбетов Өтеп және Жұмахметов Оразгелді, Воро­шилов ұжымшарынан шыққан Мелдебеков Керімқұлдар осы қиян-кемкі шайқастар кезінде ұрыс даласында қазаға ұшыраған.
Отан соғысының шешуші 1943-жылы басында ұйымдастыру-құрылымдық өзге­рістері жасалып, №2 гвардиялық армия бөлімдері шабуылдаушы Оңтүстік майданы әскерлері құрамында Батайск, Постов, Тихорлик бағытында ұрыс қимылдарын жүргізген. Кавказ бойына өткен өткен неміс әскерлері тылына шығатын стратегиялық маңызы бар болғандықтан, осы шайқастар аса кескілескен ұрыс жағдайларында өткен. Мәліметтерге қарағанда, мотоатқыштар құрамындағы жерлестерімізден «Горняк» артелінен аттанған Байзахов Байбөрі және «Ынтымақ» ұжымшарынан Құтпанбетов Баймахан 1943-жылғы 17-қаңтарда Ростов облысының Сольскі ауданы жерінде, ал «мәдениет» ұжымшарынан шыққан Бәйімбетов Қоқыжан да осы күндері ұрыс даласында өткен шайқастарда қаза болған. Боздақтардың №404 с тізімінде 6-шы жазылған Көбекбаев Қалтай 1943-жылғы 29-қаңтардағы шайқас кезінде қаза тауып, Ростов облысының Новый Маныч селосы маңында, ал Жайылма ұжымшарынан шыққан Шоханов Дәуренбек одан әрідегі Самбек селосы маңындағы шайқас кезінде мерт болып, 18-ақпанда сол маңда жерленген. Жарақаттанып елге оралған, ұзақ жылдар Төменарық кеңшарында шопан болып, абыройлы жұмыс істеген Сүттібаев Ермахан қарт әңгімесінде соғыстың сол күндері жайлы төмендегіше еске алған еді. «1943 жылы қаңтар айында әскерлер құрамында Ростов қаласы бағытындағы шабуылдарға шығып, ұрыстарға қатыстық. Көп жағдайда неміс самолеттері бомбалауына ұшырап қалатынбыз. 17-қаңтар 1943-жылғы шабуылымыз кезінде ауыр жарақаттанып, жерге құлап түсіппін. Есімді жинасам, әскери гопитальде жатыр екенмін. Госпитальде жарақаттанып түскен Балтаев Төреқожаны кездестірдім. Екі ай шамасы емделген мені әскери дәрігерлік сараптама комиссиясы шешімімен ауылға қайтарды. Майданға бірге барған жерлестердің одан арғы тағдырларынан хабарсызбын. Бірқатары: Сопбеков Байгенже, Байниязов Нұртай, Мауленқұлов Самиддиндерді келгеннен кейінгі күндері кездестірдім. Олар жарақаттанып ауылға оралыпты. Майданда қалғандар арасында сенің ағаң Сарсембай да болатын.
Отан соғысындағы Ұлы жеңіске алғашқы бет-бұрыс болған аталған шай­қастарға қатысқан №98 бригада құрамында, жерлестерімізден өзге, Сырдария ауданынан жасақталған боз­дақтардың үлкен тобы да болғаны белгілі. Бригада генерал-майор И.И.Миссан басқарған 1-гвардиялық атқыштар корпусы құрамында генерал-лейтенант Р.Я.Малиновскийдің №2 гвардиялық армиясы тобында соғысқан. Осыған дейін Жоғарғы бас Ставканың резервінде болған олар, қоршауда қалған генерал-фельдмаршал Паулюстің №6 және №4 танк армиялары әскерлерін өзге жау күштерінен бөлген сыртқы майдан белдеуі шебінде, басқа армия құрамаларымен бірлесе ұрыс қимылдарын жүргізген.
«Жаңажол» ұжымшарынан шыққан Бейбітов Бәкір №127 атқыштар диви­зиясында соғысып жүріп, 2-тамызда Ростов қаласы түбіндегі ұрыстар кезінде қаза тапқан. Боздаққа Куйбышевское селосы маңындағы ұрыс даласынан топырақ бұйырған. Аталған ірі шайқастар жайлы маршал Р.Я.Малиновскийдің «В большом наступлении» атты мемуарлық естелік кітабында кеңінен сөз болған. Майданда қалған жерлес жауынгерердің Курск доғасындағы қиян-кескі шайқастарға, Донбасты және Харьков қаласын азат ету соғыстарына қатысқандары мәлім. Күзге қарай, олар Днепропетровкіден Запарожьеге дейінгі аралықтағы майдан шептерінде шабуыл жүргізген, әскери құрамалар сапында жеңіске жол ашқан олардың бірқатары қазаға ұшыраған жарақаттанып елге оралғандары да болған. «Ынтымақ» ұжымшарынан майданға аттанған Қожабаев Қуатбек атқыш ретінде соғысып жүріп, 1943-жылғы қыркүйек айында Брянск қаласы үшін болған шай­қаста хабарсыз кеткен. Боздақтың әйелі Жадыра жас баласы Ниетәлімен кезінде Талап аулына барып қоныстанған.
Сондай-ақ, Жаңарық ауылынан шық­қан Мырзаев Ибрагим атқыш ретінде соғысып жүріп, 1943-жылғы 4-қазанда қаза тапқан. Ол, Запарожье облысының Большой Токманск ауданы Тигентаген селосының оңтүстік батысында жерленген.
Ал, хабарсыз кеткен деп есептеліп келген менің ағайым Аманбаев Сарсембай жайлы мәліметтер ұзақ ізденістеріміз нәтижесінде 1976 жылы мәлім болды. КСРО Қорғаныс министрлігінің Педольск қаласындағы орталық архивінің №9 бөлім бастығы подполковник Голубевтің 31-мамырдағы №161221-хаты бойынша 15-гвардиялық мотобригаданың 1 мотоатқыш батальоны жауынгері Аман­баев Сарсембай 25-қараша 1943-жылы шайқаста қаза болған, Запарожье облысының Большая Белорезка (қазіргі Великая Белозерка) селосында жерленген. (Осы жайлы «Боздақтар» кітабының 338-бетінде мәліметтер берілген. А 1997 ІV-том, 338-б)
Еске алар жайт, отан қорғауға 14-қазан 1942-жылы аттанғандардың №404 С тізіміндегі 13-ретте жазылған. Бірлік жерінде 1904-жылы туылған Шектібаев Тайжан №98 бригаданың 127-дивизиясы №549-полкінде соғысып жүріп, 1943-жылғы 2-тамызда Ростов облысы Маныч-Сольскі ауданы жеріндегі шайқаста қаза болғаны, Куйбышевскее селосы батысында жерленгені жайлы әскери мәліметте жазылған. Әйтседе, Бірлік ауылында тұратын қызы Ұлтуардың айтуынша, әкесі 1947-жылы аман-сау ауылға оралған. Отбасындағы әйелі Зейнеп екеуі ұжымшарда шопан болып абыройлы жұмыс істеген. Ол, 1962-жылғы қаңтарда науқастанып, өмірден озған. Соғыстан оралған соң қызы Разия және баласы Шаттықтар өмірге келген.
Соғысқа аттанғандар тізіміндегі №24 «Бөртескен» бекетінен шыққан Нұрымбаев Асқардың 1943-жылғы ұрыс даласынан кейінгі тағдыры белгісіз қалса, Бірлік ұжымшарынан шыққан Елкеев Қаушеннің Магилев қаласы маңындағы 1944-жылғы ақпандағы шайқастан соң хабарсыз кеткені жайлы мәліметтер бар. («Боздақтар», А., 384, 420, бб).
«»Бірлік колхозынан шыққан 1908 жылы туылған Ақабаев Жұмабек Краснодар қаласы маңындағы шайқаста хабарсыз кеткен. Ал, тізімдегі 17-ші жазылған Қожаев Жалыбай 1905-жылы туылған, Жайылма ауылынан аттанып ГЬАД құрамында атқыш ретінде соғысып жүріп, 1944 жылы 2 ақпанда Днепропетровск облысы Софиевск ауда­ны Константиновка селосы үшін болған шайқастан кейін хабар-ошарсыз кеткен. Тізімдегі 29 әскери міндеттілердің командасына басшы етіп тағайындалған, 1905 жылы Екпінді колхозында туыл­ған Ахметов Шабдан 1943-жылғы 17 қаңтарда Ростов облысындағы Нижний Маныч селосы маңындағы шай­қастан кейін хабар-ошарсыз кеткен. Ескеретін жағдай, тізімдегі 21 реттегі 1904 жылы «Ынтымақ» ұжымшарында туылған Бименбетов Көкежан, 7 реттегі «Ынтымақ» ұжымшарында 1902 жылы туылған Жолшыманов Али, ІІ-реттегі «Келінтөбе» ұжымшарында 1902 туылған Сартбаев Садық, 25 реттегі 1902 жылы туылған жері анықтап оқуға келмейтін Жакипов Мұқаш, 26 реттегі «Мәдениет» ұжымшарында 1902 жылы туылған Шокиев Ахметтер туралы «Боздақтар» кітабында немесе аудан орталығындағы боздақтарға арналған монументті ескерткішінде мәліметтер жоқ болып шықты. Оның себептері жазбаларды орындаудағы түпнегіздегі қателік немесе сауатсыздық, салғырттық болса керек.
Отан соғысына қатысып, елге аман оралған ардагерлерді халқымыз болып құрметтеп ардақтағаны заңдылық. Олар үшін мемлекет көптеген ардақтағаны заңдылық. Олар үшін мемлекет көптеген тұрмыстық жеңілдіктер, бағалы сыйлықтар мен марапаттаулар, немесе т.б. қолайлы жағдайлар жасағаны анық. Сондай-ақ, отан қорғау жолында жауға қарсы қаһармандықпен шайқасып, жан пида еткен боздақтарымыздың ел үшін жасаған еңбектері де өлшеусіз зор екендігі де даусыз.
...Төменарық станциясында теміржол төселімінің биік тұсына шығып, ашық күнгі түс ауған шақта солтүстік шығыста 4-5 шақырымнан анық көрінетін «Тақыркөл» ұжымшары жеріндегі құм төбешіктеріне зер сала көз тоқтатамын. Ия, майданнан қайтпаған жалғыз менің ағайым ғана емес, соғыс құрбандары аз болмаған. Соның бірі Төменарықтан шыққан рота командирі Кеңес Одағының батыры Романов Александр соғыс аяқталуына 3 күн қалғанда, Берлин көшелеріндегі шайқаста ерлікпен қаза тапқанын да есіме алып шүкіршілік етемін.

Жазұзақ АМАНБАЕВ,
ІІМ-нің «Құрметті ардагері»,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі



14 сәуір 2020 ж. 601 0