№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сазда өскен сары қауын

Сазда өскен сары қауын


Сол жылы «Төменарық» шаруа­шылығының орталығындағы интернатта оқитын едім. Жазғы демалысқа шығып, Қызылқұмның жиегіндегі «Байкенже» ауылына келсем, үйде атам ғана қалыпты.
– Бір аптадай тынығып ал. Сосын, «Ақ шығанақ» көлінің жағасына қоныстанған жылқышыларға барамыз, – деді атам. – Оған дейін қауынның шопағын дайындап қояйық. – Көлдің бергі жағы дариямен тұтасып жатқан қалың тоғай ғой. Қауын өсіретін ыңғайлы жер жоқ сияқты, – дедім.
– Әзірше құпия. Барған соң көрерміз...
Күткен уақыт та келді.
Қашықтығы он шақырымдай жерге жорға атқа мінгесіп жеткенімізде, сонадайдан екі киіз үй көрінді. «Мұның қайсысы біздікі екен?..» – деп тұрғанымда біреуінің есігінен әке-шешем шығып, бізді қарсы алды.
Ертесіне шопақты суға жібітіп, кешкі салқын түсе бастасымен-ақ дария ортасындағы кішігірім аралға қайықпен жүзіп бардық.
Жерге табан тірегенімізде:
– Мына аралшаның ортасы әдейі жасап қойғандай суы бар қазан шұңқыр екенін бұрыннан білетінмін. Міне, назар салып қарап көрші, жиегін жыңғыл қоршаған. Енді соның сазына шопақты егеміз.
Шопақ егу дегеніміз анау айтқан қиын іс емес екен. Атамның айтқанымен сазды топыраққа сұқ саусағымды тығып жібердім де, құмдауыт шұқанақтарға екі-үш шопақтан тастай бердім. Ұялардың арақашықтығын бір қадамдай етіп, егіп болған соң:
– Бүгінгі тірлігіңе разымын. Осындай еңбексүйгіш жан болып өсу керек, – деді. Қас қарая үйге оралғанымызда, буы бұрқыраған қазаннан піскен етті түсіріп, алдымызда кәрден кесемен қымыз ұсынып отырған шешем:
– Қайда жүрсіндер? – деді сәл ғана жымиып.
Жауап беремін дегенше атамның айтқаны:
– Немереміз екеуміз қайықпен серуіндеп қайттық...
Күндер тағы өтіп жатты. Сұлу Сыр бойының жазғы табиғат аясында жүрген қандай ғанибет! Ересектермен бірге жылқышылардың үйіріне барасың, көлдың шымырлаған суына сүңгіп-сүңгіп алып, күн нұрына қыздырынасың. Әйтеуір, бір ермек табылады. Жалықпайтын сияқтысың.
Бір күні шілденің кешкі саумал самалымен тыныстап, киіз үйдің іргесіндегі керуертте жатқанымда, мұрныма әлде бір жұпар иіс сезілгендей болды. Ойланамын, «Бұл не өзі?».. Есімнен шығып кетіпті-ау, баяғы дария ортасындағы аралға еккен қауын сарғайып пісіп қалғандай әсерленіп, ынтығып барамын. «Шіркіннің дәмін татып, көрер ме еді!..» – дегенімде, тілімнің ұшына сілекейім шұбыра берді. Содан жылыстап ерніме келгендей. Тосыннан:
– Апа, атам қайда? – дереу дауыстап жатырмын.
– Шырағым-ау, соншама неменеге шошындың?
– Қауын пісіп қалыпты.
– Екеуінің сырыңды бұрыннан-ақ сезген едім. Бүгін әбден тынығып әрі ұйықтап ал. Бағана әлде атаң: «Таң атысымен барамыз», – деп айтып қойды.
Сонда білдім, сазға да сары қауын өсіруге болатынын.

Құдірет Рахмет
22 қаңтар 2020 ж. 906 0