№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » «ИНТЕРНЕТСІЗ БАҚ-тың БАҒЫ ЖАНБАЙДЫ»

«ИНТЕРНЕТСІЗ БАҚ-тың БАҒЫ ЖАНБАЙДЫ»

Айдана Шотбайқызы. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің журналисі. Ежелгі Сығанақтың іргесінде туған, жас тілші бүгінде ғасырлық тарихы бар ата басылымда қызмет етуде. Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Айданамен тілдесіп, емен-жарқын әңгімелестік. Қазақ журналистикасының бүгінгі бағыт-бағдарын сөз еттік.


– Қарапайым ғана ауылдан түлеп ұшқан қазақтың қалам ұстаған қарадомалақ қызы ел газеті «Егеменге» қалай келді екен?
– Әуелі әңгіменің әлқиссасын әріден бастасам. Әлі есімде, 16 жасымда М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжіне оқуға түстім. Әрине, тоқсан жылдық тарихы бар оқу орнының грантына түсу – ауыл баласы үшін едәуір жетістік болатын. Бірінші курсты тәмамдап, өзімді кәдімгідей маман сезініп, қалалық шағын газеттің редакторына тура кіріп: «Маған жұмыс беріңіз!» дегенім бар. Елуді еңсерген, білгені көп редактор арқамнан қағып, штаттан тыс тілші етіп қабылдады.
Колледжді бітірген соң, универ­ситеттегі оқуыммен қатар «Ана мен бала» республикалық журналының Қызыл­ордадағы тілшісі болып жұмыс істедім. Екі жылдық жұмыстың нәтижесінен кейін сол басылымның орталық аппаратына жауапты редактор болып ауыстым. Ондағы орта, қарымды қаламгерлер адамды еріксіз шыңдалуға итермелейді. Қысқасы, руханияттың ордасы болған Алматы мен журналда көп ысылдым. Бірнеше жылдан кейін елордаға қоныс аудардым.
Негізі «Журналист көп біледі, бірақ бір нәрсенің түбіне тереңдемейді» деген сын жиі айтылады. Сондықтан журналистика деген жүйріктердің әле­міне қол созғанда белгілі бір бағытқа бейімделуді, ұңғыл-шұңғылын жетік білуді мақсат еттім. «Салалық журналистика дамымай, журналистика дамымайды» деген ұстанымдамын. Осы ойдың бәрін қорытып, әуелден, студент кезден жаныма жақын болған бала тақырыбына тереңдеу үшін Білім және ғылым министрлігіндегі республикалық орталықтың ұсынысын құп көрдім. Онда екі жылға жуық балалардың тәрбиесі мен біліміне шолу жасайтын ғылыми журналдың редакторлығымен қатар аға сарапшы қызметін атқардым. Осы қызмет мені ғылым, білім саласын сараптауға үйретті. Реформадан көз ашпайтын, толғауы көп білім мен жұмысы көрінбейтін ғылымдағы түйткілдердің түйінін табуға, оның шешу жолдарын пайымдауға бау­лыды. Аға сарапшы қызметінде жүріп, «Қазақстан» Ұлттық арнасының «Енші» зияткерлік бағдарламасында сценарист болдым. Журналда жүріп «Балапан» телеарнасының Алматыдағы филиалымен біршама жоба жасағанбыз. Мұның бәрі мені үлкен қадамға дайындады. Министрліктің орталығында екі жыл жұмыс істегеннен кейін бас басылым «Egemen Qazaqstan»-нан шақырту алдым. Жалпы ел газетінің басшылығына Дархан Қыдырәлі ағамыз келгелі жастарға жол ашыла бастағанын көріп-біліп жүрдім. Төраға мұғалім туралы, білім саласындағы мәселенің мәнісін ашатын бір жазбамнан журналистке қажетті табандылықты көргенін айтып, сынақтан өтіп көруді ұсынды. Білім тақырыбына қатысты сараптама дайындадым. Ол бас мақала болып бірінші бетке шықты. Осыдан соң жұмысқа ресми қабылдандым. Іске кірісер алдында Дархан аға: «Газетіміздің ең басты оқырмандары – мұғалімдер. Білімді саған береміз», деп үлкен жауапкершіліктің зор салмағын сезіндірді. Осы жауапкершілікті қал-қадіріміз жеткенше арқалап жүрген жайымыз бар.
– Ел астанасынан туған жер топырағына ойыссақ. Алғашқы туын­дыларың аудандық «Жаңа­қорған тынысы» газетіне шық­қан болар? Бүгінгі аудандық басы­лымның аяқ алысына пікіріңіз қалай?
– Қалам ұстағаныммен, жалпы аз жазатын адаммын. Бір мақаланы кейде 1 апта, 10 күндеп ұстайтын кездерім көп. Он жылдан бері журналистиканың қазанында қайнағаныммен, аса бір өнімді жаздым деп айта алмаймын. Осы жылдарым маған нағыз журналистикаға дайындық қана болғандай. Сондықтан бұған дейінгі жарыққа шыққан еңбектерімді журналистикаға жат­қыз­баймын. Дегенмен, қателес­песем, осыдан 9 жыл бұрын туған ауылым – қазақ хандығы, Ақ орда, Көк орда, Қыпшақ хандығы секілді төрт бірдей империяның астанасы болған Сығанақ туралы ойымды, ондағы қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтармен, әрісі Мәскеуден, берісі астанамыздан келетін ғалымдармен әңгімемді мақалаға айналдырып бергенмін. 2010 жылдары «Шежірелі шаһар» деген атпен «Жаңақорған тынысына» шықты ғой. Қаншалықты құнды болғанын білмеймін, әйтеуір сол жазғаным ауыл адамдары арасында кәдімгідей резонанс тудырды.
Ал аудандық газеттің қазіргі аяқ-алысына келсем, мені қуантатын себеп көп. Осыдан біршама бұрын сіздердің «Жыландар патшалығы» туралы зерттеу мақалаларыңыз біраз басылымдар мен сайттарға көшіріліп берілді. Оқырмандар мен зиялы қауым өкілдері арасында талқылауға түсті. Орталық аппараттан журналист жіберіп, арнайы материал дайындатқан БАҚ-тар болды. «Біздің ауданның газеті ғой!» деп мақтанып қалғанымды жасырмаймын. Ол газеттің әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Бұдан бөлек, басылым аудандық статуспен шектелмей, облыс, республика демеймін, әлемдік мәселелерді көтеріп жүр. Бұл – кейбір республикалық деңгейдегі басылымдар бара алмай отырған «батылдық», бәлкім жете алмай жүрген жетістік.
– Жаңа бір сөзіңізде, «қалам ұстағаныммен, аз жазатын адам­мын» дедіңіз. Осы тұста, орынды сауал туындайды. Өзіңізге қай жанр жақын?
– Әлгінде айтқандай, студент кезден журналистикада бала тақырыбы төңірегіндегі мәселелерді жазуды қолға алдым. Осыған өзімді икемдедім. Бір кездері «Әр адамның ішінде бір бес жасар бала бар» деп жазған едім, бұл мөлдір тақырыпты айналып өтетін адам кемде кем. Әйтеуір бір соғады. Кейбірі бірнеше рет соғады: балалықпен, ата-ана болғанда немесе кәсібіне керек болуы мүмкін.
Осыдан он бір жыл бұрын балалар тақырыбын таңдап, сол ізге түскім келгенін сырдағы бір ардагер журналиске айттым. Сонда ақсақал маған: «Әне, «Пионерге» барсаңшы, «Балдырған» бар, қоймай жаза бер, бір уақытта қалыптасасың», деді. Қарияға «құп» деп уәде бердім. Алайда іс жүзінде, бармадым, айтқанын орындамадым. Керісінше ересектерге арналған БАҚ-тарға бардым. Неге екенін білесіз бе? Сол сәтте өзіме: «Бұ басылымдарға керісінше қалыптасып барып бару керек. Үздік, қатесіз, мөлдір, тұнық жазу қажет. Өйткені бала санасында елек жоқ. Сия қалай түссе, солай қабылдайтын ақ қағаз ғой», деп пайымдадым.
Десе де, ақсақалға берген сертімді араға он жыл салып орындадым. Келешекте елдің көшін бастайтын балаларға арналған жобам болатын. Ол «Ұлан» газетінде «Әлемді өзгерткен балалар» деген айдармен шығып тұрады. Осы дүниеге он жыл дайындалдым деуге болады. Тап-таза шығармашылық жоба, шындығына келгенде жанашырлық дегенім дұрысырақ шығар. Өйткені оны ірі тапсырыстардан бас тартып, негізгі жұмысымнан уақыт тапқанда орындап келемін. Әрі ондағы әрбір кейіпкеріме асқан сақтықпен, ыждаһатпен қараймын. Балалардың бойын кірлетіп алғым келмейді.
– Негізі республикалық басы­­лымда жұмыс істеу үлкен жауап­кершілікті талап етеді. Осы тұста, бүгінгі қазақ журна­листикасында көтерілмей жатқан ең өзекті тақырыпты атай аласыз ба?
– Қазір ғылым тақырыбын көбінде ғалымдар немесе соның айналасында жүргендер ғана жазып жүр. Жақында бір жас ғалым: «Дамыған елдерде кішкентай ғана жетістікті журналистері мүмкіндігінше жарқыратып көрсетеді. Бізде бұл – кемшін. Ал БАҚ – насихаттың көзі, жаңалықтың өзі ғой», деп еді. Расында жаны бар сөз. Ғалымдардың атқарып жатқан жұмыстары мен игі істері баршылық, жетістіктері де жетерлік. Бірақ соны жан-жақтан жарысып айтатын журналистика жоқ боп тұр. Бар, жаңалық ретінде, сүйіншілеп болсын бірді-екілі жылтыңдатып қоямыз. Бірақ әншілердің әрбір әрекетін жазғандай, ішкі әлеміне үңілмейтініміз, өнертабысын тәтпіштемейтініміз өтірік емес. Мені осы ойландырады. Бұл тұрғыда Ғылым академиясында қызмет істеп, қазір «Парасат майданы» хабарының тізгінін ұстап жүрген Дархан Әбдіктің еңбегі зор. Білуімше, алдағы жаңа маусымда жас ғалымдармен жұмыс істеуді қолға алып жатқан көрінеді. Бірақ мен білетін «Парасат майданы» жалғыз боп тұр. Ғалымдардың жетістігін жариялауға, оның түйткілдерін талқылауға, қазақ ғылымын жетілдіруге бағытталған қандай да бір басқа хабарды, болмаса бүтін бір ғылымға арналған журнал мен газетті ауызға ала аласыз ба? Ойын-сауыққа басыбайлы бір телеарна бар, жұлдыздарды жарқырататын журналдар да жетіп-артылады. Өсек-аяң мен кроссвордтардан құралған газеттерден аяқ алып жүргісіз. Әркім өзі қалаған саланы дамытуға үлес қосуына қарсы емеспін. Бірақ мұның бәрі еліміздің өркениетке жету жолын бөгейді. Әлемді ғылым билеп отырған заманда той мен шоу онан сайын өшірмесе, бізді өсірмейді.
– Соңғы сауал болсын. Өзіңізге белгілі, бүгінде ақпараттық салаға интернет-журналистика толқыны келді. Қоғам үшін интернет, әлеуметтік желі – жедел ақпарат тарату ресурсына айналды. Осын­дай жаңа медиа дамыған дәуірде журналистерге қойылар талап қандай?
– Интернет әлемді түбегейлі өзгертті. Қазір қоғамның басым бөлігі жедел ақпаратты, нақтырақ айтсақ, күнделікті жаңалықты сайттар мен әлеуметтік желі арқылы алады. Қоғамның талабынан біздің елде де интернет-журналистика қарқын алып келеді. Осыған орай жаңа мамандықтар да пайда болды. Журналист – өзі осы ұғым немесе кәсіп қалыптасқаннан бері «әмбебап» деген сөзбен синонимдес секілді. Бірақ, менің ұғымымда, қазіргі журналистердің әмбебаптығы баяғыдай бір қаламын кез келген тақырыпқа сермей салатынымен емес, өз саласы немесе тақырыбын барлық БАҚ-та бере алатынымен өлшенетіндей. Мейлі ол радио, телеарна болмаса сайт, әлде газет-журнал, тіпті әлеуметтік желі болсын, кез келген форматта жаза алуын шеберлік деп бағалаймын. Өйткені, әлеуметтік желінің өзін ақпарат құралы деп санасақ, жоғарыда аталған БАҚ түрлерінің әрқайсысы әртүрлі, талабы да, тұтынушыға мәліметті тарату бағыты да сан қилы. Радиоға таза үн, телеарнаға экранмен достық, сайтқа шапшаңдық, газетке сараптау, журналға көркемдік керек. Ал әлеуметтік желінің жыры мүлде бөлек.
Интернетсіз БАҚ-тың бағы жан­байды десек, бүгінгі журналистер аталған ақпарат құралдарының соңғы үлгісі – интернет-журналистиканы қоса меңгергенде, толығымен әмбебап бола­ды. Бұл «екі кеменің басын ұстау» болмайды. Жоғарыдағы сөзімді қайталаймын: нағыз журналист, менің объективті пікірімше, өз тақырыбымен журналистиканың кез келген саласында өнім бере алатындай болуы керек. Сонда ғана ол өміршең, сұранысқа ие, барлық тосын жайтқа дайын, бесаспап маман болады. Бүгіннің де, болашақтың да журналистке қоятын талабы осы. Әлбетте онымен келісу-келіспеу – әркімнің өз еркі.
– Рахмет, сұхбатыңызға.

Әбдісамат ӘБДІШ
29 маусым 2019 ж. 960 0