» » Ел әлі сағынады БЕКСҰЛТАНЫН

Ел әлі сағынады БЕКСҰЛТАНЫН


Алаштың анасы атанған Сыр бойы, оны ішінде ежелден өнер сүйген, табиғатынан әнге әуез, жырға құмар Жаңақорған өңірі ел мәдениеті мен әдебиетін, өнерін өрге бастырған танымал дара тұлғалардан кенде емес. Соның бірі – Республикаға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері композитор Бексұлтан Байкенжеев.

«Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй»- деп ұлы Абай атамыз ән мен жырдың құдыреттілігін қалай бейнелеген десеңізші. Сырдың топырағы мен шөңге, тікенегіне аяғын тілгілеп өскен Бексұлтан ән мен жырды Абай атасынан кем сүйген емес. Содан болар ол 450-ге жуық ән жазса, оның 80-нен астамы бұл күндері кең байтақ егеменді еліміздің ауыл кештерінде болсын сахна төрінде болсын асқақ сезіммен орындалып келеді, - деп еске алады ағаның өнердегі әпкесі Жақсыгүл Бегманова.
Иә, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында үлкен шыңдардан көрініп, бірталай өнерпаздың өнер әлемінде қанаттануына жол ашқан, талайлардың сүйікті әншісіне айналған сазгер Бексұлтан Байкенжеев көзі тірі болғанда биыл 70 жасқа толар еді. Зымырап өтіп жатқан күндер-ай десеңізші. Уақыт адамзаттың еншісіне берілген ғанибет десек, Алланың әркімге өлшеп берілген уақытынан бөлек бір минутқа болса да мына фәниде қалу бұйырмаған. Бірақ тиесілі өміріңді өнегелі пайдалану ең басты парыз.
Жаңақорған ауданына қарасты Қосүйеңкі ауылында 1949 жылы қараша айының 11-інде дүниеге келген Бексұлтан 1966 жылы аудандағы №51 орта мектепті аяқтап, Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы Педагогикалық Институтының музыка факультетіне түсіп, оны 1972 жылы тәмамдайды. Сол уақыттағы ауданның бірінші хатшысы Ғафур Мұхаммеджанов жатақхана болып салынған ғимаратты «Әлшекей күйші» атындағы өнер мектебіне айналдырып, Бексұлтанды аталмыш мектепке директорлық қызметке тағайындайды. Ол өмірінің соңына дейін осы қызметті абыроймен атқарады. Сонымен қатар аудандық мәдениет үйі жанындағы драма үйірмесінің белсенді мүшесі болды. Кезінде С. Субханбердиннің «Айгүл», Б. Майлиннің «Талтаңбайдың тәртібі», Т.Нұрмағанбеттің «Кімге тартқан», Қ. Тұрсынқұловтың «Кәпірзада»,О. Бодықовтың «Ар азабы» атты пьесаларында басты рөлдерде ойнап, көрермен көңілінен шыға білді.
Айта кететіні, Қызылорда облысына белгілі «Сыр сұлуы», «Нұргүл» ән-би ансамбльдерінің құрамында әнші ретінде Болгария, Германия, Ресей елдерінде Мәскеу, Кишинев, Нүкіс, Алматы, Шымкент, Тараз қалаларында болып өнер көрсеткен. Халық шығармашылығы бүкілодақтық Фестивальдарының лауреаты атанып, бірнеше мәрте құрметті атақтарға ие болды. Сол уақытта әндері бірнеше ән жинаққа енді. Кеңестік заманда мұның бәрі оңай шаруа емес еді.
Сансыз жылдарды артқа тастаса да, халық талғамынан ойып орын алған туындылары «Құда болып жүрейік», «Ақбаян», «Ақ гүлім», «Ақ Шолпан» т.б әндері қашанда ел құлағында жаңғырып тұрары сөзсіз. Неліктен әндерінің алдына «Ақ» пен «гүлден» басқа теңеу таппаған деп ойларсыз. Себебі, ақынның анасының есімі Ақнұр болғандықтан екен. Сондықтан болар әндерінің алдында «ақ» сөзінің тіркесіп жүруі Аға үшін заңдылыққа айналыпты. Сахна саңлақтары белгілі әншілер З.Қойшыбаева, М.Ералиева, В.Қармысова, Л.Төлешева, Б.Маханбетова, тағы да басқалардың орындауынан осы әндердің танымалдығы арта түсті.
Сыр жұртшылығына ғана емес, жүрегі өнер деп соғатын ән сүйер қауымның сүйікті әніне айналған «Ақ гүлімнің» шығу тарихын білесіз бе? Жасыратыны жоқ әнін, сөзін елітіп шырқағанымызбен қашан, қалай дүниеге келгені беймәлім. Үлкен ұлы Әбсұлтанның айтуынша, әкесі ақын Адырбек Сопыбековпен тығыз байланыста жұмыс жасапты. Бірде екеуіне әйелдер қауымына арнап өлең жазу міндеттеледі. Сөйтіп бірі сөзін, екіншісі әнін жазуға кірісіп кетеді. Нәзікжандыларға ән жазу өте қиын екенін екеуі де жақсы біледі. Өйткені қыз-келіншек бойындағы сұлулықты төрт-бес шумаққа сыйғызу мүмкін емес еді. Содан арада бір апта өткенде қайта кездескен ақын мен композитор іштен шыққан төл туындыларын ортаға салып, нәтижесі керемет сезімге толы дүние болатынына сенеді. Міне, осылайша біздер айтып жүрген «Ақ гүлім» әні Қызылорда қаласындағы қазіргі Қорқыт ата университетінің залында әйелдер мерекесінде алғаш тұсауы кесіліп, тыңдарманға жол тартқан болатын, – деп сағынышпен еске алып әннің шығу тарихына тоқталып өтті.
Айта кететіні, ең соңғы әні «Сағынып жүрші» екен. Өмірден өтерін сезгендей бір апта бұрын әнiн шығарып “Сағынып жүршi” деген тақырыбын өзi берiп, соңғы өлең сөзiн де қиылып отырып Адырбекке жаздырыпты. “Жазбады ауруымды емшi демi, Көңiлiм ештеңеге көншiмедi. Жанымды түсiнетiн өзiң едiң, Сағынып айналайын, айналайын жүршi менi”, – деп жүрек қалауын қағазға түсіріп, Адырбекке айтып берiп, елiне, достарына, сүйгенiне, жанұясына, аманаттап тастап кеткен ән сияқты көрініпті. Әндi тыңдауын тыңдаса да, соңынан мең-зең болып тiрлiк кешкен Адырбек ақынның, Бексұлтан қазасында. “…Бұл өмiр әнсiз ендi қала ма екен, Кiмге тастап барасың баяныңды” – деп Жаңақорған төңiрегiн тiршiлiгiнде ән мен жырға бөлеген әнші iнiсiне жоқтау айтады. Перiште бейне, пәк көңiл Бексұлтанның рухани ұстазы, белгiлi халық ақыны Манап Көкенов болды. Екеуi қатарласып ел аралап сахнаға шыққанда, сол концерттi көрген де арманда, көрмегенде арманда болатын. «Ұстазы мықтының ұстамы мықты» демекші, есімін бүкіл ел қадірлеген халық ақыны Манап Көкеновтен тәлім-тәрбие алған әнші-компазитор қабілет-қарымын дамытуда үнемі ұстазымен ақылдасып отырған көрінеді. Ол кісінің де өнеріне өз заманында лайықты баға берілді және жылдар өткен сайын манаптану мектебінің мәртебесі де биіктей түсуде. Ол кісінің өнері, еңбегі туралы айта отырып, біз онымен мақтанатын ұрпақтың қатарынан екенімізді мақтан тұтамыз.
Гастрольдік сапарда жүріп танысқан жары Шәрбану екеуінен бүгінде 4ұл 1 қыз ұрпақ өрбітуде. Ат тұяғын тай басар демекші, үлкен ұлы Әбсұлтан аудандық М. Көкенов үйінде әке жолын жалғаса, қалған ұрпағы ұстаздық жолда қызмет етеді.
Жайдары мінезімен кез келген жанды өзіне баурап алатын қасиет қонған өнер иесінің жүзі мейірім мен жылулыққа толы болғаны, баяғы сал-серілердің жолын жалғастыруда өз мамандығының қас шебері екендігі, көмейіне бұлбұл ұялаған әнші әуезді әндерді жоғары деңгейде орындап қана қоймай, сазгерлік және ақындық қабілеттерімен көпшілікті қуанта білгені рухани күш береді.

Лаура БИБАСАРОВА
25 маусым 2019 ж. 1 306 0