№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ӘЖЕМНІҢ ҚАЛТАСЫ

ӘЖЕМНІҢ ҚАЛТАСЫ

Қалада тұратын әпкемнің қызының үйінде қонақта едім. Бірінші қабатта тұратын үйлерінің алдына келіп тоқтаған көліктен әжелері түсіп жатты. Терезеден көріп, алдынан жүгірген келіні қолтығынан сүйемелдеп, жұмсақ диванға алып келіп отырғызды. Белі бүгіліп, ентігіп кірген қария әлденіп, аман-саулық сұрасқан соң, қармаланып қалтасына қол салды. Қолына іліккен түйіншекті мейірлене немерелеріне ұстатты. Құрт, кәмпит толтырылған қалтаға көзім түскенде әже атаулының жарасқылығы сонда жатқандай көңілім толқып кетті.
Қариямен әңгімелесе отырып, қанағатшыл мінезіне мейірімім қанған мен бір сәт ас үйге бас сұққан едім. Әлгі қалтаның стол үстінде шашылып жатқанын байқап, жылдам жинастырып, шкаф ішіне тығып қойдым. Қалтадан шыққан бір-екі «сникерсті» ғана жеп, қалғанына таласып жатпаған бұл заманның балалары тоқ қой. Қалтаның да қадірі қашып, қараусыз қалыпты. Бүгінде қадірі кетпеген не қалды өзі?
Осы сәт менің ойыма баяғы өзіміздің бала күнімізде ә ж е м і з д і «қашан келер екен» деп аңсап күтіп жүретін аяулы күндерім оралды. Күніне орталықтан таңертең, кешке екі-ақ рет қатынайтын автобустың келер жолына алаңдап әжемізді күтіп жүруші едік. Ұзына бойы жыңғылмен қоршалған жолдың бұрылысынан бері өткенде ғана қысқа бойы қылаң беріп, ақ жаулығы ағараңдап келе жататын әжеміздің алдынан жарыса шулап жүгіретінбіз. Қай бұрын жеткеніміз әжемізден бұрын қолындағы сары сөмкені жұлып алып, қайтып үйге қарай жүгіретініміз ше. Ішіндегіні төгіп жіберіп, тәттілерге таласатармаса бас салып, содан кейін барып әлі жарты жолда келе жатқан әжемізді қаумалап алып келетінбіз. Осы көрініс ойға оралғанда тамағыма тас кептеліп, қимас күндерді еске алдым. Әжем он күн, он бес күн, әрі кетсе бір айдан соң өзі отырған қарашаңырағын сағына бастайды.
Он бес жасында тоқалдыққа тұрмысқа шығып, шеккілеу ғұмыр кешкен әжем онысын батып өз ұлына айта да алмайды. Ұлы жоқта келініне қыр көрсетіп, қайтарыңдар, кетемін деп тулай бастайды. Жоқ дегенде жылап алып, көзінің жасын жаулығының ұшымен сүртіп алады. Жылы-жұмсақ жеп күтім көріп жата тұрса қайтеді деп қынжылатын әкем қимаса да қой болмас деп таңертең көлігін жібереді. Әжем қайтатын күні балаша боп қуанып, ішіміздегі ең кішкентайымызды құнттай қып киіндіріп, алдына отырғызып алып кетеді.
– Ауданға жолым түсіп, соғып едім, жылап қалмады, – деп ақталғандай болатын әкемнің қолтығында таңертең әжесі әкеткен балақан аяқ-қолы салбырап қайтып келе жатады. Шынымен солай ма, жоқ әлде өзінің балажандығы ма, әйтеуір біреуімізді көзінен таса еткісі келмейтін әкемнің мінезін көңілім елжірей еске алып отырамын. «Бірге тумақ бар болса да бірге жүрмек жоқ» дегендей, сол қызғыштай қорыған қарашықтарының әрбірі қанат қағып ұшқан сайын қандай күйде болдың екен, қайран әкем.
Бала дегенде өзегін үзіп берер сол асыл қасиетіңіздің өзінде үлкен нығмет бар екен. Оған мына хадис дәлел: «Түн ортасында оянып, бала-шағасының үстін қымтап, елжірей қамқорын төккен әкенің барлық күнәлары кешіріледі». Немерелерін иіскеп мауқын басқан қария ас ішіліп болған соң қайтпаққа жиналды. Әрқайсымызға жеке-жеке батасын берді. Ауырмай-сырқамай аман болып тұрса тағы айналып соғатынын айтып жатыр. Балаларын кезекпе-кезек жағаламаса тұра алмайтынын шамалап тұрмын. Өйткені Құдай ата-ананы осындай беймаза етіп жаратқан. Бірінің маңдайынан құс ұшырғысы келмейді. Бүгінде бас-басына үй болып, тірлік жалғаған ұл-қыздарының барлығы бай, дәулетті болмауы мүмкін. Бірі асып-тасып, шалқып өмір сүріп жатса, бірі қоңторы күн кешіп, бірде жеткізсе, бірде жеткізе алмай жүр. Өмір заңы солай. Әркімге әрқилы тағдыр бұйырған. Тек ана жүрегі ғана біреу. Ешбірін алаламайды. Бәрі бірдей тоқ, арқа-жарқа болып отырса дейді. Бәріне бірдей теңдей бөліп бергісі келеді. Бірақ...
Бар қолынан келері, жылт еткенді жан қалтасына толтырып бір үйден бір үйге тілектес көңілдің шуағын таратып жүргені. Бір қанадан шыққан бауырлардың арасын ақ тілекпен жалғаған асыл әжелеріміздің бар қауһары бір ғана қалтаны көтеруге жарағанымен құйтақандай жүрегі ынтымақ деп аталатын алатау арманды арқалап жүретінін түсіне алар ма екенбіз? Түсінбесек.... Басымызға түскенде түсінерміз.
 Баян ҮСЕЙІНОВА.

11 мамыр 2019 ж. 755 0