ЖЫЛҚЫ ТЕРАПИЯСЫ: БОЙДЫ СЕРГІТІП, ЖАНДЫ ЖАДЫРАТАДЫ
«Ауылдық жердің өзінде атқа отырмағандар бар», – дейді Түгіскен елді-мекеніндегі Иппотерапия – «Жылқы-табиғи тренажер» жобасының жетекшісі Асылбек Әбілқайыров. Расында, бұл елді мекенде бес мыңға жуық адам тұрса, жылқы басы 1347-ге енді жеткен.
Ең бастысы, атқа өмірінде отырып көрмеген жандардың басында жиі кездесетін буын ауруларының көктемде өршитіндігі. Міне, осыны аңғарған ауыл жастары өздері ғана емес, Өзгент, Жаңарық, Байкенже елді мекенінің де тұрғындарын сауықтыруға бел шеше кірісуде.
Түгіскендік бастамашыл топ күзде аудан бойынша өткізілген «Zhasprojekt» жобасына қатысып сегіз бірдей грантты жеңіп алды. Оның ішінде, ерекшесі – Асылбек Әбілқайыров бастаған топтың Иппотерапия – «Жылқы-табиғи тренажер» жобасы 1 млн. теңге грантты жеңіп алып, елді сауықтырып, үлкен-кішінің алғысына бөленуде.
– 2018 жылдың тамызында басталған Zhasprojekt жобасына тобыммен қатысып, Иппотерапия – «Жылқы –табиғи тренажер» атты жобанын артықшылығын қорғадық. Мен бұған дейін де осы иппотерапия әдісін терең зерттеп, аталардың айнымас асыл қасиетін бойыма жинадым. Соның арқасында елуден астам баланың көзінің нұрын қалпына келтіріп, өмірге үмітін оятып, басқалардан кем еместігіне жігерлендіріп, бойындағы қуатын өсірдім. Бала аттың үстіне отырғанда, өзінің қолына жүгенді ұстағанда, ерекше сезінеді, – дейді Асылбек Әбілқайыров.
Ежелден дала данышпандарына айналған бабаларымыз ғасырлар бойы аттың жалында, түйенің қомында ғұмыр кеше жүріп, жылқы түлігінің адам ағзасына пайдасын, денсаулыққа зор маңызын жете білген.
Бүгінгі таңда бұл медицина ғылымының бір тармағы жаһан жүзіне кеңінен қанат жайып келеді. Әлем елдерінде сұранысқа ие болып келе жатқан иппотерапия емі тірек-қимыл аппараттарының, сөйлеу жүйесінің бұзылуы, психиканың баяу дамуы, бас сүйек жарақаты, Даун синдромы, аутизм, остеохондроз, простатит, склероз, артроз, атресклероз, полиомелит, простатит, жүрек-қантамыр ауруларында кеңінен қолданылады.
«Жасыратыны жоқ, ауылдық жерлерде түрлі дәрумендердің жетіспеушілігінен рахит, полиомелит, Даун синдромы аурулары жиі кездеседі. Көрші елді мекендердің тұрғындары да бір-бірінен естіп, қазір осы топқа жазылушылар көбейіп келеді. Үлкен кісілердің өзі простатит, остеохандроз, склероз, жүрек-қан тамырлары ауруларымен жиі келеді. Топ жетекшісі Асылбек Әбілхайыров, топ мүшелері – Аюпхан Құдайбергенов, Азат Сарқытов, Нұрбақыт Төлепбай алты ай жұмыс барысында 60 мың теңге көлемінде стипендия алып отырды. Ауылдық жерде бұл орташа жалақы. Ең маңыздысы бұл жігіттер – кезінде түрлі сырқаттарға шалдыққанымен сәйгүлікпен серуендеп, сергіп, емделіп, оны жанына серік етіп, ертең тұлпарларымыздың құлағында ойнайтын болашақ бапкерлерді тәрбиелеуінде жатыр», – дейді Аққорған ауылдық округі әкімдігінің жастар ісі жөніндегі маманы Нұрберген Бекбосын.
Түгіскендік жастар бойды сергітіп, жанды жадырататын жоба аясында әр түрлі санаттағы жетпіске жуық сырқат жандарға емдік-сауықтыру қызметін көрсеткен. Болашақта жабық үлгідегі кешенді емдеу-сауықтыру орталығын ашқысы келеді.
Ескендір ЕРТАЙ.