№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ДЕКЛАРАЦИЯ ТАПСЫРУҒА ДАЙЫНСЫЗ БА?

ДЕКЛАРАЦИЯ ТАПСЫРУҒА ДАЙЫНСЫЗ БА?

  2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап Қазақстанның 13 миллионға жуық тұрғыны табыс пен мүлік бойынша жыл сайын декларация өткізетін болады. Бұл Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарынан туындаған басым бағыттың бірі. Ендігі кезекте, табыс пен мүлік салығын кімдер тапсырады? Жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар қай табыстарын көрсетеді? Декларациядағы кіріс пен шығыс сәйкессіздіктері кәсіпкерлер қауымына қалай әсер етуі мүмкін?


   Осы сауалдарға жауап іздеп, Жаңа­қорған ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының есігін қақтық. Басқар­маның бас маманы Сұлтанхан Хошиевпен тілдесіп, енгізілгелі жатқан жалпыға бірдей декларациялаудың заңдылығын сұрадық. Бас маманның айтуынша, жалпыға ортақ декларациялау халықтың нақты табыстарын салықтық бақылау мен көлеңкелі экономикаға қарсы тұру құралы ретінде дамыған елдерде қолданылады екен. Атап айтқанда, АҚШ, Германия, Франция, Италия, Сингапур сынды елдерде бұл тәжірибе өз нәтижесін берген.
   – Президент пәрменімен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 42-қадамында жеке тұлғалардың кірістері мен шығыс­тарын декларациялау көзделген. Ондағы мақсат – көлеңкелі экономикаға және сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы алдын-алу іс-қимылын жүргізу. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, жалпыға ортақ декларациялауды енгізу салық базасының кеңеюіне және мемлекеттік бюджетке түсімдердің ұлғаюына ықпал етеді, – дейді Сұлтанхан Хошиев.
  Бас маманның сөзінше, Декларацияны Қазақстанның кәмелетке толған азаматтары, оралмандар мен елде тұруға ықтиярхаты бар адамдар, егер олардың атына тіркелген мүлік, банктік шоттарында ақша сомасы болған жағдайда кәмелетке толмағандар, ҚР аумағында мүлігі немесе қатысу үлесі болған кезде шетелдіктер өткізеді. Сондай-ақ қандай мүлік түрлері есепке алынатынын білдік.
  – 2020 жылы жеке тұлғаның мүлігі, яғни, жер учаскесі, үй, гараж, саяжай, пәтер, жабық паркингтегі тұрақ орны, көлік құралдары мен жылжымайтын мүлік құрылысына және заңды тұлғаға қатысу үлесі туралы мәліметтері кіреді. Оған қоса, шетелдік банктердегі ақшасы, ең төменгі жалақының 500 еселенген шегінен аспайтын қолма-қол ақшалай қаражаты және ең төменгі жалақының 500 еселенген мөлшерден асатын дебиторлық және кредиторлық берешегі көрсетілген 250.000 формасында бастапқы декларациясы ұсынылады, – дей келе, Сұлтанхан Хошиев аталған жылжымайтын немесе жылжитын мүліктердің кадастрлық нөмірі, орналасқан мекен-жайы, автокөліктің маркасы, vin-коды, қозғалтқыш көлемі, мемлекеттік нөмірі көрсетілетінін жеткізді.
   Бұдан өзге жеке тұлға мүліктің бір бірлігі үшін бағасы ең төменгі жалақының 500 еселенген шегінен асып кеткен жағдайда мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, биологиялық активтер түріндегі басқа да мүліктерін көрсетуге құқылы екен. Айта кету керек, аталған декларацияны Қызылорда облысында шамамен 400,0 мыңнан астам адам тапсырады деп күтілуде. Оның ішінде, Жаңақорған ауданында 66 мың адам декларация тапсыруға міндетті. Бас маман Сұлтанхан Жошиевтің сөзінше, Декларацияны 2 мезгілде ұсынуға болады: қағаз түрінде ұсынатындарға 15-шілдеге дейін, ал электронды түрде ұсынатын адамдар үшін 15-қыркүйекке дейін. Айтқандай, әлгіндей сөз еткен ең төменгі жалақының 500 еселенген мөлшері дегеніміз – 21 млн 250 мың теңгені құрайды. Соңыра, халық жыл сайын табыстар мен мүлік туралы кеңейтілген және қысқа декларациясын жыл сайын ұсынатын болады.
  Осы тұста, айта кететіні, тек еңбекақы, не зейнетақы түрінде ғана табыс алатын тұлғалар қысқа декларацияны тапсырады. Оның ішіне, мұғалімдер, зейнеткерлер, студенттер мен жалдамалы жұмыскерлер кіреді. Ал, кеңейтілген декларацияда бір жыл ішіндегі кірістер, салық шегерісі, тіркеуге жататын мүлікті сатып алу немесе меншіктен шығару фактісі көрсетіледі. Кеңейтілген есепте сыйға тарту етілген және мұра ретінде қалдырылған заттарда көрсетіледі екен. Оған қоса, кәсіпкерлерде кеңейтілген есеп өткізетіні белгілі болды. Декларация өткізілмеген жағдайда немесе онда шынайы ақпарат көрсетілмесе, 50 айлық есептік көрсеткіш айыппұл төлеу көзделген.
Қорыта айтқанда, 2020 жылдан бастап кірісті жасыру мүмкін болмай қалады. Сонымен қатар, келер жылы жаппай ортақ декларациялаудың мәліметтері ашық дереккөздерде, жұмыс берушінің сайттарында жарияланады деп жоспарлануда. Яғни, тұлғалардың табысы мен мүлкі жайлы мәліметтерді ашық және қолжетімді етеді.

Әбдісамат ӘБДІШ.

13 наурыз 2019 ж. 1 072 0