№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БАЛА ТӘРБИЕСІ – МАЗМҰНДЫ ПРОЦЕСС

БАЛА ТӘРБИЕСІ – МАЗМҰНДЫ ПРОЦЕСС


«Дұрыс қанаттанған түзу ұшар». «Қызы анадан үйренбей өнеге алмас, ұлы атадан үйренбей сапар шекпес» деген ұлағаттан бала тәрбиесіндегі отбасының орнын түсінесіз. Расында, ғасырлар бойы ата-бабамыз «Әдепті бала – арлы бала, әдепсіз бала – сорлы бала», «Балаң жаман болса, көрінгеннің мазағы» деп түсініп, тәрбиеге ерекше мән берді. Сондықтан болар ата-бабасының ғасырлар сүзгісінен өткен салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын баласының бойына сіңіріп, еңбекқор, адал, мейірімді, қайырымды болып қалыптасуына мән берді.

Ғасырлар көшіндегі қоғамдық қатынастар құндылықтар жүйесін өзгертеді екен. Оған экономиканың нарықтық сипат алуы дәлел. Ұл-қызына тәлімді тәрбие беруге тырысатын ата-аналар бүгінде жұмысқа байланды. Нәтижесінде, «бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» дегенді ескермей, тәрбие процесіне мектеп, оның ішінде, ұстаздар қауымына жүктелетін болды.
Бала тәрбиесінде ата-ананың ролі қашанда жоғары, әрі жауапты. Алайда, бүгінде кейбір отбасыларда балға ұстап, шеге қаға алмайтын, ара ұстап, ағаш кесе алмайтын ұлдар, инеге жіп сабақтап, киім тіге алмайтын қыздар өсіп келеді. Әкенің қабағын, қатаң талабын, тағлымды тәрбиесін көрмеген ұлдың ертеңі әлжуаз, бәсекеге қабілетсіз болса, анадан мейірім алмаған қыздан қылық кететіні түсінікті-ақ.
«Мәңгілік Елді» баянды ететін жастардың тәрбиесіне бей-жай қарамау керек. Мұны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауларында назарға алып, жастардың қабілет-қарымын дамытуға, білімді, білікті болуына мән беріп, сапалы адами капиталды қалыптастыру қажеттілігіне басымдық беруде. Осылайша ұстаздар қауымымен қатар ата-аналарға бала тәрбиесіне сергек қарап, белсенді атсалысуына шақырып, абыройлы әрі маңызды жұмыс екеніне тоқталды.
Осыны ескерген аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов барлық білім мекемесінің басшыларына ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап, оқушыларды түрлі спорттық және инновациялық үйірмелерге беріп, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуына маңыз беруді тапсырды. Бұл бойынша ата-аналар жиналысы мен түрлі деңгейдегі интеллектуалды шаралар жолға қойылды. Әрине, мұндай шаралар кәмелеттік жасқа толмағандар арасында құқық бұзушылықты азайтып, қадағалаусыз қалған балаларға жауапкершілік жүгін сезінуге жол ашады.
Жақында ауданның бас ұстазы Болат Мақсұтұлы бала тәрбиесін мазмұнды жүргізу және олардың шығармашылық қабілетін арттыруға бағытталған жиын өткізді. Кәмелеттік жасқа толмағандар арасында қылмыстылықтың алдын алуға арналған шарада 8-11 сынып оқушыларының ата-аналарымен кездесіп, ата-аналардың ұсыныс-пікірлерін біліп, мектеп директорларына нақты тапсырмалар берді. Яғни, білім ордаларында спорттық және мәдени-рухани үйірмелердің жұмысын жүйелеп, оқушылардың түрлі байқаулар мен турнирлерге қатысуына мүмкін жасауды айтты. Оқушының ғылыми ізденісін қалыптастыру да маңызды екенін ескертті. Сондай-ақ, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ өткізетін білім беретін мектептердің сынып жетекшілері арасында «Тақырыптық ата-аналар жиналысының үздік сценариі» атты облыстық онлайн-байқауына үздік жұмыстарды таңдап, қаты­суды нақтылады.
Жиын соңында ауданда жастар арасындағы аху­алды түзеуге, тәртіптілікті орнатуға, жасөспірімдерге қатысты әртүрлі қылмыстылықтардың алдын алу бағытында маңызы бар, жүзеге асыруға болатын жоспарлар жасалды.
Жалпы, қазақ ұлты «Балаңды жұрт мақтаса, бәрінен де сол сүйгі» деп марқайып, ұл-қызына тәлімді тәрбие, саналы білім беруге тырысқан. Осы ретте, әлем елдерінің бала тәрбиесінде ескеретін жайттарды саралай кетсек.
Бала тәрбиесіне баса мән беретін ұлттың бірі – жапондар. Олар «балаңды бес жасқа дейiн патшаңдай күт, он бес жасқа дейiн құлыңдай жұмса, ал он бестен кейiн досыңдай сырлас» деген тәрбие негізін берік ұстанады. Жапондар бала тәрбиелеуде «ұл», «қыз» деп бөлмей, екеуін де еркелетіп өсіреді. Қатаң қағидалар негiзiнде өскен жапон баласы он бес жастан кейiн тәртiптi, оң-солын таныған, жақсы мен жаманды айыра алатын толыққанды азамат саналады. Жапондықтардың әлемдегі озық елдің біріне айналуында балаларын еңбекқор етіп тәрбиелеуінде екен.
АҚШ-та бала тәрбиесі «әрбір бала өз бетінше өмір сүріп үйрене алу керек» деген ұстанымға негізделген. Көбіне ата-аналар балаларының талап-тілегін бірінші орынға қояды. Жылдам орындауға тырысады. Сондықтан, ойы еркін, қиялы ұшқыр болып қалыптасады.
Қытайлықтар балаларын кішкентайынан төзімді, сабырлы және қанағатшыл болуға тәрбиелейді. Аспан асты елінде бала тәрбиесі мемлекеттік маңызы бар шаруа саналады.
Еврейлер отбасында бала тәрбиесі қатаң бақылауда болады. Тәрбие беруде өзіндік ұстанымдары да бар. Мәселен, баланың әлжуаз, көп шағым айтуына жол бермейді. Баланың көзінше ақша туралы сөйлеуге де болмайды. Себебі бала танымында маңызды дүние ақша қалыптасып, адамдық қасиеттерден алшақтай түседі деп топшылайды. Еврейлер үнемі баласын мақтап жүреді. Тіпті, оның ең бірінші салған түкке тұрғысыз суреті үшін де мақтап отырады. Кез келген жетістігін барлық туыстарына, достарына хабарлайды. Бұл – еврей баласының сенімділігін арттырып, қабілетті болуға жетелейді.
Қазақ халқының да бала тәрбиесінде еңбекқор, қайырымды, адал болуға баулыған. Баласының бойына осындай асыл қасиеттерді сіңіруінің арқасында уақыт ағымында іркілмей бүгінге жетті. Енді келешекті тұғырлы етуден осы ұстанымдарды басшылыққа алуымыз тиіс. Бұл – ұстаздың да, ата-ананың да ортақ міндеті.

Мира ЖАНДАРБЕКОВА,
аудандық білім бөлімінің бас инспекторы.

19 ақпан 2019 ж. 1 863 0