№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » АРАҚСЫЗ ТОЙДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

АРАҚСЫЗ ТОЙДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ


Аудандық басылым бетінде той мәдениетіне қатысты ел ағалары мен зиялы қауым өкілдерінің ұтымды ой-пкірілері жарық көрді. Қолдаймыз. Қуаттаймыз. Десе де, имамдық қызметте ұзақ жылдар бойы жұмыс жасап келе жатқандықтан бір мәселені айтпай кету айып болар. Бүгінге дейін қаншама үйленуге ниетті иманды жігіттер базынасын жеткізді. Тыңдап көрсек, тақырып ауаны ортақ.

Тарқата айтсақ, той-томалақ та ішімдік қою мәселесі. Жас жұбайлар алғашқы қуанышын Алланың тыйған нәрсесінен тыйылып, той жасағысы келеді. Алайда, осы кезде ата-ана мен баласы арасында түсінісбеушілік туады. «Біз өзгенің тойында іштік. Енді олар біздікіне ішуге келеді». «Құдайдан ұят». «Қой қайдағаны айтпа, қоямыз!». Мұндай көндіру сөздер ата-ана тарапынан ұлына қардай борайды. Қысқасы, Құдайын ұмытып, құданың көңілінен шығуға қарекет жасайды. Әрине, жиырма жасар бозбаланың ата-анасына сөз өткізуі екіталай. Не керек, екі жақты келісім кейде шәйнекке келіп шешімін тауып жатады. Шешімін дегенде, бұл нұсқа нағыз құйтырқы әрекет. Яғни, дастархан төрінде арақ-шарап қойылмайды. Бірақ, ішімдік шәйнек арқылы ұсынылады. Түптеп келгенде, жаңа құдаға арақ бәрібір қойылады һәм құйылады. Бір ерекшелігі, мойны ұзын шөлмектен емес, «шәй» кейпіндегі шәйнектен. Кім-кімді алдап жатыр, ұқпайсыз. Пайымға салсаңыз жаратылған заттың Жаратушыны алдауы.
Енді бір сәт, жас жұбайдың не үшін шыр-пыр болып жатқанын бағамдап көрсек. Оқыған-тоқығаны бар замана жастары «арақтың атадан қалған ас» еместігін жақсы біледі. Пайғамбар (с.а.с) хадисінде: «Алла тағалаға және ақырет күніне иман келтірген адам ішімдік қойылған дастарханға әсте отырушы болмасын» делінген. Байқағандай ішпек түгілі, ол жерге отырудың өзінен қайтаруда. Тереңінен түсінгенге тәлім мол. Себебі, арақ – барлық жамандық атаулының бастауы. Шараппен тілек айтылған шаңырақтың берекесіздікке душар болары айқын. Әттең, осыны ата-аналар қауымы дұрыс түсінсе игі. Қазақтың ұлттық сусыны-қымыз-қымыранмен той өткізуге болатынын қалыптастырсақ құба-құп болар еді. Өкінішке орай, ұлттық сусыннан гөрі у «сусынды» аңсаушылар қатары көп болып тұр. Арақсыз адал той өткізеді екен дегенді естігендер оданда «Құран оқыта салмай ма» деп сырттай келемеждейтіні тағы бар.
Мұның бәрін не үшін айтып отыр деп ойлайсыздар? Әрине, Ұлы дала елінің ұрпағы батыр болғанын бәрі қалайды. Бірақ, қос жұптың қуанышты қадамына қайдағы бір ащы сумен тілек айтуы қазақылыққа жат. Шариғатта отбасы иманнан кейінгі негізгі құндылыққа жатады. Егер нені ұмыттық дейтін болсақ, әуелі сол отбасы құндылығын ұмыттық. Отбасындағы ерлі-зайыпты бір-бірінің қадір-қасиетін ұмытты. Қала берді екі жастың бақытын ұмытты. Той – жас жұбайлар үшін емес, құдалар үшін жасалатын болды. Бірін-бірі қайталамайтын бәсекелестік. Ұлдары да ата-анамнан қаламын ба деп тығылып ішіп, белдегі баланың сапасыз болуына бой ұрдыруда. Қоғамдағы осындай құндылықтардың құнсыздануы жас жұбайлардың жылға жетпей жұптары жараспауына әкеліп соғуда. Жоғарыда айтқандай, шараптың шарапатынан гөрі, кесапаты көп. Бұл берекесіздіктің барлығы Жаратқанға мойынсұнбаудың салдары. Ойланып ой жүргіртіп, қымыз-қымыранды қолға алатын қоғам қалыптасса қандай тамаша. Бақытты да баянды ғұмыр кешудің төте жолы – Тәңірдің тыйғанынан тыйылып, бұйырғанын бұлжытпай орындау. Міне, сонда ғана жас жұбайдан ізгі ұрпақ дүние есігін ашып, қоғамға пайдасын келтіретін перзент қатарынан болары сөзсіз.

ТҮЙІН. Алла Елшісі (с.а.с) – арақ жасауды талап еткен; арақ жасаған; арақты тасыған; сатқан; сатып алуды талап еткен; сатып алған немесе сыйлық еткен; сатқанынан пайда көрген; ішкен; арақ ішкендермен бірге отырғандарға қарғыс болатынын хадисте айқын айтқан. Ал, ойлы оқырман, ендігі әрекет өзіңізде. Ой түйіп, адал той жасау сіздің еншіңізде.

Әбдіхалық НАМЕТОВ,
Жаңарық ауылының имамы.

05 ақпан 2019 ж. 1 169 0