Қазақстанда туберкулез бен мерезбен ауырғандар донор болуы мүмкін
Қазір Қазақстанда аса қауіпті ауруларды жұқтырған адамдардың ішкі ағзасын донорлыққа пайдалануды қарастырып жатыр деп хабарлайды zhanaqorgan-tynysy.kz интернет газеті КТК арнасына сілтеме жасап.
2019 жылы гепатит, туберкулез және мерезбен ауырғандар қайтыс болған соң донор болуы мүмкін. Бұл елімізде трансплантация үшін органдар жетіспейтінін білдіреді.
Мамандар ең алдымен заңға өзгеріс енгізуді көздейді. Олар ұсынысты да жолдап қойған.
Ақтөбеде бас қосқан ақ халатты абзал жандар Қазақстандағы донорлық мәселесін қарастырды. Олар 2 жылда республикамызда ішкі органдарын ауыстыратындар азайғанын айта кетті.
2016 жылы 305 операция өткен, келесі жылы оның саны 295-ке түсіпті. 2018 жылы тағы да 190-ға қысқарған. Бар мәселе дені сау донордың жетіспеуінде екен.
Республикалық трансплантация орталығының ординаторы Жақсылық Досқалиевтің айтуы бойынша, Қазақстанда көптеген адамдар гепатит, мерез және туберкулезбен ауырады. Тек 30% донорлар өзінің органын басқа адамды құтқарып қалу үшін бере алады екен.
Заңнамаға түзетулер енгізсе дәрігерлер осы мәселенің шығу жолы болатынына сенеді. Ақ халаттылар мұның дамыған елдердің тәжірбиесі екендігін атап өтті.
Сондай-ақ, мамандар елімізде көп адамның донор болуға келіспейтінін, тіпті қайтыс болса да туыстары ішкі органдарын көп жағдайда бермейтіндерін айтты.
Бұл тұрғыда бірінші орынды солтүстік өңірлер алып отыр. Батыста – Ақтөбе. Ал Орал мен Ақтауда мүлде белсенділік жоқ. Қарағанды облысы да соңғы орындарда тұр екен.
Ағымдағы жылы трансплантацияға 9 донор келісім берген. Ішкі ағзаны ауыстыру өте сәтті өтіпті. Дәрігерлердің мәліметінше, елімізде 2000-нан астам адам бүйректі, 450-і – бауырын, 150-і – жүрегін, 10-ы – басқа да органдарды ауыстыруға зәру.
Пікір 1