» » БАЛАПАНДАР БӘСЕКЕСІ

БАЛАПАНДАР БӘСЕКЕСІ



Павлодардың Жастар бастамаларын дамыту орталығында сәбилер арасында еңбектеуден өткен чемпионат өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап. 

Ұйымдастырушылардың деректеріне қарағанда, чемпионат «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңның аясында жүзеге асырылған. Жас отбасылар арасындағы отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген шараға шамамен 40 өтінім келіп түскен екен. Чемпионат ережесіне сәйкес, жарыс жолына шыққан сәбилердің жас шамасы алты айлықтан бастап бір жарым жасқа дейін болса, ал олардың ата-аналарының жасы 35 жастан аспауы тиіс. 
Чемпионаттың «Алға baby» деп аталған бірінші кезеңінде сәбилер 10 метрлік қашықтыққа еңбектеп жарысқа түсті. Ал ата-аналарға балаларын түрлі ойыншықтарға қызықтырып, алға қарай еңбектеулеріне шабыттандыруға рұқсат берілді. Ал екінші кезең командалық жұмыс саналды. Онда бүкіл отбасы мүшелері бірге еңбектеп, сайысқа түсті. Жарыс қорытындысында үздік танылған сәбилер мен олардың ата-аналарына бағалы сыйлықтар тарту етілді. 

Марлан Жиембай
23 қыркүйек 2018 ж. 571 0