№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Өнерлі өлке – жаңақорған

Өнерлі өлке – жаңақорған

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бөлігінде қамтылған жобаларды игілікті іске асыру мақсатында Манап Көкенов атындағы Жаңақорған аудандық мәдениет үйінде көркемөнерпаздар, жас суретшілер және әншілер байқауы өтті. Шара Астана қаласының 20 жылдығы мен Жаңақорған ауданының 90 жылдық мерей тойына орай, түрлі тақырыпта өрбіді.
Бояуға толы Жаңақорған
Елімізде кенжелеп қалған өнердің тамырына қайта қан жүгіре бастағандай. Суретшілер байқауына қатысқан үміткерлерде бейнелеу өнерінің озық әдісі қалыптасқанынан байқадық. Бірін-бірі қайталамауға бекінген жас буын ептеп майлы бояудың сырын ұққандай.
«Бояуға толы Отаным» атты жас суретшілер байқауы талаптары бойынша Астана қаласының ғимараттары мен ескерткіштерін, көрікті жерлерін бейнелеу берілген. Ал, байқау барысында жас суретшілерге өз қиялындағы аудан логотипін суреттеу міндеттелді. Байқауға қатысқан 17 үміткерге 40 минут беріліп, шеберлігін сынға алды.
Байқау барысында салынған көптеген суреттер әділ-қазылардың тарапынан жоғары бағаланды. Балалар қолымен салынған суреттерде Жаңақорғанның көркем табиғаты, Қаратаудың етегі, қанатты қыран, маржан күріші, ірі өндіріс орындары, тіпті шетелге жөнелтілген қарбызы бейнеленді. Осыдан-ақ бала қиялының шексіз екені аңғарылды. Бірінде қиял жүйрік болса, бірінде сурет салу техникасы жоғары болды. Қазылар алқасының шешімімен жас ерекшеліктеріне қарай І орын-екеу, ІІ орын-екеу, ІІІ орын-екеу болып белгіленді.
Байқау  соңында бас жүлдені жаңақорғандық Мәдина Болатова иеленді. Ал,  Бекжан Молдабек сунақаталық Рүстем Кәрімберді І орын, Төменарықтан келген Айдана Оразбековамен Қожамберді ауылының жас суретшісі Фариза Рахметова ІІ орынға тұрақтады. Келінтөбелік Мейрамбек Имашев пен Кейден ауылының үміткері Аружан Елшібек ІІІ-орынды иеленді.
ТАЛАНТТАР ТАСАДА ҚАЛМАЙДЫ
Қыр мен сырдан нәр алған таланттың қасиеті ерек. Қасиетті топырақтан тәлім алып, қазақ руханиятының асқақтауына қомақты үлес қосқан Манап ақынның шығармашылығын дәріптеу руханиятты қолдауға тың түрген салады. Ақынның ізін жалғап, төл өнерді қадір тұтқан таланттар арасында ақынның жүздеген жырын жатқа оқитын өнерпаздар аз емес.  Мұны М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен «Өнерге әркімнің де бар таласы» атты жас көркемсөз оқу шеберлерінің аудандық байқауынан аңғардық. Шарада мәдениет үйінің директоры Зулфия Шалабаева:
– Бұл шара Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ауданның 90 жылдығы мен Халық ақыны Манап Көкеновтың 90 жыл толуына орай ұйымдастырылды, әрі жас  таланттарды дәріптеуге бағытталған, – деп талапкерлерге сәттілік тіледі.
Манап ақынның мол мұрасын насихаттап, адамгершілік асыл қасиеттерін ұрпақ жадында орнықтыруды мұрат тұтқан Көкенов шығырмашылық өнер мектебінің директоры Уалихан Ибрагимов көпшілік алдында атқарылған жұмыстарды баяндап, алғаусыз тілегін жеткізді.
Дүбірлі додаға жас 17 көркемсөз оқу шеберлері қатысты. Барлық үміткер екі өлеңнен оқып шықты. Алғашқысы Жаңақорған ауданының 90 жылдық мерей тойы аясында болса, екінші шығарма Манап Көкеновтың өлеңдерін жатқа айтудан сынға түсті.
Үш ай демалыста жүргеноқушылар додаға тың дайындықпен келіпті.   Сайыста үміткерлердің дауыс ырғағы, шығарма табиғатын ашуы және сахнада өзін ұстау әдебі сыналды. Сайыс қорытындысында «Бас жүлде» Түгіскен ауылының талантты қызыӘбуталипова Мөлдірге бұйырды. Жаңақорған кентіндегі ерекше дауыс иесі Ералы Қасиет  бірінші орынды қанжығаға байлады. Үнемі дарындылығымен көзге түсіп, мүшайраларға белсенді қатысып жүрген Қаратөбе ауылының тастүлегі Дәулет Сұлтанғали екінші орынға ие болды. Ал, Шалқиялық Азамат Қалкөзов пен өзгенттік Жанару Тұрсынбек үшінші орынды місе тұтты. Баллық қатысушылар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлық үлестірілді.
ӘН ӘУЕЛЕГЕН КЕШ
Жаңақорғандықтар көптен бері әнге сусап қалса керек. «Мен қазақпын» атты патриоттық ән байқауын тамашалауға орталық алаңға жиналғандардың қарасы көп.
Аудандық бақауға 14 үміткер қатысып, әншілік қырынан танылды. Көбі бұрыннан байқауларға қатысып жүрген тәжірибелі әншілер болса, енді бірі енді ғана сахнаға шыққан екен. Байқау ережесіне сай бір  ән патриоттық бағытта болса, екіншісі жергілікті сазгерлердің шыармашылығына бағытталған. Осы үдені орындау мақсатында талантты әншілер әр түрлі бағытта ән шырқап, көрермендердің ықыласына бөленді.
Байқауда композитор Б.Байкенжеевтің көптеген әні орындалды. Сондай-ақ, сазгер С.Елеуов, Қ.Нәлтаев, Н.Тастаев, Д.Сыздықовтың бірнеше әні шырқалды. Жүрекке нұр, көңілге медеу сыйлаған кеште Ұлттық рух асқақтады. Бірде жігерленіп, бірде толқыған жандар жас әншілерге қолдауын аямады.
Байқауға төрелік еткен Талап Тотаев өнерпаздардың ән орындау шеберлігін жоғары бағалап, сыннан сүрінбей өткен жүлдегерлерді марапаттады. «Мен қазақпын» атты патриоттық ән байқауының бас бәйгесі Алимұса Сұңқарға бұйырды. Барлық критерийге сай келген жаңақорғандық Балауса Салханға бірінші орын берілді. Бесарық бекетінің жас әншісі Мадина Ералиева екінші орынға лайық деп танылды. Шалқиялық Мақсат Ермаханов пен Манап ауылынан келген Нағызхан Исламбек үшінші орынды қанағат тұтты. Байқауда ерекше жанрмен өнер көрсеткен «Қожакент» триосы «Көрермен көзайымы» жүлдесін қанжығаға байлады.
Шара соңында байқауда бірінші болып бастап, бас бәйге иеленген Сұңқар Алимұса:
– Патриоттық байқаулар жиі өтсе, елді де рухы асқақтайды. Бүгінгі шарада киелі топырақ қолдаған болар, өзімді сахнада еркін ұстап, халықтың қолдауын сезіндім. Бұл біз секілді жас таланттарға биік баспалдаққа көтерілуге жол ашпақ, – деді.
ТҮЙІН. Бір айға созылған ауқымды шарада таланттар өз дәрежесін көрсетіп, ауданның мәдениеті мен өркениеті дамығанын байқатты. Дүбірлі додаға №1 мәдени демалыс кешенінің меңгерушісі Нұрлан Бабажанов, № 2 мәдени демалыс кешенінің меңгерушісі Кенже Әкімбаева, №3 мәдени демелыс кешенінің меңгерушісі Сайранбек Ділманов және аудандық мәдениет үйінің мәдени қызметкерлері атсалысты.
Мақпал МАРҚАБАЙ.
25 тамыз 2018 ж. 1 255 0