№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТІРЛІК ТИЯНАҚТЫ ТАРАТУШЫ

ТІРЛІК ТИЯНАҚТЫ ТАРАТУШЫ

«Газет – халыққа білім таратады». Олай дейтініміз, мерзімді баспасөзден халық естімегенді естіп, білмегенді біліп, елді тың деректермен құлақтандырады. Сондықтан қазақ зиялылары ежелден-ақ газеттің қасиетін ұққан. Қаламгердің тынымсыз еңбегін, үзіліссіз ізденісін, ұйқысыз түндерін сезіну үшін газетті уақтылы оқыған абзал. Яғни, тілшінің жазғаны халыққа жетуі үшін газет таратушылардың тиянақтылығы сынға түседі.
Газетте тілші мен таратушы тұтас бір механизм. Тілшіге таратушы қандай қажет болса, таратушыға тілші сондай қажет. Бірінің ісін бірі бағалай алмаса ісі оңға баспасы газет өндірісі құрдымға кетері сөзсіз. Біздің төл басылым «Жаңақорған тынысы» газетінің 85 жылдық тарихы тілші мен таратушының қоғамдағы орнын таразылап берді. Бір ұжым болып ұйысып, ауызбіршілік пен ынтымақтастықты молайтқан мекемеде 12 шығармашылық тұлға, 6 техник-қызметкерлер және 52 газет таратушы бір мақсат, бір мүдде жолында қызмет етеді.
Газеттің мерейтойы қарсаңында ырғақты тіршілігі көзге іліне бермейтін, жауапкершілігі мол, ісі өзгеге үлгі, газет таратушы Майор Сәдібеков жайлы әңгіме өрбіткенді жөн көрдік. Ол – ең үздік газет таратушысы. Кенттегі ең үлкен 4 көшеге газет таратады. «Сыр Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне енген тұста ұжымда газет тарату бөлімі ашылып, Майор Әбілұлы алғашқы таратушылардың бірі болып жұмысқа кіріседі.
Газет таратушының міндеті уақтылы газетті оқырман қолына ұстату. Осы жүктемені жүз пайыз орындау үшін күн сайын түрлі кедергілерге тап болады. Қыста күннің қақаған аязы мен шілденің шіліңгір ыстығына төзуге тура келеді. Табаннан тозып ұзын көшелерді жаяу аралап, мекен-жайды дәл табу ептілік пен төзімділікті қажет етеді. Кейде тұрғындардың үйде болмауы, қабаған иттің тап беруі, газет салатын жәшіктің болмауы да пошташы қауымның ынтасын тежейді. Жауапкершілікті сезінбей, уақтылы газет таратпаған жағдайда оқырманнан арыз-шағым түседі. Осындай себеппен бірнеше таратушы жұмыстан босап қалып жатты. Міне, уақыт өте келе өз ісін жақсы меңгерген, халықтың да, ұжымның да беделін ойлайтын тиянақты таратушылар анықтала бастады.
– Жұмыстың алғашқы күндері өте ауыр соқты. Десе де, ұжымдағы қыз-келіншектердің алдында жігіттің намысымды қайрап, жігерімді жандым. Ең бірінші абономент иелерінің көңілі жай болуы үшін уақыттылы газетті апаруды мақсат еттім. Әрине, жұмысқа тез үйренуіме шығармашыл достарым, бірге қызмет ететін ортам себеп болды, – деді кейіпкер.
Майор Сәдібеков 470 абономент иесінің газетіне жауапты. Сондықтан оның бір күнде тарататын газет саны мыңнан асады. Қарулы жігіт иығына сөмкесін арқалап, қалғанын кардон жәшікпен велосипедтің артына тиеп, Хорасан, С.Сапарбеков, Түршеков, Әлшекей көшелеріне бет түзейді. Осы күнге дейін оқырманнан бір шағым түспеген таратушы ісіне тиянақты екенін аңғартты.
«Жаңақорған тынысы» газетінің тарату бөлімінің менеджері Ербол Мәмбетов: «Тарату бөліміне газет әр аптаның сейсенбі, бейсенбі және сенбісінде баспаханадан жеткізіледі. Осы күндері тұрғындарға газет таратылуы тиіс. Майор Әбілұлы газеттегі ең тиянақты, сабырлы да салмақты қызметкер. Ол ұжым арасында жұмысына жауаптылығымен сыйлы. Еңбек еткеніне үш жылдан астам уақыт өтті.Оқырманнан шағым түсірген емес. Көшелер мен үйлердің реттілігін жақсы біледі» – дейді.
Газеттің белсенді оқырманы Уайт Әбдірейімов: «Өзім жергілікті жаңалықты газет бетінен оқитын болғандықтан, аудандық басылымға көзқарасым бөлек. Газет жыл сайын жаңа айдарлармен, зерттеулермен, жанрлармен толығуда. Абономентке жазылғаннан кейін кім де болса, өзі іздеген жаңалықты оқығысы келеді. Міне, осы тұста аудан газеті тарату ісін өздері қолға алып, уақыттан озып отыр. Біздің көшеге тарататын Майор Сәдібеков өз ұлымыздай болып, шынайы пейілімен жүректен орын алды», – деді.
Ел жақтаған таратушының учаскісінде бірнеше мемлекеттік және жекеменшік нысан орналасқан. Соның бірі Әбибулла Әлайдар: «Жаңақорған тынысы – жаңалықтың жаршысы. Сексен бес жыл тарихы бар басылымды ел қадірлейді. Оқырман қауымның ойын ұғып, көкейіндегі сауалға нақты жауап қатады. Сонысымен құнды. газеттің құндылығын арттыруға газет таратушылар да тынымсыз еңбегімен үлес қосуда», – деді.
Қаламгер мен оқырманды жақындастырып, өркениеттің өрістеуіне сүбелі үлестерін қосып жүрген әріптестердің еңбегін сөзбен жеткізу оңай емес.
Мақпал Марқабай.
16 тамыз 2018 ж. 1 146 0