КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН
Кешегі мен бүгінгінің арасы бір қарыс. Тіптен, көзді ашып-жұмған сәттей. Бірақ, уақыт өз дегенін жасап, адамның дағдысын, әдетін, сенімін өзгертті. Иә, адамзат қиялға сенгісіз жетістіктерге жетті. Керек десеңіз, айды бағындырды, күнге қол созды. Химиялық жолмен жасанды заттарды жасай бастады. Бірақ. Бірағы көп болып тұр. Хош! Әңгімені көп орағытпай, ойды төтесінен бастайық.
Қазір кітапхана сөрелері қазақ және шетел әдебиеті қаламгерлерінің, журналисттер мен саясаткерлердің, тарихшылардың кітабына толы. Әрқайсының мазмұны әртүрлі. Ішінде қызықты ақпараттарға қанықтыратын, рухани көкжиегінді кеңейтетін, білімінді арттыратын туындылар өте көп. Бірақ, оқырман азайды. Яғни, кітаптар оқырманын таппай, жетім қалуда. Яки, кітап оқуды ақымақтық санайтын заманға жеттік.
Дәріханалар да жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша көбейді. Онда шетелдік дәрі-дәрмектер көбейді. Қажет десеңіз, бас ауруға ондаған дәрі алуға болады. Бірақ, аурулар да көбейді. Емі жоқ ауруларды құрықтай да алмай отырмыз.
Кезінде дала академиясын меңгерген аталарымыз мектепті тауысып-ақ оқушыларды білім нәрімен сусындатты. Көкірегі ояу, көңілі сергек жандар өмірлік білімді, кәсіби ілімді дипломмен, диломның санымен бағалаған жоқ еді. Қазір қызыл дипломның үшеуі бар, бірақ білімі таяздар бар, екі қолға бір күрек таппай жүргендер көп.
Бүгінде материалдық құндылыққа бас ұрған ақылдылар мақсат-мұратына жетті. Олар патша сарайындай үйде тұрады. Ауыс су, жылуы орталықтандырылды. Барлық әлеуметтік жағдайы жасалды. Бірақ, өзіне, отбасына қарайтын уақыты азайды. Олар қай ай, айдың қай күні екенін білмеуі де ғажап емес.
Қазір даңғазадай үйлер көп. Кірсеңіз адасып кетуіңіз мүмкін. Ондай үйлерде екі қонақ күтетін бөлме, ондаған жатын бөлме, бірнеше жуынатын жер және т.б. табуға болады. Бір сөзбен айтқанда, тұрғын үй үлкейді, бірақ, отбасы мүшесі кеміді, келуші қонақтар азайды.
Үйлену тойына 300-500 қонақ шақырып, үлкен мейрамханаларда өткіземіз. Той шеруіне қымбат көліктер жалдаймыз. Бірақ, жастар сонымен бақытты бола ала ма? Қайта ажырасу көбейді.
Үлкен көлемдегі ақшаны ұстау таңсық болмай қалды. Банкке барып, несие рәсімдеп, миллиондаған теңге ақша аламыз. Көп ақшаның бақытын бірнеше ай көреміз, сосын жылдап сорын көреміз.
Астана мен Алматыға, Анталия мен Дубайға барып келу қиын емес. Бір айда әлемнің он бес шаһарын тамашалайтындар жоқ емес. Бірақ, іргеміз бір, қорамыз ортақ көршінің жағдайын сұрамайтын болдық. Тіптен, көршісі құран оқытса да арнайы шақыртусыз бармайтын болдық.
Міне, біз бағамдаған кешегі мен бүгінгінің айырмашылығы осы...
Нұр-Кенже.