«100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ»: ҰЛТТЫҢ ОЙ-ӨРІСІН КЕҢЕЙТЕТІН ЖОБА
Қазақстан жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Яғни, төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында даму үшін үшінші жаңғыруын бастады. Елбасы әлемдік бәсеке көшінен қалмау үшін нақты мақсат-міндеттер, басымдықтар және оған жеткізетін жолдарын белгілеп берді.
Осы ретте, ұлттық интеллекті, іскерлік пен сенімділікті арттыратын бірден-бір жоба – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы. Рухани жаңғыру бағдарламасының құрамдас бөлігі ретінде бағыт-бағдарын айқындаған кітаптар санамыз ісімізден озып жүруі үшін таптырмайтын құрал.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында шығарылған кітаптарды таныстыру рәсімінде:
– Жастар жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес білім алуға тиіс. Сондықтан біз 800 кітаптан тұратын үздік оқулықтардың ауқымды тізімін әзірледік. Бүгінгі алғашқы зияткерлік транш АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Швейцария сияқты алдыңғы қатарлы елдердің ең үздік ғылыми еңбектерін қамтиды. Бұл – ауқымды энциклопедиялық ізденіс арқылы адамзат дамуының көкжиегіне жол ашатын кезең. Бүгінде зияткерлік даму үдерісінен туындаған тың серпіннің арқасында рухани революция бастау алып келеді, – деді.
Расында, «100 кітап» жобасы үлкен мақсатқа жол салатын құрал. Жаңа оқулықтар арқылы қазақ аудиторияларындағы талқылаудың мазмұны мен деңгейі көтеріледі. Кешегі Кеңестер заманындағыдай гуманитарлық ғылымдар саясаттың қызметінде, идеологияның құралы ретінде ғана емес, ұлттық ой-өрістің өсуіне жағдай жасайды.
Мәселен, таныстырылған 18 кітаптың ішінде философия, психология, мәдениеттану және т.б. аударылған екен. Менің көзіме ыстық басылғаны Халықаралық кәсіпкерлік білім беру ұйымының жетекшісі Дональд Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика» атты оқулығы. Қазақстандықтардың кәсіпкерлік құбылысын жан-жақты зерттей отырып, табысты болудың қыр-сырына үйрететін оқулық жаһандық бәсекеге қабілетті бизнесмендердің жаңа буыны шығуына жағдай жасайтынына сенемін.
Зиялы ортаның көзқарастары мен құндылықтарына ықпалы зор осы білім салалары бізде әлі күнге дейін ескі сарыннан арылмаған. Жоғары оқу орындарындағы студенттердің 70 пайызы қазақ тілінде оқиды деп марқаямыз, ал олардың не оқып жүргендеріне енді ғана ден қоя бастадық. Мұның сыртында, бұл оқулықтар қазақ тіліндегі гуманитарлық біліммен бірге қазақ тілінің өзін де өрге тартатын бастама деп білемін. Тіліміз халықаралық ғылыми лексикамен толығады.
100kitap.kz сайтының мәліметінше, бұл кітап ХХІ ғасырдағы экономикалық, қоғамдық жəне əлеуметтік дамудың басты қозғаушы күші болып саналатын кəсіпкерлік құбылысты теориялық жəне практикалық тұрғыдан зерделеуге арналған. Кəсіпкерлікті жете түсіндіру үшін оның негізгі кезеңдерін сипаттайтын бастау, жоспарлау, қалыптасу жəне даму сатылары жүйелі əрі дəйекті түрде талданған. Кəсіпкерлік идеяны нарыққа шығаруға қажет ойлау жүйесі мен инновацияның рөлі кеңінен ашып көрсетілген екен.
Кітаптың негізгі мақсаты – оқырманды кəсіпкерліктің үздік тəжірибелерімен таныстырып, тəжірибелік жəне эксперименттік оқыту əдістері арқылы кəсіпкерлікке қажет дағдыларды сіңіру.
Сондай-ақ, экономикалық тақырыпты қамтитын Грэгори Мэнкьюдің атақты «Экономикс» оқулығының төртінші басылымы, Томас Гриффиннің «Менеджменті» және Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция» еңбегіне мән беріп, егжей-тегжей зерделеп, үздік тәжірибелерді өмірде пайдалануға дағдылану қажет-ақ.
Руслан ӨТЕГЕНОВ.