» » Қызыл гүлім-қызғалдағым

Қызыл гүлім-қызғалдағым

Қазақстан – қызғалдақтар астанасы есептеледі. Лала гүлдері тұқымдасына жататын шөптесін өсімдіктің далалық аймақтарда 32 түрі бар екен. Биіктігі 3 см-ден бастап 50 см-гедейін баратын сабағы жұмыр, иісі жұпар қызғалдақтың 13 түрі Қызыл кітапқа енген.
Қаратаудың етегі – ертеден қызғалдақтың мекені. Біздің бала қиялымызда қарт Қаратаудың «Кеңқорық» деп аталатын шүйгін шөпті жайлауында мөлдіреп аққан бұлағының жағасында өтетін шопандар тойы ғажап сурет күйінде қалып қойған. Белуардан келетін бидайық самал желдің екпінімен теңіз толқынындай тербеледі. Қып-қызыл дала гүлдері- қызғалдақтар мөлдір шыққа  жуынып, жұпар иісі мұрын жара діріл қаққанда еріксіз еңкейіп бір талын ғана сабағынан үзіп алуға дәрменің жетеді. Қалғанына ешкімнің  қолы да тимесе, аяғы таптамаса екен деп  айналаңа қызғыштай көз тастайсың.
Бала жүрек те сұлулықты жақсы көреді. Ал сұлулық атаулы қатігездіктің құрбаны болмаса екен дейсің.
Мекендеген Қаратаудың қойнауын,
Берекелі ырыстыауыл, қойлы ауыл.
Керемет қой кербез сұлу көсілген,
Кел, қызықта шопандардың жайлауын.
Келсең мұнда айнала еңбек музасы,
Еңіс қойнау, ойпат басы, қыр басы.
Маңыраған төлдер үні секілді,
Төгілгелі  тұрған сазды күй басы.
Бұл қолына кішкене жалауша ұстаған жасөспірімдердің сол кездегі «Екінші тың ерлері» атанған малшы қауымның мерекесінде жатқа айтқан арнауы.
Шопандар тойына орай аққанат үйлер тігіліп, еңбек адамдарының жүзінен жарқын леп ескен мерекеге куә болар біздер үшін атакәсіптің қадірі қымбат. Ол кездегі мал шаруашылығын аяғынан  тұрғызған «Өркен» комсомол жастар бригадасы еске түседі осындайда. «Мыңбұлақ», «Шұқырай», «Ынтымақ», « Үсен бауының»  баурайынмекен етіп, мал басын 50 миллионға жеткізуге еңбектенген малшылар еңбегі ерлікке пара-пар еді.
Бірақ, неге екенін тап сол күндер мөп-мөлдір балалықтың өзі секілді шынайы, Қаратаудың тобығыңды сүйген шүйгін шөбі де жап-жасыл, бояуы қанық, зеңгір  аспаны да ерекше ашық, ерекше көкпеңбек сынды еді. Қазірде  Қаратау  сілемдерініңжайыла біткен жоталары жиі соғатын құмды желге жонын төсеп, құлазып тұрғандай сезіледі. Шұрайлы кең алқаптың қой малына нағыз керек  жусан-жантағы, жел тұрса қоныс  таппайтын ебелек пен күзге дейін  көгеріп тұратын қоңыр бас тарақбозының да тынысы тарылып, бауырын жазып, құла жортар тіршіліктің дүбірін тілеп тұр. Ал қызғалдақтар... Қырдың қайталанбас қызығы мен қырмызындай ерекше сұлулық дарытып, көрген көзге көл-көсір қуаныш құяр еді. Таптап кетуден сақтанып, аяғын аңдап  басып , бір гүлден бір гүлге елжірей тамсанып, таңғажайып күй кешер нәзік жанды пенделерге пейіштей сезілер перизат мекеннің  бұл көркін тілмен жеткізу мүмкін бе, сірә.
Тау етегінде ырғалғанқызғалдақтан ескен жұпар ауанысіміре  жұтып,  жан сарайы кеңитін әркім  табиғаттың шебер қолымен түрлі мүсінде қашалып көкке шаншыла  біткен биік тауға шығып көруді  мұрат тұтары анық . Тау-тас  арасынан сыналай   жарып шыққан мүк пен  шөптесінөсімдіктер мұнда да  кездеседі. Бәрінен бұрын  тау басынан құшағыңды жауқазынға  толтырып қайтатының қандай ғажап!
Қаратаудың етегін ежелден қоныс еткен қызғалдақ тұқымының  қаны мен жаны-су. Жаңбыр жиі жауып, ылғал мол болған 2001 жыл елдің әлі есінде. Жаңақорғаннан шыға берістен басталатын қос алқап қып-қызыл қызғалдаққа көикерілді. Әдетте, «Секретарь төбе» деп аталатын бұл маңнан өтерде жолаушы екпінін басып , көлігін тежеп, әруақтарға дұға бағыштап өтуге тиіс. Өйткені бұл маңда аштықтан қырылған қалың елдің мүрдесі қалған. Сол құрбан болғандардың қып-қызыл қаны қызғалдаққа айналып, айнала алауға оранғандай, тұла бойыңды бір шаттық , бір мұң көрнейді. Бұл да бір табиғаттың тарихқа тағзымы емес пе екен?!
Әр ұрпақ- өз заманының перзенті ғана емес өз қоғамының қожасы. Табиғат та сол екі аяқты санаиелерінің тәуекелді талабына тәуелді.
Өндірісті өркендетеміз деп тау-тасты жарып, талқандап жатқанымыз ешнәрсе емес, жеті қат жердің астын лайлап, табиғаттың тепе- теңділігінен бұрын табысты ойлап, қоршаған ортаға орасан зардап шектіріп жатқан жоқпыз ба деген дүдәмал ой кернейді кеудені. Топырақтың эрозияға ұшырауы, ғайыптан  тайып,  қалыбынан жаңылған ауа-райының  тосынмінезі бізге осыны айдан-анықескертіп тұр.
Қырдың қызғалдағыда жылдан-жылға ауру меңдегендей аласарып барады, азайып барады. Кей жылдары болар-болмас бой көтеріп, уақыты жетпей қылтиып қалатыны қандай қасірет.
 Қызғалдақ- табиғаттың бізге тегін тартуы еді. Қадіріне жете алмай жүрміз.
Бір мемлекеттер қызғалдақтан қыруар табыс тауып келеді. Бүгінде «қызғалдақтар елі»  атанған Нидерландия ел қазынасын жыл сайын қызғалдақ саудасынан түсетін  500 млн АҚШ долларына тең  табыспен молайтады екен. Қызғалдақ тұқымы Памир тауларында, Үндістанда, Сирияда, Ливандакездеседі. Гүлдің бұл түрінің бауыр ауруына емдік қасиеті анықталған.
Жалпы қызғалдақ атауы, тюльпан- парсы тілінен аударғанда толы бан-басқа тартатын орамал дегенді білдіреді екен.
Қазақстан аймағында алғаш қызғалдақты академик - ғалым Питер Симан Паллас 1771 жылы зерттеп,жариялады. Көктем айында бар болғаны 15-20 күн ғұмыр сүретін қызғалдақ әлем  бойынша  гербарийжапырақтылар этикеткасында сақталған.
Гүл шоғы-мерекеде, атаулы күндері туыс-бауырға,  қимас досқа тарту етуге таптырмайтын тамаша сыйлық. Ал ол қызғалдақтан  құралса тіпті керемет. Қызғалдақтың сары, көкшіл түсті түрлері де бар.
Әңгімемізді Қаратау қызғалдағынан бастап едік. Тағдыры табиғатқа тәуелді бұл тұқымның жоғалып кетпейтінін, қуаңшылықта тұншығып  тас қапқанын кек тұтпай  жаңбыр судың молшылығында қауызын кең жаяр, тамыры берік  өміршең өсімдік екенін білдік. Қызғалдақты қолда өсіруге ұмтылысбар. Көктемде ұзынды-қысқалы сабақты қызғалдақ букеттерін сатып тұрған гүл сатушыларын сөзге тартқан едік.
– Алматы, Шымкент, Сарыағаш парниктерінен  келетін қызғалдақтардың бір талының құны 200 теңгеден  500 теңгеге дейін бағаланады. Гүлдер тамыр топырағымен қоса әкелінеді. Сабағынан кесіп алып, суға қойып сатамыз. Ал тұқымын биыл көктемтопыраққа тастадық. Өнім дерегібір жылдан кейін белгі береді екен. Күтіп отырмыз,- дейді.
Ия, қызғалдақ түзден қолға қараса, қамқорлыққа жараса, ғұмырына да араша болар едік. Қызғалдағымыздан айрылғымыз келмейді. Қыз-ғұмырды да маңдайына күн тигізбей мәпелеп, тіл-сұқтан сақтап, оң жақта баптап, алақанға салған қазақ қыз баланы гүлге теңеп «Қызыл гүлім- қызғалдағым» дейді. Ендігі мәселе, оған қорған болуға жарасақ. Қыздарымызға да, қызғалдағымызға да.
Бұл екеуі де біздің көз қуанышымыз ғой.
Баян
ҮСЕЙІНОВА.
28 шілде 2018 ж. 1 421 0