НӘРЕСТЕЛЕРГЕ ҰШАҚТАР КӨМЕККЕ КЕЛДІ
Биылғы бірінші жартыжылдықта 150-ден астам жаңа туылған нәрестені санитариялық авиация құтқарды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Осынша бөбек Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен, қияндағы ауылдардан елордаға, сондай-ақ жан-жақты медициналық көмек көрсете алар клиникалары бар өзге де қалаларға санитарлық авиация күшімен сәтті тасымалданыпты.
Еліміздің көптеген елдімекендерінде төл перзентханасы жоқ екені жасырын емес. Ол жерлерден босанар алдында жүкті әйелдерді жедел жәрдем көліктері қалаға әкетеді. Бірақ тасымалдауға ананың денсаулығы жарамаса, ауа-райы, мәселен, қалың жауған қар оған мүмкіндік бермесе, әлде шалғай ауылға жолдың жоқтығы асу бермес кедергіге айналса, онда көмекке санитарлық шағын ұшақтар келуге тиіс.
Айтқандай, бүкіл 2017 жыл бойында 450-ден астам дертті нәрестеге, соның ішінде туылған кезде салмағы 1 келіге де жетпейтін бөпелерге санитариялық авиация арқылы медициналық көмек көрсетілген екен.
Сырқаттанған сәбилерді тасымалдау үшін санавиацияға қызмет көрсететін әуе көліктері қазіргі кезде арнайы кювездермен және балдырғанның өмірлік маңызды көрсеткіштерін сүйемелдеуге арналған медициналық құралдармен жабдықталған. Дүние есігін енді ғана ашқан сәбилерді тасымалдау кезіндегі басты міндет ретінде баланың тыныс алуын лайықты демеуді, оның денесінің температуралық режимін және жүрегінің жұмысын қолдауды қамтамасыз ету белгіленген.
«Осы шілде айының басында құрамында неонатолог және реаниматолог дәрігерлері бар бригада санавиация ұшағымен Атырау облысының Құрманғазы ауданына шұғыл жолға шықты. Ол елдімекенде мерзімінен бұрын туылған бала шұғыл жәрдемді қажет ететін жағдайда жатқан болатын. Бұдан бұрын оның анасы жүктіліктің 34-аптасында ішіндегі нәрестеге қауіп төндіретін жағдайда аудандық медициналық ұйымға түскен екен. Содан 7 шілдеде әйелге босандыру шаралары жүргізілген. Бала шала туған, салмағы да қалыптыдан едәуір төмен болып шықты. Сол күні бала мен оның анасына санитариялық авиация борты жіберілді және ұшақ оларды Атырау қаласындағы облыстық перинаталдық орталыққа жеткізді» деп мысал келтірді денсаулық сақтау ведомствосы.
Министрліктің түсіндіруінше, ана мен оның баласына жергілікті жерде жәрдем көрсетпей, Атыраудағы орталыққа ұшақпен алып кетуге баланың ауыр жағдайы ғана емес, сондай-ақ олар жатқан медициналық ұйымда күту мен емдеуге қажетті шарттардың болмауы себеп болған көрінеді. Осындай жеделділіктің, сондай-ақ барлық тартылған мамандардың тәжірибесі мен кәсібилігінің арқасында 2018 жылғы 18 шілдеде жас босанған ана мен оның баласы сауығып, үйіне аман-есен аттанған.
Атап өтер жайт, биылғы жылдың І жартысында патологиялық дерттермен туған нәрестелер санитариялық авиация көмегіне жүгінген барлық сырқаттардың 17,3 пайызын құрады.
Тұтастай алғанда, 2018 жылғы 6 ай ішінде әр саладағы білікті дәрігерлер мінген санавиация ұшақтары 982 ұшуды жүзеге асырып, 1072 науқасқа медициналық көмек көрсеткен. 1137 медициналық қызмет түрі орындалыпты.
Санитарлық авиация – мемлекет тарапынан кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аясында жүзеге асырылатын шұғыл медициналық жәрдем түрі. Ұшақпен тасымалдау не дәрігерлерді жеткізу туралы шешімді Республикалық санитарлық авиация орталығы қабылдайды. Оның төл ұшақ паркі жоқ, оның орнына он әуекомпаниясынан авиациялық қызметтерін сатып алады, арнайы жабдықталған ұшақтарын пайдаланады. Бұдан бөлек, ІІМ-нің «Қазәуеқұтқару» АҚ-ы оған 13 тікұшағын ұсынады.
Санавиация қызметін шетелде дертке душар болған, жазатайым жағдайға ұшырап, жарақат алған қазақстандықтар да пайдалана алады. Құрылып, алғашқы ұшулар жасай бастаған 2011 жылдан бері бұл қызмет шетелдік клиникалардан 47 азаматты елге жеткізді.
Айхан ШӘРІП. Айқын газеті.