№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖЕЛІДЕ ЖЕЛІККЕНДЕРГЕ КІМ ЖАУАПТЫ?

ЖЕЛІДЕ ЖЕЛІККЕНДЕРГЕ КІМ ЖАУАПТЫ?

Түн қаранғысында телефонға телміру. Қызарған көз. Шала ұйқы. Бүгінде бұл құбылыс қалыпты жағдайға айналды. Түнгі сағат 2-3-те оянсаңда жеткіншек өспірімнің жатқан масаханасы смартфонның сәулесімен нұрланып тұрады. Кейде әлгі анекдоттағыдай ұлым «әулие» болып кеткен бе деген ой келеді. Өкінішке орай бұл құбылыстың жүзі нұрланған әулиелікке еш қатысы жоқ. Жай ғана әлеуметтік желінің әлегіне түсіп, таң атыруда. Енді сол телефонға телмірген тентегіңіздің смартфонын сұрап көрдіңіз бе? Қипықтап кетеді. Бермейді. Әрнәрсені алдаусыратып, ұстатпауға тырысады. Жарайд, қатқыл дауысты қолданып, қабағыңызды түйіп, телефонын алған күннің өзінде оны тіміскілей алмайсыз. Өйткені, «Пентагонның паролін» қойып тастаған. Ең көбі бес рет өздігінше әрекет жасайсыз, сосын смартфон бұғатталады. Болды. Иә, бұрын ұл-қызы ер жеткенде жеті атасын сұраса, бұл күнде балмұздағы мен көшеге шығатын тиынын беріп, телефонының құпиясөзін сұрайтын халге жеттік.
Қайтпек керек? Буыны қатаймаған жас буынға  бақылау болмаса, бетімен кететіні тағы бар. Оған бабадан қалған мына мәтел дәлел. «Қызым үйде, қылығы түзде». Яғни үтірге дейінгі сөз қызым үйде тыныш, оғаш мінез көрсетпейді. Ал екінші қатары сыртта кім біледі, не істеп жүргенін деген сөз. Енді сұрақ: Бұрынғының ата-анасы – енді ол жағын білмеймін ғой, не істеп жүргенін деп қоя салған ба? Әрине, жоқ. Осы тұста екінші мәтел кетеді. «Қызға қырық үйден тыйым». Егер менің қызымның дарақы қылығын көрсеңдер, әй-ауылдастар, ағайындар тиыңдар дейді. Қыз тәрбиесімен қара шаңырақ қана емес, бүкіл ауыл айналысатын болған. Бәрін айтта, бірін айт, осылай қылығын қырық түйеге жүк қылған қызғалдақ қыз қырық үйлі ауылдың арқасында бойжеткен. Соңыра, қылықты қызға құда түсушілер көбейіп, арада уақыт өте келіншек атанады. Енді жаңа түскен жас келін үйдің шаруасына аса бейім болмауы да кәдік. Міне, осы сәтте үшінші мәтел күшіне енеді. «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда». Бұл не деген сөз? Яғни, шаңырақтың берекесі болған әже, әулеттің салт-әдеттерін жас келінге бірден айтпайды. Біздің үйді білесің ғой, әкең ананы ұнатпайды, анаң мынаны жасамайды деп қызына айтқан боп, келінге жаңа әулеттің әдеттерін астыртын естірте береді. Тамаша қарым-қатынас ия? Енді тіке айтса, жас қалыңдықтың сағы сынып қалуы мүмкін. Түптеп келгенде, қазақтың мақал-мәтелі тек ақыл айтудан тұрмайды. Ол – бірін-бірі жетектеген жүйелі кеңестердің жиынтығы десе болады. Хош. Бұл мәтелмен не айтпақ болғанымызды тарқатсақ. Бұрынғы қыздың жаман қылығы түзде шықса, қазіргі қыздар интернетте неше түрлі қылық көрсетіп жүр. Көп ата-ана ұл-қызының «Фейсбук», «Инстаграм», «В контакте» желісінде кіммен сөйлесіп, қандай қарым-қатынаста жүргенін, қандай фильмдер көретінін білмейтін шығар. Сондықтанда тақырыпқа тұздық етіп алған «Қызым үйде, қылығы түзде» деген мәтелді, «Қызым үйде, қылығы ғаламторда» деп бұрмаласақ қалай болар екен.
«ВИРТУАЛДЫ МАХАББАТ»
Ал өтпелі кезеңде жүрген жеткіншек ұлдардың телефоннан ең көп көретіні – бейнеролик. Оның ішінде; жасырын камераға түсірілген қысқа қалжыңдар, Көңілді тапқырлар клубының әзілдері. Бастары қосылса, айтатындары да сол. Әлгі приколды көрдің бе?, деп әңгімесін бастайды. Мән-мағынасыз. Ерсі қылықтар. Бір-біріне таратуда жан салмайды. Қысқа сөзбен қайырғанда. Іліп аларлық тәлімі жоқ роликтер. Бұл бір деп бас бармағыңызды бүгіп қойыңыз.
Енді екіншіден, түнеугүні орталық алаңға бала-шағаны ойнатуға апардым. Содан «Жеңіс» саябағының ішінде өріп жүрген өрімдей өрендер. Әсіресе, 7-8-9-сынып оқушылар. Қарап отырғанша деп аз-кем сауалнама жүргізуге бел будым. Ә-дегеннен шалбарының тізесі жұлым-жұлым болған бір топ бұрымдыға көзім түсті. Амандық-саулық сұрап, өзімді таныстырдым. Сосын мән-жайды түсіндіріп, ең жиі кіретін әлеуметтік желідегі парақшаларын сұрадым. Барлығы В Контакте желісін атап, «ПЖ», «МЖ» парақшасына көп кіретінін айтты. Кейіннен сұрастырып білсем, қысқартылған парақшаның ашықтамасы «Признавашки Жаңақорған», «Махаббат Жаңақорған» екен. Одан әрі шашын қайырып, бойын тіктеген ұлдарға жақындадым. Сұрастыра келе, тоғызыншы сыныптың оқушылары екенін білдім. Жеке-жеке есімдерін сұрап болған соң, «Жүретін қызың бар ма?» десем барлығы «Иә» деп жауап қатты. Сенбеген адамның образына еніп, бір-екі жылтыңдап тұрғанын сөзге тарттым. Алғашқыда сыр білдірмеді. Әрнәрсені бір айтып, тақырыптан қашуға тырысты. Кейін кілтін тапқандай болдым. Біз өзі мақтағанды қатты ұнататын халықпыз ғой. Осы тәсілді қолданып едім, сайрап сала берді. Өзін Ерасыл деп таныстырған жеткіншек «Ватцап» мессенджерін ашып, махаббат хикаясын жайып салды. «Жаным», «жаным» деген сөзден көз тұнады. Бір емес, бірнеше қыздың басын айналдырып жүргенін мақтан еткен Ерасыл мұның бәрі тек «виртуалды махаббат» екенін жасырмады. «Негізі жүретін бір-ақ қызым бар, қалған қыздың  бәрі өздері жазады маған» деді  ақкөңіл жеткіншек. Бізде тақырыпты осы тұстан түйіндеуді жөн көрдік.         
Түйінсөз.
Әрине ұялы тетіктің ішіндегі интернетті игілігіне икемдесе игі. Бірақ, біздердікі бағдарламалық ойын ойнау мен әлеуметтік желінің әлегіне түсуден әрі аса алмай жатыр.  Десе де, ақпараттық технология қарыштап дамыған заман. Смартфон ұстатпаймын деу, ол алып күн сәулесін алақанмен жауып тұрамын деумен тең.. Бастысы, мақсатты қолдану. Телефонның о-баста зауыттан шыққандағы мақсаты – байланыс, коммуникация құралы. Психологтардың сөзіне сенсек, әрбр ата-ана балаларының интернетте кімдермен байланыс жасайтынын күнделікті бақылап отыру керек дейді. Бұл үшін ата-ана смартфонның тілін үйреніп, жақсы меңгеріп алуы тиіс. Әйтпесе балаңыз үйде көз алдыңызда не масаханада «нұрланып» жатқанымен көрпенің астында ұрланып, виртуалды әлемнің әлегіне түсіп жатқанын бір қадағалап қойыңыз.Сондықтанда мәселенің кілтипаны – тәрбиеде жатыр. Бабалардың ізіне көз салсақ, ол тек – парасатты пайымға салып үйреткен. Суыртпақтап айта алмай отырғаным телехикаяның ұятты жерінде көзін жауып, не интернеттегі ұятсыз бейнелерден шектегенімен ұтатынымыз аз. Салмақты тәрбие бере алмасақ, бұл интернеттен аластаудың жолы алыс.
21 шілде 2018 ж. 1 192 0