» » ОҚЫТУ СЕМИНАРЫНЫҢ ОЗЫҚ ТҰСЫ

ОҚЫТУ СЕМИНАРЫНЫҢ ОЗЫҚ ТҰСЫ

Елбасының рухани жаңғыру мақаласының аясында мектеп жасына дейінгі балаларға түрлі бағдарлама бойынша оқытудың тиімді жүйесін үйрету қолға алынды. Жуырда мектеп жасына дейінгі балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудың жаңа әдістері тақырыбында «Балғын» балабақшасында аймақтық семинар ұйымдастырылды. Семинарға облыстық оқу орталығы директорының орынбасары Гүлнар Дихамбаева қатысып, алдағы жоспарды тиянақты түсіндірді.
Алдымен, жиын «Туған жер – алтын бесік» тақырыбында презентациямен ашылды. Алғы сөз алған облыс орталығынан келген Гүлнар Дихамбаева:
– Ең бірінші мақсат – балабақша тәрбиеленушілерінің бос уақытын тиімді пайдалану. Яғни, жазғы уақыттарда оларды оқудан бөлек спорттық шараларға, ойлау қабілетін арттыратын түрлі ойындарға дағдыландыруға жұмыс жасауымыз керек. Сондықтан, жоспар бойынша іске кірісіп, балаларға барыншы көңіл бөлуіміз тиіс, – деп алда басқа да қандай жоспар барын түсіндіре кетті. Әрі мұндай семинар алдағы уақытта да болатынын хабардар етті. Одан кейін бас партияның аудандық филиалының кеңесішісі Нариман Жакудаев сөз алып, ұстаздарға сәттілік тіледі.
Сонымен, бірінші бөлім аяқталды, одан кейін балалармен жұмыс басталды. «Шағала» мен «Аққу» кіші тобының тәрбиеленушілері «Тәй-тәй, балақай» көңілді эстафетасы, «Шынықсаң шымыр боласың» тақырыбында өткен шараға жұмылдырылды. Келесі кезекте «Ер Төстік» ересектер тобы өнерлерін ортаға салды. Сурет салып, қойылым қойды, ән салды. Мұның негізі балалардың шығармашылық әлеуетін арттыра отырып, бойында тұнып тұрған талантын көрсете алуды қалыптастыру.
Жалпы айтқанда, кең көлемде өрбіген семинарға көрші ауданнан да тәрбиешілер қатысып, тәжірибе алмасты. Расында жоғары дәрежеде ұйымдастыра алған «Балғын» бөбекжайының еңбегі көрініп-ақ тұр. Жиынды қорытқан қаладан келген қонақ пен аудандық білім бөлімінің жетекші маманы Назерке Базарбаева жиынға оң бағасын беріп, оның алдағы уақытта да осындай деңгейде өтуіне ниет білдірді.
Әли ТЕМІРБЕК.
14 шілде 2018 ж. 706 0