» » «НҰР ӘЛЕМГЕ» КЕЛУШІЛЕР ҚАТАРЫ КӨП

«НҰР ӘЛЕМГЕ» КЕЛУШІЛЕР ҚАТАРЫ КӨП


EXPO – 2017 көрме кешенінің орталық нысаны – «Болашақ энергиясы» музейі – «Нұр Әлем» сферасы. Бүгінде ол Астана қаласының қонақтары қызыға тамашалайтын, елордаға келген туристер бас сұқпай қайтпайтын көрікті орынға айналды. Халыралық EXPO – 2017 көрмесінен кейін де бұл жақта адам аяғы үзілген емес. «Нұр әлем» сферасын күніне орта есеппен 800-дей адам тамашаласа, демалыс күндері келушілердің саны 2 мыңнан асып жығылады. Бұл жерде үлкенді де, кішіні де қызықтыратын экспонаттардың қатары көп. 8 деңгейден тұратын «Нұр Әлемнің» тақырыптық тұжырымдамасы «Болашақ энергиясы музейі» ретінде ұсынылған. Бүгін біз EXPO – 2017 көрмесінің ең ерекше мұрасы – «Нұр Әлем» сферасы туралы айтамыз.

Бүкіл энергия бір жерде
«Нұр Әлемге» келушілердің саяхаты 8-деңгейден басталады, оған 8 лифт арқы­лы көтеріледі. Жоғары деңгейге жеткен келуші «Болашақ Астана»: 2050 жылдағы Қазақстанның астанасы экспозициясымен танысады. Қаланың мүсіндік моделі тұрақты даму мен экологиялық тиімділікті ескере отырып, қаланың амбицияларын сипаттайды. Одан кейін 7-деңгей – Ғарыш энергиясы. Ғарыш энергиясын таныстыру ғарыштан алынған энергияны өндіруге арналған көреген жоспарлар мен идеялары бар ғылыми зерттеулерді көрсетуден басталады. Ал 6-деңгей Күн энергиясына арналған. Мұнда келушілерді күн энер­гиясын қолданудың түрлі тәсілдерімен таныстырады: ежелгі заман өркениетінде қолданылғандардан бастап заманауи озық технологиялармен аяқталады. 5-деңгейдегі Жел энергиясын көрсету «Жел аллеясы» экспозияциясынан басталады, онда келу­шілер әртүрлі жел жылдамдығын сезі­не алады. Биомасса энергиясы деңге­йінде жасыл панорамалық алаң түрінде ұсыныл­ған және күн энергиясының «қоймасы» болып табылатын астық көздері биомас­сасының түрлерін қамтиды.
Үшінші деңгейде орналасқан кине­тикалық энергия аймағында өрме келу­шілерді кинетикалық энергиямен байла­нысты тарихи артефактілерді танысты­ратын динамикалық бейнелермен баста­лады. Ал екінші деңгейдің тақырыбы – Су энергиясы. Су энергиясын көрсету судың көмегімен энергияның пайда болу процес­сін көрсететін бөгетті көркем орнатудан басталады.
Ең соңғы, бірінші деңгейдегі «Нұр Әлем» 5000 шаршы метр ауданда орналас­қан, «Қазақстанмен танысу» және «Жа­сампаз энергиясы» деген негізгі екі аймаққа бөлінген. Бірінші бөлімде әртүрлі және ауқымды ландшафтар, бай мәдениет, тарих, бүгінгі және болашақ Қазақстан көрсетілген. «Жасампаз энергиясы» аймағы көрме тақырыбы бойынша отан­дық ғалымдардың ең жақсы жобаларын, энергетика және қоршаған ортаны қорғау саласындағы бастамаларды, республика өңірлерінде сәтті іске асырылып жатқан және асырылған «Жасыл экономика» жо­баларын және «Токамак» қазақстандық ма­­териалтану термоядролық реакторы­­­ның моделін қамтиды. Көрме мұрасы ны­сан­дары елорда тұрғындары мен қонақта­ры арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр. «Нұр Әлем» сферасын жұмыс күн­дері орта есеппен 800-ден астам, демалыс және мереке күндері шамамен 2 мың адам тамашалайды. Бұл көрсеткіш негізінен туристік маусымнан тыс кезеңге қатысты екенін ескерсек, жазғы демалыс кезінде келушілердің қатары артатыны анық. Сонымен қатар отандық және шетелдік туроператорлармен белсенді жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі күні туроператорлармен туристік пакеттер құрамына нысандарға билеттерді қосу бойынша 20-дан астам келісімшарт жасалды. Көрменің мұрасына Ресей Федерациясының шекаралас аймақ­т­арының (Челябинск, Түмен, Омбы, Ново­сибирск, Қорған облысы, Алтай өлкесі, Башқұртстан Республикасы), сондай-ақ Еуропа елдері туристерінің қызығушылығы жоғары.
Энергияны желден алады
«Нұр Әлем» павильонының жоғарғы жағында ғимараттың сәулеті мен құрылы­сына біріктірілген, жалпы қуаты 20 килло­ват сағат болатын 2 жел генераторы орна­тылған. Бұл жел генераторлары дыбыссыз, осыған байланысты оларды қалада орнату мүмкіндігі бар. Оған қоса бұл генераторлар жел бағыты мен ауытқуларына тәуелді емес. Автоматикада жел генераторлары тұрақты желдің жылдамдығы секундына
3 метрден артық болғанда қосылады. Ал желдің жылдамдығы желдің шекті көрсет­кішке жеткен кезде, генератор зақымданбас үшін автоматты түрде тоқтайды.
Сондай-ақ «Нұр-Әлем» В1 қасбетіне жалпы қуаты 37 киловаттық фотоэлектрлік панельдер біріктірілген. Көрменің басты нысанында, «Нұр Әлем» сферасының фу­ту­­ристік дизайнын бұзбай электр энер­гия­сын өндіруге мүмкіндік беретін ең жаңа фо­тоэлектрлік технологиялар қолданы­луда.
«Нұр Әлем» сферасында орнатылған жаңартылған энергия көздерінің көрме өткізу кезеңінде электр энергиясын жалпы өндіруі 7,4 МВт*сағатты құраған. Соның ішін­де 6,3 МВт*сағаты фотоэлектрлік стан­ция­сы­нан, ал жел генераторларынан 1,1 МВт*сағат қуат өндірілген. Осы орайда айта кетейік, 7,4 МВт*сағат қуат бір ай ішінде ор­та­ша 12 пәтерді электр қуатымен қамта­масыз ете алады.
Тазалаушы робот жұмыс істейді
Көрме кешенінің негізінде елдегі робо­то­техника және жобалауға арналған ғылыми-техникалық база және күнделікті өмірде роботтарды шығару мен қолдану деңгейін дамытуға ықпал ететін жобалар құрылуда. Осылайша, «Болашақ энер­гиясы» музейінде ерекше интеллектімен жабдықталған автоматтандырылған таза­лаушы робот өз жұмысын бастады. Сон­дай-ақ бұл павильонда сізді виртуалды шындыққа саяхат күтеді. «Нұр Әлем» сферасында VR аймақ орнатылуда, онда сіз нағыз қазақ халқының нақты ортаға­сырлық тұрмысына үңіле аласыз. Соны­мен, қатар келушілер садақ ата алады.
Бұдан бөлек, сіз парапланмен ұшып отырып, Алматы мен Астана қалаларының көрінісін байқай аласыз. Ал балалар мен ересектерге OMNI платформасында өте қызықты және инновациялық ойын ұсы­нылады. Алдағы күндері сфераның бар­лық қабаттарында келушілер үшін экскур­сия­ны жаңа буын Робот-гидтері өткізетін болады.
«Нұр Әлем» сферасы қонақтарды дүйсенбіден басқа күндері күн сайын күтеді. Сондай-ақ көрме кешеніне және EXPO – 2017 саябақ аймағына келушілерге ыңғайлы болу үшін, 1000 машинаға арнал­ған жерасты автокөлік тұрағы жұмыс істейді. Тұрақ тәулік бойы жұмыс істейді, кіру/шығу Т.Рысқұлов (оңтүстік кіру тобы) көшесі жағынан жүзеге асырылады. Алғашқы 3 сағат – тегін, кейінгі сағаттар – сағатына 100 теңгеден.
Kids/Student Future Energy тақырыбындағы ашық сабақтар
Бүгінгі күні форматы нақты ортадағы визуалды оқу бағдарламаларын білдіретін Kids/Student Future Energy ашық сабақ­тарын өткізу үшін көрме нысандарына оқушыларды тарту бойынша Астана қала­сының және өңірлердің білім беру меке­мелерімен жұмыс жүргізілген. Осыған орай, Халықаралық мамандандырылған көрме нысандарына білім беру турларын ұйымдастыру мәселелері бойынша елі­міздің барлық өңірлерінде білім беру мекемесінің басшыларымен, турбизнес өкілдерімен және мүдделі құрылымдармен көшпелі кездесулер ұйымдастырылған. Соның нәтижесінде, аймақ әкімдіктері және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арасында ынтымақтастық туралы үш жақты меморандумға қол қойылды.
Бұл меморандумдарды екі кезеңде жүзеге асыру жоспарланған. Бірінші ке­зең­де өңір мұғалімдеріне арналған ақпа­раттық тур ұйымдастырылса, ал екінші­сінде осы мұғалімдердің қатысуымен өз оқушылары үшін Kids/Student Future Energy тақыры­бында ашық сабақтар өткізіледі.
20 маусым 2018 ж. 744 1

Гость Jeahulalf от 11 наурыз 2019 00:21
Cvs Propecia Male Pattern Baldness High Dose And Low Dose Amoxicillin generic cialis from india Buy Doxycycline 30 Pills Amoxicillin 875 Mg Misoprostol Cytotec