Банк үстемақысы бас көтертпей тұр

Бүгінде қалтасы қалыңды да, жұқасын да несиеге тәуелділік тырп еткізбей тұрғаны анық. Тіпті, несие күнделікті тіршілікпен біте қайнасып кеткен ұғымға айналды. Үй, көлік, тұрмыстық техника, білім алу мен ем-дом қабылдау – бәрінің артында несие тұр. Сауаттысы бар, сауатсызы бар, қысылып-қымтырылғаны мен кәсібін дөңгеленткісі келгені бар, бір сөзбен айтқанда, әрбір қазақстандық банк пен қаржы ұйымдарына белшеден қарыз. Еліміздегі банктер мен қаржы ұйымдарының барлығы дерлік жаппай халыққа үлкен пайызбен несие беру арқылы мол пайдаға кенелудің жолын жақсы игеріп алған. Ал қарапайым халық тапқанын банкке беріп, керек десеңіз кредитті кредитпен жауып жүр.
Халық қазір несиеден қашпайды, керісінше, несие арқылы күнелтуге көшкен. Қазақстан – әлем бойынша несиесі ең қымбат елдердің бірі. Ұлттық банк белгілейтін базалық мөлшерлеме 18 пайызға жетіпті. Банктердің несиеге қосатын үстемеақысы бұдан да жоғары, яғни банктердің орташа пайызы 24-32 пайыз аралығында екен. Ары қарай есептеу оңай: 1 миллион теңге несие алған адам оның төлемін банктің шартына қарай 1,3 млн мен 1,5 млн теңге мөлшерінде қайтарып береді. Яғни, халықтың табысын жұтып жатқан жүйе деуге болады. Ұлттық статистика бюросы мен қаржы нарығын реттеу агенттігінің деректерін қарасақ, елімізде экономикалық белсенді 9,3 млн адамның 7,4 миллионы қарызға батқан. Бұл – 79%. Оның ішінде 1,4 млн адам – 90 күннен аса мерзімі өткен борышкер. 900 мыңнан астам азамат – бір жылдан бері төлем жасамаған. 2020–2024 жылдар аралығында тұтынушылық несие көлемі екі есеге өсіп, 5 трлн теңгеден асқан.
Еліміздегі екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдарының мырзалығы нәтижесінде бір адамның басында бір емес, бірнеше несиенің қордаланып, жағдайдың шиеленісуінен суицид оқиғаларының да жиі қылаң беруі алаңдатарлық жай.
Байқағанымыздай, бізде халықтың қаржылық сауаты төмен екені аңғарылады. Мәселен, несие рәсімдеген клиент банкпен арадағы келісімшарт қағазына назар салып, танысып жатпастан қол қоя салады. Бір ғана мысал келтірейікші, келісімшарт ішінде «аннуитет» деген бар. Оған несие алғандар ай сайын 100 мың теңге төлесе, соның үш пайызы, яғни 3 мың теңгесі ғана негізгі қарызды жабады, ал қалған 97 мыңы – банктің пайдасына шешіледі. Одан бөлек, алған несиеңізді жапқанша сақтандыру компаниясына төлейтініңіз бар. Несиені жауып біткенде, ол ақшаны қайтарып алуыңызға болады. Бірақ көпшілігі оны білмейді. Осы тұста, оқырмандарға айтарымыз, егер несие алған болсаңыз, несиені уақытынан бұрын толық жапқан жағдайда сақтандыру компаниясына өтініш жазып, ақшаңызды кері қайтарып алуыңызға болады.
Иә, біздегі банктердің несие пайызы өте жоғары. Соның салдарынан адамдарға несиесін уақытында төлеу қиын. Қарыз адамға қарызын өтеуге жағдай жасалуы керек. Ал бізде қалай? Банкте қарызы бар адам тұрақты жалақысы бар жұмысқа тұрайын десе, несиенің өтеуі ретінде жалақы карточкасын бұғаттап тастайды. Сосын борышкер амалсыз екінші рет несие алуға мәжбүр немесе қара жұмысқа жегіледі. Шетелге шығып, алаңсыз жұмыс істегісі келсе де бара алмайды. Өйткені борышкердің шетелге шығуына сот орындаушысы тарапынан тыйым салынады.
Қаржы сарапшысы Еркін Сатыбалды былай дейді:
– Қазақстан банктері шетелден 2-3% төмен пайызбен қаржы алып, халыққа 25-45% пайызбен несие береді. Бұл – әлем бойынша ең табысты банктердің бизнес моделі. Егер аннуитетті түсінетіндер көп болса, халықтың жартысы несие алмас еді.
Несие алған әрбір азаматты банк сақтандыруға қосады. Бұл міндетті шартқа айналған. Зерттеу барысында біз бес банктің шарттарын қарадық. Барлығында да сақтандыру сомасы несие төлеміне кірістіріледі. Бірақ маңыздысы, несие мерзімінен бұрын жабылса, сақтандыру ақшасын қайтарып алуға болады. Өкінішке қарай, клиенттердің 70%-ы мұны білмейді. Бұл сақтандыру компанияларында «жатып қалған» миллиардтаған теңге.
Одан бөлек, 100-ге жуық микроқаржы ұйымы мен онлайн-сервис қазақстандықтарға «жедел несие» беріп отыр. Құжат қажет емес, 5 минутта мақұлданып кетеді. Бірақ олардың жылдық тиімді мөлшерлемесі – 300–365%. Мысалы: 30 000 теңге алсаңыз, 30 күнде 40–45 мың етіп қайтарасыз. Бір ай кешіктірсеңіз – қарыз 90 мыңға дейін өседі.
Ең сорақысы, мұндай микроқаржы ұйымдары клиенттің жеке куәлігін кепілге алып отыратынын білдік. Бұл – заң бойынша тыйым салынған механизм. Мұндай әрекет алаяқтыққа жол ашады.
Журналистік зерттеу нәтижесінде халықтың көпшілігі жоғарыда айтқан заңдылықтардан хабарсыз екеніне көзіміз жетті. Осының барлығын банктер тиімді пайдаланып отыр.
2023 жылдың 14 маусымында Мәжілістің пленарлық отырысында депутат Абзал Құспан Қазақстан халқының әлеуметтік ахуалына тікелей әсер ететін күрделі мәселені көтерген еді. Оның көтерген сауалы қарапайым статистика емес бұл миллиондаған азаматтың тағдырын, күнделікті тұрмысын, бизнестің тынысын айқындайтын пайыздық мөлшерлеме саясаты болатын. Депутаттың салыстырмалы деректері қоғамда үлкен резонанс тудырды. Пайыздық мөлшерлеме Кореяда – 3,5%, Қытайда – 3,65%, Германияда – 3,75%, Англияда – 4,25%, Канадада – 4,5%, АҚШ-та – 5,25% екен. Бұл елдердің даму деңгейі, технологиялық қуаты мен қаржы жүйесінің тұрақтылығы Қазақстаннан әлдеқайда жоғары екені белгілі. Ал посткеңестік аймақтағы бізбен деңгейлес елдер – Өзбекстанда – 14%, Қырғызстанда – 13%, Тәжікстанда – 10%, Әзірбайжанда – 9%. Тіпті географиялық тұрғыдан алыс Фиджи аралында – 0,25%, Камбоджада – 0,88% мөлшерінде ғана несие беріледі. Ал Қазақстандағы базалық мөлшерлеме сол кезде 16,75% болды. Сонда жерасты қазба байлыққа толы, шикізат ресурстарына бай Қазақстан неге өз халқы мен бизнесіне мұндай ауыр қаржы салмағын түсіріп отыр? Бұл сұрақ тек қоғамдық пікір туғызып қойған жоқ, мемлекет саясатының әлеуметтік бағытын қайта қарауды талап еткен мәселе еді. Депутаттық сауалдан кейін көп ұзамай Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75 пайыздан 15,25 пайызға, 2024 жылы ақпанда 14,75 пайызға дейін төмендетті. Халық бұл жаңалықты жеңілдік ретінде қабылдады. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмады. 2025 жылдың қазанында Ұлттық банк қайтадан мөлшерлемені 18 пайызға көтерді.
Біздің ауданымызда көпшілік несиені Халық банк, Kaspi, Банк Центр Кредит, Home Credit секілді қаржы ұйымдарынан алады. Халық банк, Kaspi, BCC, Home Credit – қолжетімді, құжат сұрамайды, рәсімдеу жылдам. Бірақ ең қолайлысы болғанымен, ең тиімдінің өзі емес. Мысалы, Kaspi – онлайн рәсімдеудің ыңғайлылығымен, Халық банк – жалақы карталары арқылы қаражат берудің жылдамдығымен, ЦентрКредит – түрлі акцияларымен, Хоум Кредит – техникалық сатып алудағы жеңілдігімен жұртты өзіне тартады. Аудан халқына тиімдісі осы банктер. Себебі жергілікті жерде бөлімшелері бар. Бірақ осы аталған банктердің пайыздық мөлшерлемесі халықтың иығына одан сайын ауырлық түсіріп отыр. Атап айтсақ, олардың кредиттің жылдық тиімді мөлшерлемесі 25-40 пайыз аралығында. Бұл – қарапайым отбасылар үшін тым ауыр көрсеткіш. Жалақысы 150-200 мың теңге шамасында болатын ауыл тұрғындары үшін мұндай пайызбен алған несие ай сайын табыстың жартысына жуығын жұтып қояды. Бізде көбіне үй жөндеуге, тұрмыстық техника алуға, төтенше жағдайларды жабуға, балалардың оқу ақысын төлеуге деп несие алып жатады. Салдарынан бір қарыз жабылмай жатып екіншісін рәсімдеуге мәжбүр болу – бүгінде қалыпты құбылысқа айналды.
Көпшілік арасында байқап жүргеніміздей, банкоматтан жалақысын шешіп алып жататындар алдымен банктердің қарызын өтейді. Қолға тиген қаражаттың басым бөлігі несие төлеуге кетіп, қайтадан несие алуға тура келеді. Халықтың несиеге тәуелді болуы – жеке адамның емес, жүйенің мәселесі. Жоғары пайыз – халықты қыспаққа алып отырған басты фактор. Бұл тақырып тек бір ауданның емес, бүкіл елдің әлеуметтік жағдайын көрсетеді. Елдің экономикасы тұрақты, жалақысы лайықты деңгейде болса, несие – қажеттілік емес, мүмкіндікті кеңейтетін құрал болар еді. Бірақ әзірге қарапайым тұрғындар үшін несиеге тәуелділік амалсыздың күні болып тұр.
Әсел Рзаева




