Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Несие несібеден айырмасын

Несие несібеден айырмасын

Біз өмір сүріп жатқан аласапыран заманда қарызсыз өмір сүру әсте мүмкін емес. Қарызды алғанда балаша қуансақ та, қайтарар кезде қиналатынымыз жасырын емес. Қазақстандағы банктер мен қаржы ұйымдары жаппай халыққа несие беруді бастады. Сауаттысы бар, сауатсызы бар, қысылып-қымтырылғаны мен кәсібін дөңгелеткісі келгені бар, бір сөзбен айтқанда әрбір қазақстандық банк пен қаржы ұйымдарына белшеден қарыз.
Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, елімізде 2 миллион 300 мың адам кедей. Ал, пандемия тұсында кедейшілік деңгейі елде 1,5 есеге көбейіпті. Қазақстанда несие алуға қабілетті 9 млн азаматтың 7 млн 200 мыңы банкке қарыз. Бұл туралы Бірінші кредиттік бюро хабарлайды. Бір ғана Алматы шаһар жұртының берешегі 1 триллионға жеткенін ескерсек, қаланың әрбір тұрғыны банкке 1 жарым миллионнан төлеуі тиіс. Осыдан-ақ, елімізде кредиті жоқ адам барына сену қиын. Рас, бүгінде Қазақстанда банкке қарызы жоқ адам кемде-кем. Ақшаны тегін беріп жатқандай алады, ал артынан еселеп қайтаруға қауқары жетпей, екінің бірі қиналыста жүр. Тіпті, мәселе ушыққанда өз-өзіне қол жұмсау фактілері де орын ала бастады. Несиені төлей алмай, кешіктіріп жатқандарға банктер мен қаржы ұйымдары тарапынан қысым күшейген. Несиені дер кезінде төлей алмаған қазақстандықтарға коллекторлық қызмет тыным бермеуде. Тіпті, қарызын кешіктірген күндерге еселеп қайтаруға мәжбүрлеп жатқан көрінеді.
Қаржылай несие өз алдына, ұялы телефоннан бастап тұрмыстық техниканың барлық түрі, үй жиһаздары да несиеге рәсімделуде. Біреу тегін бергендей алып, банк алдындағы берешегін төлей алмай, дүние-мүлкінен айрылып жатқандар қаншама? Байқағанымыздай бізде халықтың қаржылық сауаты төмен екені аңғарылады. Осыны банктер уақытында пайдаланып, ашықтан-ашық алдауға көшкен. Неге десеңіз, банкке барған адамға ұзын-сонар келісімшартқа қол қойдырта салады. Бая-аяғы 7-8 беттен  тұратын келісім-шартты кім сол жерде оқып жатады, оқығанның өзінде түсінетіндер аз. Оған ешкім қарамайды да, оқымайды да, қол қоя салады. Бір ғана мысал келтірейікші, келісімшарт ішінде «аннуитет» деген бар. Оған несие алғандар ай сайын 100 мың теңге төлесе, соның үш пайызы, яғни 3 мың теңгесі ғана негізгі қарызды жабады, ал қалған 97 мыңы – банктің пайдасына шешіледі. Одан бөлек, алған несиеңізді жапқанша сақтандыру компаниясына төлейтініңіз бар. Несиені жауып біткенде, ол ақшаны қайтарып алуыңызға болады. Бірақ, көпшілігі оны білмейді. Айта берсек, нағыз алдау ғой бұл. Кейбір зерттеулер бойынша, несие алған адамдардың 40 пайызы шартты дұрыс түсінбегендіктен алданып, екі есе шығынданып жататын көрінеді.
Міне осындай келеңсіздікті көре тұрып, қарапайым халықтың қаржылық сауатын арттыру қажеттілігін түсінеміз. Халық тапқан-таянғанын тұтастай банкке беруді әдетке айналдырған. Ол төлемнің басым бөлігі банк еншісіндегі үстемеақылар. Екінші деңгейлі кейбір банктер шекараның арғы бетінен 2-3 пайызбен алған қаржыларын халыққа 17-25 пайызбен беріп жатқанын ескерсек, болашақты бағдарлау қиын.
Әлбетте, таяқтың екі ұшы бар. Қалай десек те, халық  қарызға  өмір сүруге құмар-ақ. Тіпті, несие алу сәнге айналғандай іспетті. Несие алып той жасап, несиемен үйін дүниемен толтыру қалыпты жағдайға айналғандай. Бес жыл бойы жүргізілген ауқымды зерттеудің нәтижесінде Гарвард университетінің ғалымдары жұрттың лаңкестіктен емес, қаржы мекемелерінен көбірек зардап шегетінін дәлелдеп шықты. Олардың мәліметінше, осы мерзім ішінде 40 мыңға жуық адам қаржылық қиындықтар салдарынан өз-өзіне қол жұмсаған көрінеді. Сондықтан, бүгінде шетелдік мамандар несие мәселесінде жұртшылықты жауапкершілікке баулу қажеттігін айта бастады.
Күліп келетін қарыздың жылатып қайтатыны енді түсінікті болар. Өкінішке қарай, халқымыз несиені еселеп алуға тырысып-ақ бағуда. Несиесін төлей алмай талайлар кепілге қойған баспанасынан айы­рылып жатқаны да, қарызын төлей алмаған кейбір шаңырақтың ортасына түсіп жатқаны да шындық. Ал олардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, несие пайыздарымен дұрыс жұмыс істеуді үйрету бағытында елімізде ешқандай жүйелі жұмыстың жүргізілмей жатқаны жанға батады. Егерде осы бағытта нақты жұмыстар жүргізілетін болса, «қатықсыз қара су ішсе де» бойына сіңіп, ұйқы тыныш, көңілге кірбің түспей қарызсыз өмір сүруге әдеттенер ме еді...
Әсел  РЗАЕВА
07 сәуір 2021 ж. 535 0