Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ҚОҒАМНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ҚОҒАМНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ


«Руханият» орталығында аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарының бақылау есебінде тұратын кәмелетке толмаған өспірімдердің ата-анасы, заңды өкілдерінің қатысумен жиын өтті.


Жиынға модераторлық еткен Жаңақорған ауданы прокурорының орынбасары Бағдат Жүсіпбеков «Заң мен тәртіп» қағидатының маңыздылығын түсіндіріп өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы, аудандық білім және құқық қорғау саласының басшылары мен жауапты мамандары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Қоғамдағы заң мен тәртіп – бұл адамдар арасындағы өзара қатынастарды реттейтін және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі қағида. Заң – мемлекеттің шығарған ресми ережелері мен нормаларының жиынтығы, ал тәртіп – сол заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді. Кәмелет­ке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ербол Тоханұлы тарқатты.
– Аудан көлемінде кәмелетке толмағандар мен жас­өспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуда және болдырмауда Ювеналды полиция қызметкерлері жұмыс жүргізіп, үнемі бақылауда ұстайды. Ол үшін кешенді жоспар жасалған. Білім беру ұйымдарында жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен кездесулер өткізіліп, балаларға тәртіп ережелері түсіндіріледі. Мектептердегі бұзақы балалармен жеке жұмыс жүргізіліп, тәртіп, тәрбие мәселесі полиция инспекторы, мектеп басшылығы және ата-ананың қатысуымен қаралады. Егер жасөспірімдер арасында қылмыс жасалса, оған қатысы бар жеткіншектер есепке алынады. Сондай-ақ ата-анасына шара көріледі. Сонымен бірге, жас­­өспірімдер қылмысын болдырмау бағытында мектеп мұғалімдерімен түнгі рейдтер ұйымдастырылады, яғни, кәмелетке толмаған балалардың түнгі сағат 23.00-ден кейін жүрмеуі бақылауда болады. Ал оған жол бергендер болса тағы да ата-ана жауапты болып, шара көріледі. Атап айтқанда, ҚР ӘҚБТК-нің 442 бабы 2 бөлігімен алдымен ескерту жасалады, содан кейін айыппұл салынады. Тағы айта кететін жайт, жасөспірімдерге қарсы жасалатын қылмысты болдырмау үшін кешкілік оқушылар мектептен шыққанда полицияның жеке құрамы аудан көлеміндегі жарықтандырылмаған көшелерді, бос қалған ғимараттарды қадағалау жұмысын басты назарға алады, – деді полиция полковнигі.
Қоғамда шиеленісті болдырмау, азаматтық құқыққа нұқсан келтірмеу мақсатында әкімшілік құқықтық шаралар жүйелі жалғасуда.
Аудандағы білім беру ұйымдарында құқықбұзушылық пен қылмыстылықтың алдын алу шараларының ұйымдастырылуы туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Нариман Жахудаев тарқатты.
– Өткен оқу жылында жасөспірімдер арасындағы қылмыс 2 есеге артқанын жасырмаймыз. Қылмыстық іс-әрекет көбіне мектептен тыс уақытта тіркелген. Осы жағдай­лар ата-ана жауапкершілігінің төмендігін байқатады. Түнгі мезгілде бейберекет жүру, ұрлық жасау, төбелесу секілді құқықбұзушылық тыйылар емес. Мұғалімдер кешкі мезгілде рейдке шыққанымен, таңға дейін көше кезетіндер жоқ емес. Сондықтан ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға насихат көбірек жасалғаны ләзім. Биылғы жаңа оқу жылында мектеп автобусымен көлік қақтығысы орын алды. Үш бала жарақаттанып, сауықтыру жұмысы жасалуда. Жеке мектептердің көлік қатынасын шектеп, ауылдан бала тасуды тоқтаттық. Бұл жерде айтатын мәселе, аудандық білім бөлімі жеке мектептерді толық бақылауға алуға заңды тұрғыда міндеттелмейді, – дейді бөлім басшысы.
Қазақта «Баланың бас ұстазы – ата-ана» деп бекерге айтпаған. Отбасында балаға қандай тәрбе берілсе де, тал бесіктен басталған тәрбие үлкен өмірде жалғасын тапқанда ғана нәтижелі болатынын өмірдің өзі дәлелдеп тұрғандай. Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Пахмадин Айнақожаұлы ата-аналардың қоғам алдындағы жауапкершілігін нығайтудың маңызын сөз етті.
Бала тәрбиесінде имандылық тәрбиенің орны туралы ауданымыздың бас имамы Әбдіқалық Махмутұлы төмендегіше жеткізді.
– Бірде орта Азия өңіріде Рашид есімді халифа өмір сүріпті. Ол өте аз уақытта халықтың білімін көтеріп, білім алуға құлықсыз адамдарды ауыр жазаға кесіп отырыпты деседі. Бір күні базарда тұрған ет сатушыға келіп, «мына қой қанша тұрады?» деп сауал жолдапты. «Жиырма теңге» депті қасапшы. Қасындағы нөкері «Бұл қойдың еті он келі, майы 2 келі келеді, небәрі 15 мың болар еді» депті. Айтса, айтқандай қойдың еті 10 келі, май 2 келі тартыпты. Осылай үш күн саудаласып, қойын қымбат сатқан саудагерді дарға асуға үкім етіп, зыңданға алып келіпті. Халифаның медресесінде білімі тасыған екі жас жігіт емтихан тапсырып отырыпты. «Пах, мына жігіттердің парасат-пайымы мықты екен, кімнің баласы екен?» деген ой келеді. Сөйтсе, әлгі жігіттер қасапшының балалары екен. Халифа таңданады. «Мәртебелім, біздің әкеміздің жанын қия көріңіз, ол өзі сауаты болмаса да біздің білім алуымызға бар ғұмырын арнады. Егер әкемізді атамыз дәл біз секілді сауатын ашуын қалаған болса, әкем де білімдар болар еді-ау, сіз әкемнің білімсіздігіне емес, атамыздың жауапсыздығына ренжіңіз» депті. Міне, бұл тәмсілден ұғатынымыз, «адам ұрпағымен мың жасайтынын» айтқымыз келеді, –деді бас имам.
Жасөспірімдер тәрбиесі тақырыбында өткен жиынға қатысушылар заң мен тәртіп қағидаты жөнінде тағылымды ой түйді. Ел ертеңі – жастарымыздың білімді және тәрбиелі болуы, қоғамның қолында. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Балам дейтін жұрт болмаса, «жұртым» дейтін бала қайдан шықсын» деген сөзі арада қаншама уақыт өтсе де, өз құндылығын жойған емес.

Мақпал МАРҚАБАЙ
Журналистер одағының мүшесі


07 қазан 2025 ж. 3 752 0