Кенеден келер кесел көп

Жылдағы жоспар бойынша ауданымыздағы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу мақсатында елді мекендерде көктемгі кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары басталды. Әрбір үйдің қора-қопсысын кенеден тазарту мақсатында бір ай бойы аудан аумағында жауапты тұлғалар тазалау жұмысын жүргізеді. Тіпті тау етегінде ауыл маңына жақын орналасқан қойшылар қауымына да арнайы барып, қора-жайын дәрілеп қайтады. Апта басында аудан әкімінің орынбасары Бақтияр Ахметов кент және ауылдық округ әкімдеріне, жауапты мамандарға дәрілеу-залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу барысында өте мұқият болып, жауапкершілікпен қарауды тапсырды.
Иә, көктем келді, күн жылынды деп қуанып жатырмыз. Дала тіршілігінің нағыз қайнайтын кезі, алайда, зиянкестердің кесірінен кейде зиян шегіп жататынымыз бар. Әсіресе, кенеден келетін кесел мен қауіп өте көп. Күннің жылына бастауымен олар да бас көтере бастайды. Оның адам мен малды шағуы кене инцифалиті, кене сүзегі, кене боррелиозы, геморрагиялық қызба секілді қауіпті жұқпалы ауруларды туғызуы мүмкін. «Аспаннан ұшып түсті жатқан тері, қалың тоғай, ну жыныс жатқан жері» деп жұмбақталатын түймедей ғана жәндіктің зияны өзінен әлдеқайда күшті. Кенеден көктем айларында ғана емес жаз бойы, тіпті қазан айына дейін сақтанған жөн.
Кенелер мен басқа да жәндіктердің көбеюінің алдын алуға бағытталған жұмыстарға 12 дезинфектор маман, 12 арнайы техника жұмылдырылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар ауылшаруашылығы жануарларын ұстайтын, арнайы қорасы бар үйлерге ақысыз негізде жүргізіледі және сертификатталған арнайы химиялық препараттар қолданылады. Елді мекендерде дәрілеу-залалсыздандыру жұмыстарын жүргізудің кестесіне сәйкес, дезинфекциялау жұмыстары Жаңақорған кентінен бастау алды. Кесте бойынша одан әрі ауылдық округтерде жалғасады. Дезинфекция жұмыстарын «Сервис Дезо» медициналық мекемесі атқаруда.
– Арнайы тапсырыс бойынша Жаңақорғанға осымен төртінші келуіміз. Жауапты тұлғалармен жақсы таныспыз, сондықтан жұмысты жылдам, әрі сапалы жүргізуге тырысамыз. Бізге бір ай уақыт беріп отыр, бір айда кент және 18 елді мекенді толықтай залалсыздандырып, тапсырманы тиянақты орындауымыз қажет. Ветеринария бөлімінен және кент әкімдігінен қызметкерлер бірге ілесіп, аудан орталығында жұмыс басталды. Ауылдарға баратын күнтүзбелік кесте өзгеріссіз, кесте барлық әкімнің қолында тұр. Тұрғындарға алдын ала хабарлап, дайын отырса болды. Мал қора, тіпті тауық пен иттердің де жатқан жерлеріне дәрі сеуіп кетуіміз керек, – деді мекеменің жауапты өкілі Арман есімді азамат.
Конго-Қырым гемморрагиялық қызбасы – аурудың адамға жұғуы кене шаққанда, кенелердің қаны адамның шырышты қабығына немесе терісіне тиген кезде (малдағы кенелерді тазалаған кезде, қайшымен қырқу және кенелерді қолмен алып тастау кезінде) пайда болады. Қауіптілікті ескере отырып, аудан тұрғындарынан сақтық шараларын ұстауды және аулаларын қи-қоқыстан тазартуды ескертеді.
– Қорамыздағы азын-аулақ мал басына алаңдайтынымыз рас. Олардан бұрын бала-шағамызға зияны тиіп кете ме деп кішкентайларды бақылап отырамыз. Ойын баласын үнемі қадағалап отыру мүмкін емес, сондықтан алдын алу шаралар дер кезінде болғаны жөн. Біздің аумақтан бастап жатқан соң түсінісіткпен қарауымыз керек, – дейді саяжайлық тұрғындар.
Аудандағы ахуал
2024 жылы аудан бойынша 200 адам кене шағумен есепке алынса, 2025 жылдың бүгінгі күнге дейін кене шағумен 6 адам емдеу орындарына қаралып, медициналық бақылауға алынған. Бұл жөнінде аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы Шынар Айдарова нақты мәлімдеді.
– Инфекцияның негізгі көзі – иксодты кенелер, олар вирусты трансмиссивті жолмен таратады және вирустың сақтаушылары мен аурудың тасымалдаушылары болып табылады. Қызылорда облысы көлемінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын тасымалдаушы және таратушы 4 түрі көп шоғырланған. Атап айту керек, бір аналық 17 000 кенеге дейін жұмыртқалайды. Вирустың уақытша резервуары – бұл ауылшаруашылық жануарлары (ірі мүйізді қара, қой, ешкі), табиғи биотопта – қояндар, кірпілер, құстарда кездеседі. Адамның ауруды жұқтыруы жұқпаланған кенемен қатынаста немесе кене шаққан жағдайларда және қанында вирусы бар жануарларды сою, мал қырқымы кезінде, сондай-ақ науқас адамға күтім жасау кезінде немесе мәйіттің қанымен, сұйықтығымен және ағза бөлінділерімен ластанған медициналық құралдар арқылы жанама байланыс арқылы жұғуы мүмкін, – дейді басқарма басшысы.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының негізгі клиникалық көріністері: инкубациялық кезең 2-14 күн (ауру қоздырғышын жұқтырғаннан бастап, ауру клиникасының ағашқы белгілерінің анықталғанға дейінгі мерзімі) бұл кезеңнің ұзақтығы вирусты жұқтыру жолына байланысты болады. Аурудың алғашқы белгілері дене қызуының кенеттен 380 С және одан жоғары көтерілуімен, қатты бас ауыруымен, көздің қызаруы, бет, мойын және дененің жоғарғы бөлігін қан кернеуімен және мойын, арқа, белдің ауыруымен, лоқсу немесе құсу, іш ауыруы немесе өтуі, ал ауру одан әрі дамыған жағдайда денеде бөртпелердің пайда болып, мұрыннан, қызыл иектен, жатырдан, асқазаннан қан кету және ине енгізу орындарында қанталау (гематомалар) белгілерінің байқалуымен сипатталады.
– Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу жұмыстарына тоқталсақ. Аурудың алдын-алу үшін табиғи ошақ аумағында орналасқан елді мекендердегі жануарларды, қора-жайлар мен буферлік аймақтарды, үй-жайлар ауласы мен демалыс аймақтарын кенеге қарсы залалсыздандыру қажет. Табиғи ошақтарда орналасқан тұрғындар малдарды күтіп қарағанда, жануарларды сою мен етін бөлшектеуде және қырқым кезінде кенелердің шабуылынан және кене қанымен жанасты болдырмау мақсатында жеке қорғану үшін арнайы киім кию қажет.
Жаңақорған ауданының аумағы аса қауіпті жұқпалы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруынан табиғи ошақтық қолайсыз аймақтар қатарына жатады.
Жыл сайын көктем және күз айларында қолайсыз елді мекендердің санитарлық қорғау аймақтарында және ауылшаруашылығы малдары арасында энзоотиялық ауруларға қарсы бүрку, тоғыту және қора-жайлар мен мал шоғырланатын иірім, суаттар мен шаңлақтарда залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Осыған орай, аудан тұрғындары оның ішінде иелігінде ауылшаруашылық малдары бар азаматтар залалсыздандыру жұмыстарына дейін қора-қопсыларды қи мен көңнен механикалық жолмен тазартып, науқан кезеңдерінде ауылшаруашылық малдарының залалсыздандыру жұмыстарымен қамтылуын қадағалау қажеттігін еске саламын, – дейді сала басшысы.
Кене шаққан немесе кенемен жанаста болған жағдайларда міндетті түрде медициналық ұйымға қаралуыңыз және 14 күн медициналық бақылауда болуыңыз қажет, яғни денеден кенені байқаған кезде, дереу жергілікті емдеу мекемесіне жүгіну қажет.
Әли ТЕМІРБЕК