Тағамнан уланудан абай бол!

Тамақтану – өміріміздің ажырамас бөлігі, бірақ кейде біз күнделікті әдеттерге салғырт қарап, денсаулыққа елеулі қауіп төндіруіміз мүмкін. Дұрыс сақталмаған, өңделмеген немесе ластанған тағам қауіпті бактериялар мен вирустардың көбеюіне себеп болады. Тағамнан улану – жиі кездесетін, бірақ көп жағдайда алдын алуға болатын жағдай. Сол себепті, қарапайым ережелерді сақтау арқылы жеке басымыздың және жақындарымыздың денсаулығын қорғау аса маңызды.
Тағам дайындау кезінде жеке басы гигиенасын сақтау – алғашқы әрі маңызды қадамдардың бірі. Қолды сабынмен жуу, асүй құралдарын тазалау және шикі өнімдерді дайын тамақтан бөлек ұстау арқылы көптеген қауіпті бактериялардың таралуын болдырмауға болады. Асүй үстелдерін үнемі дезинфекциялап, шикі ет немесе теңіз өнімдерінен кейін жұмыс істеген орынды мұқият тазалау қажет.
Тағамды дұрыс сақтау да уланудың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Тез бұзылатын өнімдерді тоңазытқышта сақтап, шикі және дайын тағамдарды араластырмау керек. Мұздатылған өнімдерді бөлме температурасында емес, тоңазытқышта еріту – өнімнің сапасын сақтауға және бактериялардың көбеюіне жол бермеуге көмектеседі. Жарамдылық мерзімі өткен немесе күмәнді иісі бар өнімдерді ешқашан пайдаланбау қажет.
Тамақты дұрыс термиялық өңдеуден өткізу де аса маңызды. Ет, балық, жұмыртқа сияқты өнімдерді толық пісіру арқылы патогендік микроорганизмдерді жоюға болады. Сонымен қатар, дайын тамақты ұзақ уақыт бөлме температурасында қалдырмау керек, себебі жылы орта – бактериялардың тез көбеюіне қолайлы жағдай жасайды.
Тағамнан уланудың белгілері – жүрек айну, құсу, іштің ауруы және диарея – тез арада пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайда көп су ішіп, ауыр белгілер байқалса, дереу дәрігерге жүгіну қажет. Әсіресе балалар, қарттар, жүкті әйелдер және иммунитеті әлсіреген адамдар үшін тағам қауіпсіздігіне ерекше мән беру керек.
Ең жиі кездесетін тағамнан улану көзі – шикі тауық еті мен жұмыртқа. Бұл өнімдерде сальмонелла бактериялары жиі кездеседі. Бактериялар қаншалықты тез көбейеді?
Бір бактерия қолайлы ортада небәрі 20 минут ішінде екі есе көбейе алады. Сондықтан тамақты ұзақ уақыт ашық қалдыру қауіпті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, жыл сайын шамамен 600 миллион адам тағамнан улануға шалдығады – бұл әлем халқының шамамен 1/10 бөлігі. Тағамнан уланудың салдарынан жылына 420.000 адам қайтыс болады, олардың 30%-ы – 5 жасқа дейінгі балалар. Бактериялық уланулардың 70%-дан астамы үй жағдайында дайындалған тағамнан туындайды. Қазақстанда жыл сайын 20.000-нан астам тағамнан улану оқиғасы тіркеледі, олардың басым бөлігі дұрыс сақталмаған немесе жеткіліксіз пісірілген тағамдармен байланысты.
Қорытындылай келе, тағам қауіпсіздігі – бұл әрбір адамның жауапкершілігі. Қарапайым ережелерді сақтай отырып, біз қауіпті жағдайлардың алдын алып, өзіміздің және жақындарымыздың денсаулығын қорғай аламыз. Сақтық – денсаулық кепілі, ал білім – оны сақтау жолындағы ең мықты құрал. Сондықтан да азық-түлік қауіпсіздігіне бей-жай қарамай, осы ақпаратты айналаңыздағы адамдармен бөліссеңіз, бұл қоғам денсаулығына қосқан үлкен үлесіңіз болмақ.
Гулбану Мамбетова,
аудандық СЭББ бас маманы