Ақбөкенге қамқорлық керек
Киікті қазақ киелі жануар санайды. Ел арасында оларды атқан адам бақытсыздыққа ұшырайды деген сенім бар. Киіктің қаншалықты киелі екендігі нақты беймәлім, бірақ өте ақылды және қандай табиғи ортада болмасын, тез бейімделіп кететін жануар екендігі анық. Ақбөкендердің басына қаншама зобалаң заман туғанмен, миллиондаған жылдар бойы тұқымын сақтап қала алды. Осының өзі ақбөкендердің өмірге өте бейімділігін, өсімталдығын аңғартады.
Қазіргі таңда, қолданыстағы Заң талаптарына өзгерістер енгізіліп, заңсыз аңшылықпен айналысу немесе тасымалдау, сақтау, сатып алумен айналысатын тұлғаларға қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 337 және 339 баптарына сәйкес, аңшылықпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл салуға немесе мөлшерде түзету жұмыстарына не үш жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазалары көзделген.
Бір бас ақбөкен аңының серкесі үшін табиғатқа келген залалды өтеу үшін 6 млн 563 мың 250 теңге, аналығы мен төліне 4 млн 594 мың 275 теңге айыппұл төлейді Сонымен қатар, сотты болған азаматтардың қылмыстық әрекеттер объектісі, қылмыс жасау қаруы, пайдаланылған көлік құралдары тәркіленеді.
Жалпы Жаңақорған ауданы аумағында да бұл жануарлар кездеседі. Олар көбіне құмды жерлерде өмір сүреді. Ал аңшылар жол талғамайтын көліктерімен кез келген құм, құмшауыт аймақтарға еркін еніп, киелі аңдарды мылтыққа ілуге тырысады.
Тағы айта кетерлігі, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында киіктерді атуға, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2023 жылға дейін тыйым салынған.
«Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау
жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ