Киіктің киесі басым ба, кесірі ме?
Соңғы күндері ел арасында осы бір дала жануарының санын азайту туралы екі түрлі пікір қалыптасып, түймедейден түйедей мәселе туындап отыр. Былай тартса, өгіз өледі, былай тартса, арба сынадының күйін кешкен шенділер нақты шешімді шығармай тұрып, табиғат жанашырларының талап-тілегін де ескеруде. Өйткені, киелі киіктің киесі ұрып кетпесін деп көбісі кері тартып отыр. Батыс өңірі мен Солтүстік шаруалары шулап, егінжайдың ахуалын айтып, билікке базынасын жеткізуді үдетті. Тездетіп түйін тарқатылмаса, ақбөкеннің егінді аңдығаны аңдыған. Ал, біздің облыста, оның ішінде аудан көлеміндегі ахуал қалай? Осы жөнінде де зерттеп көрейік.
Биыл көктемде Қазақстандағы киіктердің жалпы саны 1 млн 318 мыңға жетті. Бұның үштен екісі, яғни 800 мыңнан аса киік Еділ мен Жайық арасын мекендейді екен. Ақбөкендерден «шаршаған» жұрттың дені де – осы өңірден. Батыс Қазақстан облысының фермерлері былтырдан бері байбалам салып, киіктердің егістік пен шабындық жерлерін таптап жатқанын айтып жиі шағымданды.
Аталған жағдай аяқсыз қалмай, оны шешудің түрлі жолдары қарастырылып, жан-жақты талқыланды. Соның ішінде оңтайлы жолы көбіне киіктің санын атып азайтып, мәселені реттеуге боладыға саяды. Мұндай шешім биологиялық негіздеме нәтижесінде қабылданған екен. Бұл туралы 29 маусымда Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің Парламент Мәжілісінде БАҚ өкілдеріне айтқанынан кейін ел іші дүрлігіп кетті.
Себебі, көп емес, жай ғана табиғат заңдылығын сақтап, дала мекендеушілерін ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдыру. Шыны керек, егер атуға толық рұқсат беріп, бұл мәселе тендер арқылы жүзеге асса онда соңы не болатыны бәрімізге аян. Ал, 80 мың киікті құрбандыққа шалдық дейік, оны санап, есеп-қисабын шығаратынына халық сенбейді, сенгісі деп келмейді. Дұрысы, табиғи тепе-теңдікті реттеудің басқа жолын іздеген дұрыс. Өйткені адамның араласуымен тепе-теңдік заңдылықтарын реттеу мүмкін емес. Мақаланы мысалмен жүйелейік. Әріптесіміз, журналист Нұрлат Байгенже бір жазбасында былай деп жазады.
«Алматы қаласында өткен Еуразиялық медиа форумға бір қатысқанымда News-Decoder білім беру сервисінің негізін қалаушы Нельсон Грейвстің (Франция) «Экологиялық журналистика» тақырыбындағы дәрісі қызықтырды» дейді ол.
Ол АҚШ-тағы бір паркке (атауы есте қалмапты) бұғылар жіберілгенін, олардың ауа райы жайлы, шөбі шүйгін арнайы аймақта бірнеше жылда тез көбейгенін айтты.
2010 жылы 32 010 басқа жетіпті. Бұғы санының күрт артуы табиғи тепе-теңдік заңдылығын бұзады. Қалай? Бұған бұғының қандай қатысы бар? Тағы басқа осы сынды сұрақтар туындайтыны анық…
Себебі, парк бақа-шаян, құрт-құмырсқа және сан түрлі құстарымен ерекшеленеді екен. Бірақ, түз жануарының күрт көбейу салдарынан шөптің кейбір түрлері жойылып, өзеннің су тартылады. Бұл жәндіктерге де әсер етеді. Құстар өздеріне қажетті қорек түрлері азайғандықтан басқа жақтарға кете бастайды. Содан америкалық ғалымдар арасында ұлттық парктегі бұғыларды атып, санын азайтуды ұсынады. Бұған келіспейтін екінші тарап өз ұсынысын алға тартады. Не керек, ұзаққа созылған айтыс-тартыстан кейін паркке қасқыр жіберіледі. Түз тағысы парктегі ақсақ-тоқсақ, кәрілерін жеп, аз уақытта бұғының санын азайтады. Соның нәтижесінде өзеннің деңгейі қалпына келіп, бақа-шаян мен құстар да келеді. Құстар мен жәндіктердің келуімен шөптердің көп түрі қайта шыға бастайды.
Міне, өркениетті қоғамда табиғи тепе-теңдік осылай реттеледі. 80 мың киікті атамыз деп популяциясын жойып жіберсек, жауапкершілікті мойнына алатын тұлға бар ма? Қысқасы, киіктің санын табиғаттың өзі реттеуі керек…
Ол да дұрыс, дегенмен істің насырға шаппай тұрғаны елдің сабырлығында. Ауданға оралайық. Жалпы Жаңақорған ауданы аумағында да бұл жануарлар кездеседі. Олар көбіне құмды жерлерде өмір сүреді. Олардың нақты саны белгісіз.
– Негізінен бізде ақбөекенге қарағанда қарақұйрық көп кездеседі. Оларды да атуға заңмен тыйым салынған. Киіктер қазір мемлекеттің қатаң бақылауында. Жыл сайын «Киік» акциясы аясында рейдтік шаралар ұйымдастырылады. Белгіленген режимде, кейде одан тыс уақытта тиісті органдармен құмға жол жүріп, жануарлардың бағыт-бағдарын, олардың қауіпсіздігін бақылап тұрамыз. Жергілікті тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан аңдарды браконьерлерден қорғау бойыша аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызмет бөлімшесінің табиғатты қорғау полиция тобының инспекторы және «Охотозоопром ӨБ» РМҚК-нің жедел тобымен жиі жұмыс жасаймыз, – деді орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Ермұхамед Баязитов.
Ақбөкендер негізінен мамыр айында төлдейді. Сол мезетте бақылау күшейеді, сосын тамыз айының соңынан бастап, қыс мезгіліне дейін қатаң қорғалады, – дейді ол.
– Жалпы ақбөкендердің басына қаншама зобалаң туғанмен, миллиондаған жылдар бойы тұқымын сақтап қала алды. Осының өзі ақбөкендердің өмірге өте бейімділігін, өсімталдығын аңғартады.
– Оларды заңсыз атып алғандарға қандай жаза бар?
– Қазіргі таңда, қолданыстағы заң талаптарына өзгерістер енгізіліп, заңсыз аңшылықпен айналысу немесе тасымалдау, сақтау, сатып алумен айналысатын тұлғаларға қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 337 және 339 бабына сәйкес, аңшылықпен айналысу құқығынан 5 жылға дейінгі мерзімге айырады. Әрі мүлкі тәркіленіп, 3000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзету жұмыстарына жіберіледі. Ең қаталы, 3 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазалары көзделген.
Бір бас ақбөкен аңының серкесі үшін табиғатқа келген залалды өтеу үшін 6 млн 563 мың 250 теңге, аналығы мен төліне 4 млн 594 мың 275 теңге айыппұл төлейді. Сонымен қатар, сотты болған азаматтардың қылмыстық әрекеттер объектісі, қылмыс жасау қаруы, пайдаланылған көлік құралдары тәркіленеді.
Аудан тарихына бір сәт үңілсек, аға буынның айтуынша Жаңақорғанда 1993-1995 жылдары батыстық ағайынның басындағы әурешілік бізде де болған екен. Киіктер егіннің басы былай тұрсын, қораның қасында тұратын дейді. Бұл уақытша құбылыс, өйткені, олар түз мекендеушілері болған соң көшіп отырады. Құм мен киікті неге егіз санайды. Өйткені ақбөкендер құмды мекендейді, сондықтан олар да жиі көшіп отырады. Бірақ, Оралдағы ахуал күрделі екен.
Жақында ғана Оралға арнайы барып, болып жатқан жайтты көзбен көріп қайттым. Рас, киіктер өрісте қоймен жайылып, ауылдан ары кетсе 10 шақырым жерде топ-тобымен, үйір-үйірімен адам баласынан үрікпей өмір сүруде. Ал, ауылдағы ағайын бұл көрініске көзі үйреніп қалғандай мән бермей өтіп кетеді. Қалай десек те, бұл өте күрделі процес, барлығын уақыт көрсетеді, – деді Ермұхамед.
Иә, жасыратыны жоқ, киіктің адал еті, қымбат бағаланатын мүйізі – бизнес көзі. Бір жылдары киіктің мүйізі сұранысқа қатты ие болып, шетелге өткізіп пайда тапқандар аз болған жоқ. Естуімізше, құрамынан түрлі дәрі-дәрмек жасайды. Ал қазір ауланған киіктің еті, мүйізі және терісі қайда кететіні жұмбақ, сондықтан түрлі қиял ойға келеді. Құрамында майы, холестерині аз, жеңіл әрі адал болғандықтан етін ас ретінде тұтынуға болады, мүйізі бағалы бұйым, демек киікті өсіріп, саны көбейген соң белгілі шектік санын сақтай отырып, өнімін мемлекеттік қажеттілік ретінде пайдалануға не кедергі? Мысалы, етін өңдеп халық тұтынуына ұсынып, мүйізінен дәрі жасау отандастарымыздың қолынан келмей ме, әлде оған еш қажеттілік жоқ па? Киіктерді атуға шешім шығару ақбөкендерге деген аяусыздыққа, оңай олжаға құнығуға, көңіл көтеріп желігуден туған жапа тармағай жабайы атуға жол ашу болып жүрмей ме?!
Түйінін айтқанда, киіктің бізге киесі ме, әлде кесірі тие ме, соны зерделейік.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ