№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тәртіп – қоғамның басты тірегі

Тәртіп – қоғамның басты тірегі


Қоғам тыныштығын сақтау мен еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуі үшін ішкі істер саласына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бұл бағытта жаңаша реформалар жасалып, «жұртқа жақын полиция» қағидатын қалыптастыру күн тәртібінде тұр. Бұл бағытта аудандық ішкі істер бөлімінде қандай жұмыстар атқарылуда? Бұл жөнінде Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Ибраевқа бірнеше сауалдар қойдық.


– Нұрлан Мерғалиұлы, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз етуде әсіресе құқық қорғау саласы қызметкерлеріне қойылар талап үлкен. Осы бағытта қандай жаңашылдықтар бар?
– Қоғам сақшысы қызметіне қай кездегідей талап тегеурінді. Бұл үшін ең бастысы шұғыл әрекет ете білетін полицияның сервистік моделінің негізгі қағидаттарын жүзеге асыру өзекті. Жыл басындағы жиында Мемлекет басшысы кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударып, полицияға білім бөлімі басшылығымен бірлесе жұмыс атқаруды міндеттеді. Сондай-ақ есірткінің таралауына тосқауыл қойып, киберқылмыспен және интернет-алаяқтықпен күрес шараларын күшейтуге тапсырма берді. Міне, осы бағытта нақты жоспар түзіп, жұмысты ширата түсудеміз. Біздің полицейлер жол жүрісі қағидаларын автоматты тіркеу жүйелерін, бейнебақылау камераларын белсенді қолданады. Осының нәтижесінде бөтеннің мүлкін ұрлау, бұзақылықтың басқа да түрлерін ашу жеңілдеді.
Жалпы, Жаңақорған ауданының полиция бөліміне 2024 жылдың он айында 139 қылмыс дерегі тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,9-ға өсім алған. Өндірістен аяқталған қылмыстық істер өткен жылғымен салыстырғанда 73-тен 98-ге жоғарылаған, оның ішінде ауыр қылмыстар 29-дан 45-ке өссе, орта дәрежелі қылмыстар 18-ден 15-ке, онша ауыр емес қылмыстардың ашылуы 15-тен 7-ге төмендеген.
Жалпы қылмыстардың ашылу көрсеткіші 81,0 пайызды құраса, ауыр қылмыстардың ашылуы 63,0 пайыздан 84,9 пайызға өсіп, онша ауыр емес қылмыстардың ашылуы 71,4 тен 63,6 пайызға төмендеген, ал орта дәрежелі қылмыстардың ашылуы 56,3 пайыздан 57,7 пайызға өскен.
Біршама қылмыс түрлері төмендеген. Оның ішінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 21,4 пайызға төмендесе, ұрлық 28,6 пайызға, телефон ұрлығы 3-тен 2-ге, топтасып жасаған қылмыстар саны 18-ден 10-ға, қарумен жасалған қылмыстар 1-ден 0-ге, алаяқтық 30-дан 17-ге, оның ішінде интернет алаяқтығы 14-тен 10-ға, қорқытып алу 11-ден 7-ге азайған.
– Әйелдер мен жас балаларға қатысты зорлық-зомбылық көрсеткенге заңның қатаңдатыла түсуі отбасы, ошақ қасындағы агрессияға бейімдерді бейбастық қадамнан тыйып, аяқты аңдап басуға мәжбүр етсе керек. Бұл жөнінде не айтасыз?
– 102 тікелей желісіне отбасындағы жанжал бойынша хабарлама келген жағдайда шұғыл әрекетке көшіп, жай-жағдайды сараптан өткізу міндетіміз. Өйткені оның ар жағында адам тағдыры тұр. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған жергілікті аумағымызда жанұяда орын алған әйел адамдар мен жас балаларға әлімжеттік жағдайдың жабулы қазан жабулы қалатын кезі де жоқ дей алмаймыз. Бұл жерде нәзік жандар мен бала құқы аяққа тапталған көріністер көлеңкеде қалып кетуі мүмкін. Сондықтан учаскелік инспекторлар өз аумағын үнемі жіті бақылауда ұстап отыруға тиіс. Таяқтың екі ұшы бар. Осының қабатында болмашы нәрсеге бола шу шығарған ерлі-зайыптың дүрдараздық мәселесін де жөн дей алмаймыз. Бүгін заң орындарына шағымданып, бір-бірін жауапқа тартуға асыққан бір мезеттік жан ашуының салдары өкінішке ұрындырып, белгілі бір деңгейде жазаға тартылған айыпталу қорытындысы жеке тұлғаның деректеме базасына тіркеліп кететіндіктен үнемі алдынан шығып тұратыны, тіпті өзін қойып, ертеңгі күні ұл-қызының, бауырларының келешегіне кедергі болатыны жөнінде де түсіндіуге тура келеді.
Отбасында туындайтын тағы бір мәселе – жасөспірімдер арасындағы қылмыс. Осындай шаралардың алдын алу үшін «Жасөспірім» іс шарасы мен «Абайлаңыз, балалар» атты акциялар өткізіліп, ішкі істер бөлімі қызметкерлері аудан мектептері арасында лекция және семинар жүргізді. Балалардың жолда жүру ережелерін ата-ана естен шығармау керек. Мотоцикл, скутер, мопед, самокаттардың қаншалықты қауіпті екені белгілі. Мектеп жасындағы балаларға көлік тізгінін берудің соңы қайғылы жағдайға соқтырған деректің тіркелуі аудан тұрғындарына ой салуы керек.
– Сіздің қызметкерлеріңіз тарапынан әлеуметтік желілерде интернет алаяқтығы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Нәтижесі қандай?
– Интернет алаяқтықтың құрбаны көбіне егде жастағы кісілер болып отыр. Ақпараттық сауаттылық кем. Көбі басындағы кредитті төлем береміз деген жалған жарнамаға сеніп қалады. Немесе басқа да тәсілмен банк қызметкеріміз деп алдап қариялардың сеніміне кіріп, жеке дерегіне қол жеткізіп, шоттағы қаржысын қолды ететін жағдайлар өте көп. Сондықтан үлкендеріміз өзі туралы мәлімет сұрай бастағаннан байланысты үзіп тастауды естен шығармауы керек.
– Ауданда мал ұрлығы жайында не айтасыз?
– Мал ұрлығы бойынша биыл 6 арыз келіп түсті. Бірақ көбіне жауапкершілік мал иелерінің өздеріне келіп тіреледі. Тұрғындар жеке иелігіндегі малды таңбалауға асықпайды. Сонан соң малды жайылымға жіберіп өздері қадағалап отырмайды. Жақсы, жұмысбасты делік, оған қол тимейтін жағдайда ақысын төлеп бақташының қарамағына беру керек қой. Тоғайда жүрген қараусыз мал ұрыдан бұрын аң-құсқа жем болуы да мүмкін. Қолда нақты бір дәлел болмаса тоғайда жайылып жүрген, өрісте жоғалған малды тауып беру бііздің құзіретімізге жатпайды. Сондықтан ауылдағы азаматтарға айтарымыз, малды падамен бағу жағын ойластырмай болмайды.
– Есірткіге қарсы күресте нендей жұмыстар бар?
– Есіртікі айналымы үшін қылмыстылық он алты жастан басталады. Қазір мұның айналасындағы жас толқынның жаза арқалауы өте өкінішті жағдай.
Синтетикалық есірткі деген шықты. Неврология ғылымы адам психологиясына санаулы секундта қатты әсер ететінін әлдеқашан анықтаған есірткінің бұл түрі интернет арқылы сатылады.
Бөлім қызметкерлері нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. 1 маусым мен 30 қазан арасында «Қарасора» профилактикалық іс-шарасы өтті. Мақсат – жастарды оған тәуелді болуға жол бермеу.
Жаңақорған ауданының өзінде есірткі еккен 22 факт анықталды. Оның ішінде 12-сі есірткі еккен. Қалғандары тұтыну, тасымалдаумен айналысқандар. Жыл сайын блокпосттар қойылады. Кіріп-шығып жатқан жасырын өнімді кәсіби иісшіл төбеттердің көмегімен анықтап қолға түсіріп отырмыз. Мұндай әдіспен тек жолаушы пойызы ғана емес, жолда қатынайтын көліктер де тексеріледі. Көбіне жолаушы тасымалымен айналысатын «Яндекс», «Индрайвер» көлігіне зат салушылар жасырын өткізбек болған тауардың табылуы жеке кәсіпкерлерге зиянын тигізіп, көп жүргізушілер жолынан қалып жатады. Өйткені зат тәркіленіп арнайы орындарда зерттеліп, заңды құжат рәсімделгенге дейін апталап автомашина тұрақта қаңтарылып қалады. Сондықтан иесі жоқ заттарды жауапкершілікке алуға қазір жүргізушілер де мүдделі емес.
Мемлекет үшін тәртіптен асқан тірек жоқ. Бұған қоғам болып жұмылуымыз керек.

Сұхбаттасқан Баян Үсейінова
12 қараша 2024 ж. 218 0