Соңғы жаңалықтар

Білім туралы құжаттарды тану

11 желтоқсан 2024 ж. 49

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңа тренд: адамның жануарға еліктеуіне не себеп?

Жаңа тренд: адамның жануарға еліктеуіне не себеп?


Бүгінде жасөспірімдер арасында «квадробер» деп аталатын жаңа тренд әлемді алаңдатып отыр. Біз осы мақаламызда «квадробердің» не екенін, қайдан келгенін сараладық.


Квадробика (латынша quattuor – төрт және ағылшынша aerobics – аэробика) – адамдар жануарлардың қозғалысын қайталап, төрт аяқтап жүретін спорттың ресми емес түрі. Адамдар квадробика кезінде жануарлардың маскасы мен құйрығын пайдаланып, мысық, түлкі, қасқыр сияқты киінеді. Бір жағынан бұл қиын акробатика болса, екінші жағынан – біртүрлі әуестікке жатады. Квадроберлер кейде шектен шығып, ақылға қонымсыз әрекеттер жасайды.
Жалпы аэробика элементтері араласқан бейресми спорттың осы түрі жайында мәліметтер 2008 жылдан бастап айтыла бастаған. Ал, 2015 жылы жапондық спортшы Кенити Ито 100 метрлік қашықтықты 15,71 секундта төртаяқтап жүгіріп, әлемдік рекордты жаңартқан. Дәл осы мезетте ямаялық Усэйн Болт одан 6 секундқа жылдам келсе де, жапондық спортшы екі аяқпен емес, төртаяқтап жануарша жүгіргені үшін рекордсмен атанған. Сондықтан сарапшылар бұл рекордты қалыпты емес, біртүрлі рекорд түріне жатқызады. Жалпы, токиалықтар Кенити Итоны бала күнінде «маймыл-адам» деп атаған. Тіпті аңшылардың өзі оны жабайы жануардан ажырата алмай атуға сәл-ақ қалғанын мойындаған.
Ал 2022 жылы америкалық Колин Маклюр 100 метрлік қашықтықты төртаяқтап одан да жылдам жүгіріп рекордты жаңартқан. Міне осыдан бастап көпшіліктің арасында квадроберлер көбейген. Кембридж ағылшын сөздігіне сүйенсек, квадробер спорты белгілі бір ережелер мен параметрлер жиынтығын сақтайтын, физикалық күш салуды, дағдыны қажет ететін ойындар, жарыстар немесе әрекеттер ретінде анықталады. Дегенмен сарапшылар квадробиканың техникалық жағынан спортқа келмейтінін, нақты белгіленген ережелері жоқтығын алға тартады. Демек біз бұл ойынды спортқа толыққанды жатқыза алмаймыз.
Төртаяқтап жүгіретіндер кімдер?
Биылдан бастап квадробикаға қызығушылық танытатындар легі артқан. Олардың өзін-өзі ұстауы мен қоғамға араласуы да өзгерген. Мәселен осыған дейін квадроберлер спорттық шараларға көп қызығушылық танытса, соңғы уақытта жанурларға қатты еліктеп, жануар кейіпінде киінетін болған. Олар беттеріне түрлі жануардың маскасын, табандары мен тырнағын және құйрығын тағып алып, саябақтарда секіретінді әдетке айналдырған. Ит пен мысықша кейіпке енген 7-14 жас аралығындағы жасөспірімдер хайуанның мінез-құлқын қайталап, итше үріп, мысықша мияулайтынды шығарған. Сырттан оғаш көрінетін бұл әрекеттер бүгінде көпшілікті алаңдатып отырғаны рас.

Квадробика – бала болашағына балта шаба ма?

Ақпаратарға көз жүгіртсек, кейбір теріс мәнді субмәдениеттер баланың мінез-құлқына тікелей әсер етіп, қоғамнан оқшаулануына соқтыруы әбден ықтимал. Қазір әлеужеліні ашсаңыз, квадробиканы насихаттап, түрлі бейнеге енген азамттарды кездестіру оңай. Өз еліміздің үлкен қалалалырнда да жануар маскасы мен құйрығын таққан жасөспірімдеді жиі кездестіруге болады. Баланың бұл әрекетіне бастапқыда аса мән бермеген ата-аналар бүгінде қорқынышпен қарай бастаған. Өйткені, балалары мысықша мияулап, маймылша секіріп, тіпті қасына жақындағанда тырнап, тістеп алатын халге жеткен. Психологтар да аталмыш ойынның баланың болашағына балта шабатынын айтып дабыл қағуда. Бұл жөнінде мәслихат депутаты Дәулет Мұқаев өзінің әлеуметтік парақшасында айтып, құзырлы орындар мен ата-аналарға үндеу жасады:
– Квадробер деген ұғым қарапайым тілмен айтқанда, бұл адамдардың жануарға айналуы. Бұл көбіне жасөспірімдер арасында белең алып жатыр. Бұл кәдімгі дерт, қоғамның ауруы десе де болады. Қазірден бастап алдын алмасақ, ертеңгі күні ұрпақтың тамырына балта шауып алуымыз мүмкін. Қарапайым тілмен айтқанда, адамдар, жасөспірімдер жануарға еліктейді, төртаяқтап жүреді, солар секілді өмір сүреді, секіреді, тіпті көшеде жүрсеңіз, сізді тырнап, тістеп алу қаупі де бар. Бұл Еуропада да, АҚШ-та да белең алып жатыр. Сондай-ақ тіпті Ресейде де, Өзбекстанда да тіркелген жағдайлар бар. Сондықтан барынша сақ болайық», – деп ескертті халық қалаулысы.
Депутатың айтуынша, квадроберлердің әрекетін құзырлы органдар мұқият зерттеу керек. Қажет жағдайда Парламент арнайы заң шығаруға да дайын екенін айтты.
– Президент үнемі айтатындай, тәртіп пен заң керек. Бізде мұндай квадроберлерге байланысты заң шығару керек те шығар. Себебі бұл аурудың, яғни дерттің алдын алмасақ, ертеңгі күні өзіміз опық жейтін боламыз. Және де айтарым, дәл осы квадроберлердің әрекетін құзырлы органдар тексеріске алу керек. Ал ата-аналарға айтарым, балаларыңызбен міндетті түрде сөйлесіңіздер, дос болыңыздар, араласыңыздар, көңіл бөліңіздер. Себебі мұның артында үлкен бір күштер де тұруы мүмкін. Балаларыңыздың жануарға айналуы ақылға қонымсыз нәрсе, бірақ, өкінішке қарай, сондай болып жатыр. Мен сіздерге ескерту ретінде айтып отырмын. Сондықтан да барлығымыз бірге әрекет етейік. Мұның артында үлкен индустрия тұр. Біреулер сол жануарға еліктеп, киімін алады, құйрық жалғап алады, одан кейін, тіпті соның тамағын да жейді екен. Бұл қоғам дерті. Ол қоғамға қауіп, – деді Дәулет Мұқаев видеоүндеуінде.
Ал, аудандағы психолог Меруерт Өскенбайқызынан спорттың осы түрі жайында сұрағанымызда, бұл спорттан гөрі психикалық ауытқуға көбірек ұқсайтынын алға тартты.
– Қазір әлеуметтік желіні ашсаңыз квадроберлердің жасаған әрекеттеріне көзің сүрінеді. Квадробиканың балалардың психикасына теріс немесе оң әсері туралы толыққанды зерттеулер әлі жоқ. Бірақ мен бұл құбылысты спорт емес психикалық ауытқуға көбірек ұқсатамын. Өйткені осы бағытқа әуестенгендер өздерін қалыпты ұстай алмайтыны аңғарылады. Тіпті көгалдарда секіргендерінің өзі басқаша. Кәдімгі адамдар олай секіре алуы екіталай. Бала психикасының бұзылғаны сонша, іс-әрекетін жануардікінен ажырата алмайсыз. Сондықтан бұл теріс мәнді субмәдениетке қоғам болып қарсы тұруымыз керек, - дейді психолог.
Қазір әлеуметтік желіде квадроберлердің жасаған іс-әрекеттері желдей есіп жүр. Олар өздерін заманауи тренд, субмәдениет өкілі ретінде қабылдайды. Және ол әрекетінің еш әбестігі жоқ деп санайды. Әсіресе, АҚШ пен Еуропа елдерінде бұл тренд шарықтау шегіне жетіп тұр. Көрші Ресей мен Өзбекстанда да тіркелген. Тіпті біздің елдегі үлкен мегаполистерде де маска киіп, құйрық жалғап жүргендер аз емес.
Көрші мемлекеттер бұл ойынның қауіптілігін аңғарып, алдын-алу шараларын да бастап кетті. Мәліметтерге сүйенсек, өткен айда Ресей Федерациясы Кеңесінің сенаторы Наталья Косихина квадробер субмәдениетіне тыйым салуды ұсынды. Оның ойынша квадроберлерік - психиканы зақымдап, оның соңы қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ квадроберлермен күресу үшін Ресей ардагерлері ұйымы Ресейдің Бас прокуроры Игорь Красновқа балалар мен жасөспірімдер арасында «квадробинг» деп аталатын әуестіктің таралуын тоқтату туралы өтініш жіберген. Өтініште бас прокурорға квадробингке байланысты тауарларды ірі маркетплейстерде және бөлшек сауда желілерінде сатудың заңдылығын тексеріп, балаларды квадробингке тартуды қолдайтын және ынталандыратын ата-аналарға қатысты жауапкершілік шараларын енгізуді сұрап, жаңа құбылыстың зиянды салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылған. Бүкілресейлік қозғалыстың үндеуінде: «Мұндай шаралар отбасылық құндылықтарды сақтауға және нығайтуға және қоғамымызды осындай қауіпті ағымдардан қорғауға оң әсер ететініне сенімдіміз», – деп жазылған.
Ал, өзбек ағайындар квадроберлердің ата-аналарына айыппұл салатынын мәлімдеп, өзбек министрлігі балалар арасында квадробика деп аталатын субмәдениеттің көрінісі ата-аналардың өз міндеттерін орындамауы ретінде қарастырылатынын ескерткен. Демек, әлем елдерін алаңдатқан бұл трендті спорт деп қабылдау қателік.

P.S.: Әсілінде, адам жануардан сана-сезімінің дамуымен ерекшеленеді. Ал, өсіп келе жатқан жас өркеннің санасын улап, хайуанға еліктету бәз-біреулердің пайдасына шешілетін дүние болуы әбден мүмкін. Өйткені, санасыз ұрпақ қалыптасқан мемлекет көрінгеннің ермегіне айналатыны ақиқат. Сондықтан бала әрекетіне бей-жай қарамай, болашағына бағыт-бағдар жасауда қоғам болып атсалысқанымыз абзал.

Айсұлу Алданазар
09 қараша 2024 ж. 304 0