» » ИНТЕРНЕТ ҒАЖАП ПА, АЗАП ПА?

ИНТЕРНЕТ ҒАЖАП ПА, АЗАП ПА?

Адамзатты интернетсіз елестету қиын. Тіпті цифрландыру үрдісінде интернет адам өмірінің ажырамас бір бөлшегіне айналды. Қазір жасөспірімдер де, егде жастағылар да әлеуметтік желілерді қолданып, интернет сауданың игілігін көріп отыр. Оның артықшылығын бәріміз білеміз, ал кері тұстары ше? Сол жөнінде тарқата жазсам.
Адамзаттың басым бөлігі қолданатын әлеуметтік желілер басын «Classmates» (Сыныптастар) деген интернет сер­вистен алады. 1995 жылы Ренди Конрадс ойлап тапқан. Бүгінде Instagram, Вконтакте, WhatsApp, Facebook, YouTube, Twitter, Telegram секілді әлеуметтік желілерді қолданушылар саны артты, интернет арқылы онлайн ойын түрлері көбейді. Олар интернетке қосылған ұялы телефон арқылы қолжетімді болды.
Психологиялық дағдыларды терең меңгерген мұндай ақпарат көздерінен жастар өз еркімен бас тартуы қиын. Мұның арты өз-өзіне қол жұмсауға әкелуі де мүмкін. Ал енді әлеуметтік желілер ішінде жасөспірімдердің көп қолданатыны Instagram және Вконтак­тіге тоқталсам. Өзім осы желілерге арнайы тіркеліп, қатарластарымды не қызықтыратынын зерделедім. Instagram танымалдылықтан бөлек табыс көзіне айналған. Оқушылар арасында да аккаунттінде көп оқырман жинап, танылып, жарнама жасаудың жолын тапқандар бар. Қазіргі жастар теледи­дар қарамай-ақ ақпаратты Вконтакті­дегі парақшалар арқылы ала алады. Оқушылар желіде «қай мамандықты таңдаймын», «ҰБТ жақындап қалды, бейіндік пәнді әлі таңдаған жоқпын» деген тақырыпта пікір алмасады. Вконтактегі түрлі қауымдастықтарда жастар жеке өмірлері, махаббат мәселелері, араласатын ортасы және т.б жөнінде де кеңінен тілдеседі. Кейде түрлі жанрдағы фильмдерді көреді. Яғни интернетке, ұялы телефонға, оның ішінде, әлеуметтік желіге байланған жастар қатары артып келеді.

Айшолпан Нұрмаш,
№110 мектеп-лицейдің
10 сынып оқушысы
29 қазан 2024 ж. 714 0