№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жолдың жайы қалай?

Жолдың жайы қалай?


Бүгінде елдегі инфрақұрылым мәселесін шешу ең маңызды мәселеге айналды. Оның ішінде, жол логистикасын реттеу кезек күттірмейтін шаруа болып тұр. Тек автожол ғана емес, жаяу жүргіншілерге арналған жол мен жол белгілері де басты назарға алынды. Өйткені, айтып келмейтін апаттың дені темір тұлпардан төніп отырғаны ақиқат. Соңғы дерекке сүйенсек, жыл басынан бері 1300-ден аса адам жол апатынан қаза болып, 16 мыңнан аса адам жарақат алған. Халықаралық сауда нарығында жол сапасы аса күрделі маңызға ие. Сондықтан біз бүгін жол ахуалын тағы бір түйіндеп алуды жөн көрдік.

Бұл мәселені Мемлекет басшысы да қатаң бақылауға алғанын «Әділетті Қазақстан: Заң және тәртіп, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында жеткізді. «Авто­көлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Мен бұл туралы осыған дейін де айттым. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеу­ге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Сондықтан бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын. Әрине, мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ. Сол үшін инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданған абзал. Бұл жұмысқа қоғамдық бақылауды күшейту үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосқан жөн. Онда барлық жолды, соның ішінде, қала аумағындағы жолдарды салуға және жөндеуге қатысты ақпарат болуы керек» – деді Президент.
Иә, жол құрылысына келгенде қоғамдық бақылау бізде әлсіз екені рас. Соның салдарынан көшелердегі кейбір жолдардың жағдайы мәз болмай тұр. Ойдым-ойдым жолдармен жүргенде көлігіңнің “сай-сүйегі сықырлайды”. Сол үшін тұрғылықты тұрғындар еш болмағанда көше асфальтына бақылау жасаса дұрыс болар еді. Мұны басшылық та жиі айтып, мүмкіндігінше назар салып қоюға кеңес берді.

Жалпы Қызылорда облысы аумағындағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 3580,5 шақырым, оның 1014,5 шақырымы республикалық, 555 шақы­рымы облыстық, 2011 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар. Биыл жол инфрақұрылы­мын дамытуға республикалық және облыс­тық бюджеттен 43,3 млрд. теңге бөлініп, 300 шақырымға жуық автомобиль жолдары, көшелер және көпір өткелдері жөндеуден өткізілуде. Өткен жылдың қорытындысымен облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары­ның жақсы және қанағаттанарлық индикатор­лық көрсеткішінің үлесі 87,5%-ға жеткізілді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында облыстағы жол саласын дамытуға республикалық бюджетке 61,1 млрд теңгенің 101 жобасы ұсынылған. Биылға нақтыланған 51 жобаның 17,3 млрд теңгесі қолдау тауып, индикаторлық көрсеткішті 92 %-ға жеткізу межеленген.
Ауданға оралайық, біздегі ауданаралық жолдардың барлығы дерлік жөндеуден өтіп, көлік қатынасына қолайлы жағдай жасай алды. Тек көшелер ретке келмей жатыр, ол да кезең-кезеңімен ретеледі. Әсіресе, кент ішіндегі көшелерге көбірек назар аудару керек. Ауданда автомобиль жолдарын дамытуға 2024 жылы 5,0 млрд теңге қаржы бөлінді. Облыстық бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлініп, облыстық маңыздағы «Жаңақорған – Түгіскен – Қандөз» автомобиль жолына күрделі жөндеу жүргізілуде. Аудандық маңыздағы 192 шақырым жолдың қанағаттанарлық деңгейі 96,1 пайызға жеткізілген. Бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлініп, 30 көшеге күрделі және орташа жөндеу жүргізілді. Басталғанына 40 жылға жуық уақыт болып, аяқсыз қалған Жаңақорған кентіндегі темір жол үстінен өтетін көпір құрылысына демеушілер есебінен жоба дайындалып, сараптамадан өткізілді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталды.
Жаяу жүргіншілер жолы да шешіліп келеді дейді жауапты сала басшылығы. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бұл жолы жол белгілері жайы жөнінде толық ақпарат берді.
– 2024 жылы Жаңақорған ауданы аумағындағы 192,1 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен 603,7 шақырым құрайтын елді мекен көшелеріндегі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 85338,3 мың теңге қаралған. Қаралған қаржы бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары нәтижесінде 53986,2 мың теңгеге келісім шарт жасалып, 786 дана жол белгілері мен 49,5 м2 жасанды жол кедергілерін орнату және 325 км жол үсті таңбасын сызу жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ, қосымша аудандық бюджеттен 295 дана жол белгісі мен 142,5 м2 жасанды кедергісін және 62,2 км жол үсті таңбасын сызуға29130,0 мың теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде, – деді бөлімнің бас маманы Дәулет Оразалыұлы.
Бағдаршамдарды ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау жұмысына және электр энергиясына 3 млн 486 мың теңге қаралып, бағдаршамдарды жөндеу, бағаналарын сырлау жұмыстары жүргізілуде. Жаңақорған кентіндегі жол белгілері мен жасанды жол кедергілерін ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарына 8085,5 мың теңге қаралып, жыл басынан тамыз айына дейін 145 дана жол белгілері орнатылды. Қазіргі уақытта жол белгілерінің бағаналарын сырлау, ескірген жол белгілерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде екен.
– Аудандық маңыздағы автомобиль жолдарына 70 дана жол белгілері орнатылып, 219,1 шақырым жол үсті таңбасы сызылды. Шалқия кентіне 73 дана жол белгісі мен 12 м2 жасанды жол кедергілері, Құттықожа ауылына 33 дана жол белгісі, 6 м2 жасанды жол кедергілері қойылды. Сол секілді Байкенже, Билібай ауылдарына барлығы 48 дана жол белгілері мен 7,5 м2 жасанды жол кедергілері орнатылды, – деді жауапты маман.
Кент көшелерінде жаяу жүргіншілер және жол үсті таңбаларын сызылып, аудан орталығындағы басты көшелер мен барлық білім беру мекемелерінің айналасындағы 105,9 шақырым жол үсті таңбалары жаңартылған. МАИ бекеті және Саяжай мөлтек аудандарына жаңа жол белгілерін орнатуға 20 млн теңге қаралып, барлығы 417 дана жол белгісі мен мектептер айналасына 24 м2 жасанды жол кедергілері орнатылған.
– Толықтыра кететін болсақ, білім беру ұйымдарына (мектептер) іргелес жатқан жол тораптарына зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ауданымыздағы 44 мектепке іргелес жатқан көшелерге 295 дана жол белгісі мен 142,5 м2 жасанды кедергісі қажеттігі анықталып, сметалық құжаттама әзірленді. Қазіргі уақытта аудандық бюджеттен 16703,0 мың теңге қаралып, «Айсұлтан-А» ЖШС-мен келісім шарт жасалды. Жұмыстар 2024 жылдың қыркүйек-қазан айларында орындалатын болады. 2024 жылдың ІІ жартыжылдығында Жаңақорған кентінің басты көшелері мен жаяу жүргіншілер өткелінің барлығында 62,2 шақырым жол үсті таңбаларын сызуға аудандық бюджеттен 12427 мың теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде, – деді бас маман.
Жыл соңында тағы бір түйіндейтін боламыз, әзірге жол мәселесіне қатысты сауалдарды осылай жүйеледік. Ең бастысы, жолдың сапасы мен жолда жүрудің ережелері қатаң сақталса дейміз. Жол белгілері де уақытылы ауыстырылып, керекті кедергілер керек жерінде табылғаны дұрыс.

Әлібек ТЕМІРБЕК
08 қазан 2024 ж. 386 0