№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Той бәсекеге айналмасын десек...

Той бәсекеге айналмасын десек...


Қазір не көп, той көп. Бұл жетістік пе? Соңғы жылдары той тойлау шектен тыс көбейіп кетті. Бесік той, тұсаукесер, сүндет той, тілашар, қыз ұзату, үйлену тойы, отызға, қырыққа, елуге, алпысқа келген мерейтой дейсіз бе, той көп. Әлбетте, тойдың болғаны жақсы. Өкініштісі, кейінгі кездері той мәдениеті мен әдебі төмендеп, бейәдеп ойын-сауық түрлері көбейіп кеткеніне күнделікті өмірде куә болып жүрміз.


Бүгінгі той турасында әңгімелесек, бәсекенің иісі аңқып тұр Үйлену тойы, беташар, қыз ұзату, құда шақыру, керек десеңіз шілдехана мен бесік той да қып-қызыл бәсекеге айналды. Шамасы келсін-келмесін қарызданып – қауғаланып, несие алып келін түсіріп, қыз ұзату тойын қыздыру таңсық болмай қалды.
Қазір той өткізу – бәсеке. Бір той екіншісін қайталамауға тиіс. Той туралы кеңескенде "ой, оны ана тойда жасады ғой, біз басқаша істеуіміз керек..." деп жатады. Қаржының көбі осындай ойлап-тапқан ермек-шоуларға кетеді. Шын мәнінде, той өткізуге қанша қаражат жұмсалады? Тіпті, бұрын сенбі мен жексенбі күні ғана той жасайтын қазақ қазір аптаның жеті күнінде де тойдан босамайтын болды. Әлбетте, жағдайы мықты болса бір сәрі. Қоңторы тірлік кешкендерді той шығыны кәдімгідей тұралатып тастайтыны қиын. Көптің арасында, әсіресе дәулеттілер өзінің етжақын туыстарының басын қосып, оның қабатында қызметі жоғарыларға сый көрсетіп ішкі есебін түгендеп бағатынын, көріп жүрміз. Ал қарапайым халық ше? Қатарынан қалмау үшін қарызға батып, өмір бойы банктің үстеме пайызын төлеп жүргендер қаншама. Сондағысы, «кімнен кембіз» деген жалған намыс жетегінде соңғы тиынын қағып тыраштанып бітеді.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген. Той иелері 400-500 адамды місе тұтпай өзін тойға шақырған әлеуметті түгендеп тағы басы қатады. Ал тойханалар құны күн санап шарықтауда. Адам басына 6000-7000 теңгеге айналды.
Ең қызығы, тойбастар тарқатылмай той тарқамайды. “Тойдан – тобықтай” тарту-таралғы тағы бір талқының тақырыбы. Бұл да қалтаға аз салмақ емес. Бірақ соны таратпаса көңілі көншімейтіндер де, оны алмаса күңкілдеп кететіндер де көп. Шынтуайтына келгенде, тойдан арқалап қайтқан сол бұйым кәдеге асып жарытпайды. Сонда осыншама әурешілік не үшін қажет?
Одан бөлек, тойға асаба, әнші, биші тағы бар және мейрамхананың безендірілуін, отшашуды, суретке түсетін баннерді қосыңыз. Жас жұбайлар туралы той серуені, фото-видеоператор, бұл қызметтердің әрбіріне 100-200 мың аралығында ақша шығындайсыз.
Жаңашылдыққа жақын халықпыз ғой, бүгінде тойхананы той иелерінің қалауына қарай белгілі бір түспен біркелкі етіп безендіру сәнге айналды. Қонақтар естелікке суретке түсуі үшін кіреберіске баннер қоюға міндеттісіз. Әрі қарайғы шаруа – асабаның қолында. Той жүргізетін асабалардың қызмет ақысы 60 мың теңгеден басталып, бір мың долларға дейін барады екен. Асабаның атағы мен даңқы артқан сайын қызмет ақысы да өсе беретінін біле тұра бүгінгі тойшыл қауым атақтыларды шақыруға әуес. Қысқасы, той жасауға жұмсалатын шығын еселеп артса да екпінімізді төмендетпейтініміз қиын болып тұр.
Бүгінде қыз ұзатудың өзі үлкен тойға айналды. Оған кететін шығын үйлену тойынан асып кетпесе, кем түспейді.
Өмiрiнде бiр-ақ рет болатын айтулы күн болғасын қалыңдықтың қабағын бағып әлек болатын ата-ананың той көйлекке де күні түседі. Дана халқымыз қыздың жасауына аса мән беріп, «жасауыңды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді» деген. Бірақ бүгінгі күні қыз жасауына жұмсалатын қаражат той шығынынан кем түспейді. Яғни, астамшылыққа салып қымбат жиһаздар мен брендтегі киімдерді апарамыз. Десе де «ұят болады, ел не дейді» деп арзан намыс буған төркіні алды-артына қарамай шығындалып, қалыңдық сандығын аузы-мұрнынан шығарып толтыруға тырысады. Аялап өсірген аққуың қияға ұшар уақытында «ананы, мынаны әпер» деп ата-анасын қинамасын десеңіз кішкентайынан қарапайымдылық пен қанағатшылдыққа тәрбиелеген абзал.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Twitter” па­рақшасындағы жазбасында үйлену тойларында немесе өзге де салтанатты шараларда ысырапшылдыққа жол бермеуді ұсынған-ды. “Ысырапшылдықтан, ас та төктен арылу үшін жаңа формат керек. Ұлттық дәстүрге бет бұру қажет, мысалы, өзбектер, түріктер мен түркімендер сияқты”, – деп жазды. Осы айтылғандай, өзбектердің, түріктер мен түркімендердің үйлену тойының ұлттық дәстүрге бет бұруына заңдық тұрғыда қабылданған шаралар негіз болған екен. Мәселен, жүздеген қонақ қатысатын ірі тойлар өзбектерді қарызға батырып жатқандықтан, осы жылдың наурызында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің той шығындарын азайтуға шақырған үндеуі жария болған. Бұл видеода өзбек басшысы “дарақы тойлар” туралы айтып, банкет қонақтарын, тағам көлемін және үйлену кортежіндегі көлік санын шектеу жөнінде талап қойған.
“Үйлену тойындағы қонақ саны 150-ден, ал құдайы тамаққа келетіндер саны 200-ден аспауы керек. Оған кеткен шығынның орнына кедей-кепшіктің үйін әктеп, оған жаңа теледидар алып берген әлдеқайда дұрыс болады”, – деген Мирзияев. Яғни, енді бұл елде тойға шақырылатын адам саны 150 адамға дейін кемітіліп, дастарқандағы тағам мен үйлену тойында жүретін кортеждегі көліктің саны да шектеулі болмақ.

Сәлемің сатулы ма еді, қалқатайым?

Беташар рәсімі – ислам дінінде міндеттелген парыз амалы болмағанымен қазақтың салт-дәстүріне етене еніп кеткенін білеміз. Бірақ, сол беташар рәсімінің өзі заман ағымына бейімделіп, басқаша сипат алып бара жатыр. Мысалы, келіннің бетін ашып, елге таныстыру үрдісі отбасында емес, мейрамханада үлкен тойдың алдында өтетін болды. Арада апталап уақыт өтіп кетеді, оны да ескеріп жатқан ешкім жоқ. Бұл әрине, дәстүрге жат. Өйткені, келін шаңыраққа түсіп, босаға аттағанда бірден бетін ашып, өзі түскен әулетті таныстыру керек. Ал, қазіргі уақытта 300-400 адамды тойға шақырып, қаншама халықты күттіріп қойып, беташар рәсімін жасайды.
Бүгінде асаба беташар жырын айтып, келіннің сұлулығын, әдебі мен ізетін өлеңіне қосады. Тойға келген әлеуметтің әрбірінің қандай туысқандық жақындығы бар екенін, беделін, қадір-қасиетін өлеңмен жеткізіп, әрқайсысына жеке-жеке сәлем салғызады. Тіпті сол әулетте аты аталмаған адам қалмайды. Ағайын-туыс, құда-жекжат, нағашы-жиен, көрші-қолаң, дос-жаранға сәлем салдырып, қалтасынан ақша қағудың қандай салтқа, мәдениетке жататынын біреуіміз ойлаған емеспіз. Соңғы кездері беташардың ақша жинайтын қоржыны жанына каспий голды мен кюар кодын қою сән болыпты. «Естімеген елде көп» деген осы болар. Осы ретте аудандық кітапханашы Жақанова Әсия апамыздың мына сөзі көңілімізге қонды.
– Шыны керек, қазір халық тойдан мезі бола бастады. Біріншіден, кез келген той кеш басталады, содан кейін тойдың алдында өтетін беташардың өзі 1,5-2 сағатқа созылады. Беташарда ақшасы көптеу дегендерге қайталап екі-үш мәртеден сәлем салдырып қалта қағу дағдысы тағы бар. Алтын уақытымыз ысырап болып, жүйкең тозып қайтасың. Осыдан бес-алты жыл бұрын аудандағы қаламгер апайымыздың ұлы үйленіп, тойына арнайы бардым. Халықтың кештеу жиналатын әдеті, Алматыдан келген құдалары иіріліп сыртта тұр. Осыны ескерді ме, үй иелері беташарды қысқартып жас келінге жалпы ағайын-туысқа арнайы бір сәлем салғызып, қарияның батасын алумен беташарды тәмамдады. Ешкімнің аты аталып, сынға түспеді, қалтасы қағылмады. Ары қарай той салтанаты басталып кетті. Көпшілік те риза болып, сергек көңіл-күйде тарқасты, – деді ол.
Қысқасы, той жасауды тиыннан теңге құрау деп емес, отбасылық қызықшылығына ортақ болуға шақырған қона­ғының қайткенде көңілін көтеру, ойынан шығу деп түсініп, соған сай сценарийді әркім өзі жасағаны абзал.
Тойдың мәні, мағынасы оған кететін шығынмен есептелмейді. Барлық нәрсеге қанағатшылдықпен қарай білген қарапай­ым қағидаларымызбен де қуаныш дастарханында жүздердің ықыласына бөленуге әбден болады.

Әсел РЗАЕВА
22 маусым 2024 ж. 451 0