№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Оңай ақша – артық мәселе

Оңай ақша – артық мәселе


Заман қарқынды дамып келе жатыр. Заман дамыған сайын жаңа мамандық түрлері де, жаңа табыс көздері де пайда болуда. Мәселе табыс табуда ғана емес, ол табыс қандай жолмен келіп жатыр деген сауал әрбірімізді толғандыруы тиіс.


Қазірде «қара жұмыс жасамай-ақ күніне 50000-ға дейін табыс тап» деген секілді жарнаманы жиі көзіміз шалады. Әрине, бұндай жарнама ақшадан тарығып, айлығын ай соңына дейін әзер жеткізіп, қарызданып жүрген адамдарды қақпанға түсіреді. Осы секілді мәтіні жұмақтағыдай сезіндіретін жарнамалар желіде желдей есіп жүр.
Жалған жарнаманың қатарында онлайн жұмыс, қаржылық пирамида секілді «табыс көздері» де бар. Бұлардан бөлек қазіргі таңда осы тізімге TikTok желісін де енгізуге болады. Осы тақырыптар жайында кеңінен сөз ете кетейік.
Қазір TikTok әлеуметтік желісі оңай табыстың жаңа түрі болып табылады. Яғни, TikTok желісіндегі тікелей эфирде өзгелермен battle-ға шығып, көрермендердің жіберген сыйлығы арқылы табыс табады. Сәйкесінше, олар өзінің тікелей эфиріне көрермендерді жинау үшін, соңына дейін отырғызу үшін небір әрекеттерге барады. Бір-біріне анайы тапсырмалар орындатып, бірін-бірі балағаттап жатады. Соның кесірінен түйткілді мәселе тауып алып жатқандары да жоқ емес. Бұл жерде тікелей эфирде біреуді балағаттағаны үшін сотталып кеткен жағдайлар бар екенін меңзеп тұрмын. Оған мысал ретінде тиктоктың «гүлі» болып жүрген Мұрат Әбділдәні атай аламыз.
Ал қаржылық пирамида, үйде отырып табыс табудың сценарийі баршамызға таныс болар. Бұлармен айналысамын деп те сотталып кеткендер аз емес.
Осы қатардағы келесі оңай табыс түріне алаяқтық та жатады. «Адамнан айла артылмайды» демекші, алдап соғудың да түрлі жолдарын ойлап тапқан. Бірі банктен хабарласып тұрмыз десе, енді бірі аз айлықпен ірі көлемде несие рәсімдеп беремін дейді. Тіпті технологияның дамығанын да пайдаланып алаяқтық жасап жатқандар пайда болды. Оған дәлел, жақында жаңалықтардан естігендей, хакерлер жасанды интеллекттің көмегімен бөгденің телефонына еніп, WhatsApp желісі арқылы өзгелерден қарыз сұрап миллиондаған ақша тапқан. Осы секілді алаяқтықтың түрлері көп және күн сайын жаңа түрлері көбейіп келеді. Бұндай нәрселердің соңы немен бітері баршамызға мәлім.
Келесі жеңіл табыстың түрі – жарнамасы басыңды айналдыратын онлайн жұмыстар. Жарнамалық текстінде «Тек сұрақтарға жауап беру арқылы күніне 2000-10000 теңге аралығында табыс тап», – деп тұратын бұл жұмыстар баршамызды қызықтырған болар. Ендеше осы қызығушылықтың лебімен сол жұмыс жайлы ақпарат іздестіргеніміз жайлы айтып берейік. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жұмысқа кіру үшін алдын ала (көп жағдайда 1000-3000 теңге аралығында) төлем жасау қажет екен. Содан соң адамдар сізге өзі білгісі келетін кез келген сұрақты қояды. Ол сұрақтар сіздің жеке басыңызға қатысты болуы да мүмкін. Сіз осындай жұмысты жасар ма едіңіз? Әрине, жоқ. Жеке басың жайлы ақпараттарды көпшілікке жаю сізге артық мәселеден басқа ештеңе тауып бермейді.
Оңай табыс табатын жұмыстардың бірнешеуі жайлы сөз еттік. Осы айтылған ақпараттарды қорытындылай келе мынадай ой түйеміз.
Бұл өмірде барлық нәрсенің сұрауы бар. Жеңіл жолмен табылған ақша ешкімге құт алып келмейді. Жеңіл келген ақша желмен кетеді. Бай боламын деп жүріп, тура жолдан тайып, қаптаған мәселенің ортасында қалып кетіп жүрмеңіз. Алла байлықты кез келген құлына береді. Тек сол байлықты дұрыс жолмен таба білу қажет.

Аружан Қожабек,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
1-курс студенті

08 маусым 2024 ж. 322 0