ОЙЫН АЛАҢЫ ОРТАҚ МҮЛКІМІЗ ЕМЕС ПЕ?
Елімізде бұқаралық спортты дамытудың стратегиялық жоспары құрылып, аймақтарда спорттық нысандар көптеп бой көтеруде. Жаңақорғанда да игілікті қадамдар бар. Тіпті аудандағы елді мекендердің барлығына шағын футбол алаңы салынды. Бір ғана Жаңақорған кентінде онға жуық кіші ойын алаңы бой көтерді. Әрине, спорт – жастар арасындағы құқықбұзушылық санының азаюына сеп. Тек бір қынжытарлығы, ортақ игілікке ұйыстырған алаңдардың жағдайы сын көтермейді. Оған жауапты кім? Біз осы тақырыпты тарқатып едік.
Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің мәліметінше, ауданда спортпен 21870 тұрғын тұрақты түрде шұғылданады. Яғни аудан халқының 26,2 пайызы спортпен айналысады. Ал аудан бойынша жасанды жамылғымен көмкерілген 45 спорт алаңы бар.
Осындай жасанды алаңдарды 26 ауылдық округтен табуға болады. Тіптен кейбір ауылда екі-үш алаңнан бар. Әрине, мұның бәрі өскелең ұрпақтың дені сау болып өсуі үшін жасалған жағдай. Бірақ. Бірақ деудің мәні бар. Кіші алаңқайлардың қазіргі жағдайы жайлы әңгімені құлақ естіп, көз көріп жүр. Әсіресе, аудан орталығындағы алаңдардың жайына мән бермеуге болмайды. Ал ауылдық округтердегі шағын алаңдардың жағдайы айтпаса да түсінікті. Осыған байланысты бірқатар ауылдық округ әкімдігіне хабарласқан едік.
Көбінің айтуынша, алаңдардың жағдайы мәз емес. Округтерде орналасқан алаңдардың ең көнесі осыдан 10-12 жыл бұрын салынған екен. Сол уақыттан бері жергілікті жанашыр жандардың қолдауымен жөндеу жұмысын көргендері де көп. Жаңаланғанына жыл жетпей істен шыққан алаңға тұрғындардың жанашырлығы жетпейтін көрінеді. Яғни, қадасы қырық жамау болып жасанды жамылғысының көтеріліп кетуіне жергілікті халықтың немқұрайдылығы себеп болып отырғаны аңғарылды.
Расымен, қай ойын алаңқайына барсақ та тұрғындардың игілігіне берілген алаңқайлардың бүгінде тозығы жетіп, төселген жасанды жасыл кілемі жыртылып, желді күні желбіреп тұрғаны көзге түрпідей тиеді екен. Айналдыра қоршаған темір тордың да сүйкімі қашып, жүдеп тұр. Алыстан жау келмейтіні анық, мұндай сорақылыққа сол маңның сотқарлары кінәлі екенін ішіміз сезеді.
Бір сауал, шағын алаңдар салынғанда не себепті жауапты мекемеге бекітілмеген?
Жөндеу көрген алаңдардың ішінде жыл толмаған шымдардың арасы ыдырап, топырағы бетіне шығып жатқанын көріп, «неменесі жөнделген?» деген ой туады. Біздің климатқа газондар кеуіп, ыстыққа төтеп бермей ме екен, әлде? Мұны білу үшін ғаламтордан жауап іздеп көрдік. «Жасанды алаңды жылдың кез келген мезгілінде, кез келген ауа райында, кез келген аймақта эксплуатация жасауға болады» дейді гугл ақпараты.
Мүмкін, кінәрат құрылыстың сапасында шығар? Құрылысшы компаниялардың жұмысы стандартқа сай емес пе? Осыны білу мақсатында жасанды алаңдарды салып жүрген «Газонтоп1» ЖШС құрылыс компаниясының директоры Арыс Бекжанмен хабарластық.
− Құрылыс компанияларын таңдағанда газон төсеуші қабатына мән берген жөн. Бұл презентация кезінде айтылады. Газонның төзімділігі алаң ішінде жасалатын 4 түрлі материалдан тұратын қабаттың болуына байланысты. Көбі осыны дұрыс қолданбайды. Біз шала істелген шағын футбол алаңын қайта салып жүрміз. Екіншіден, алаңдар қараусыз қалып қойып жатады. Мысалы, жақында ғана Талап ауылындағы жасанды алаңның газонын біреу қырқып алып кетіпті. Біз қайтадан төсеуге мәжбүр болдық, – деді ол.
Расында, алаңдарды иесіз қалдыру қаржылық шығынды арттырып тұр. Кейбірі мектепке жақын жерде орналасқандықтан білім ордасының жауапкершілігіне берілген. Ал ауылдық округтерде алаңды бабында ұстап, спорттық жарыстар ұйымдастырып, жастарды спортқа қызықтыру мақсатында арнайы спорт нұсқаушысы жұмыс істейді. Сонда біздегі спорт нұсқаушылар өз міндетін дұрыс орындамай отыр ма? Бірақ бір нұсқаушының қолынан не келеді? Бірнеше спорт нұсқаушысын әңгімеге тартқанымызда, олар өздері ойнайтын алаңды күтіп ұстауға ауыл жастарының құлықсыздығын айтып қалды. Сондықтан ортақ мүлікке жанашырлық керек-ақ.
Аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Махмұт Рақымжановтың сөзінше, қазіргі таңда ойын алаңдарын қайта жаңғырту мақсатында жүйелі жоспар бар. Қазір оларды жөндеуге инвесторлар тарту жұмыстары жүргізілуде екен.
Өткенде кент орталығында орналасқан бір ойын алаңқайдың есігі қалың ағашпен қымталыпты. Ойнауға барған балалар ішке кіре алмай дал болды. Мұны кім істеген? Сөйтсек, көрші апамыз балалардан бақшасын қызғанып, ойын алаңын мықтап бекітіпті. Халыққа арналған орынды бұлай қымтауға бола ма? Қысқасы, осындай олқылық болмас үшін әр аймақтағы ойын алаңдарына бір-бір қарауыл қою керек-ау.
Кенттегі ойын алаңдарының сиқы қашқан соң ата-ана балаларын ақылы алаңдарға апаруға мәжбүр болып тұр. Халықтың қалтасын қағып тұрған ойын-сауық орталықтары тәулік бойы тоқтаусыз қызмет көрсетуде. Әр балаға сағатына 2500 теңгеден ақы алатын кәсіпкерлер ортақ талапты сақтап отыр ма? Бұл туралы аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия отырысында айтылды.
– Лицензия алып енді ғана жұмысы жүйеленген кәсіпкерлердің екеуі де негізінде тамақтандырушы статусындағы кәсіпкерлер екені анық. Яғни, асханамен бірге бір ғимараттта орналасқан ойын алаңының қауіптілігі ескерілмей тұр. Асханадан шыққан газдан бала улануы мүмкін, себебі алаңда желдеткіш жоқ. Өрт болған жағдайда қосымша шығу есіктері қаралмаған. Осы секілді жеке адамдардың қауіпсіздігі ескерілмеген, – деді аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Махмұт Рақымжанов.
Расында, ойын-сауық иелері бұл жөнінде ескертулер алып, кем-кетікті түзеуге уағдаласқан көрінеді. Сондай-ақ, орталық алаңдағы 7 аттракцион бала өміріне қауіпті екені анықталған. Оған себеп, құрылғылардың тозығы жеткен. Дегенмен, тосын жағдайдың алдын алып, ойын алаңдарын қатаң назарда ұстап тұруға не кедергі?
ТҮЙІН. Бала – ел болашағы. Сондықтан балаға тиесілі іске сергек қарау парызымыз. Ойын алаңдарын аралап жүріп түйгеніміз, балалардың өмір қауіпсіздігіне үлкен жауапкершілік керек. Жұмысбасты жанұяның жеткіншектері ойнап жүріп жазымға ұшыраса оған жауапты кім болмақ? Алаңсыз алаңда асыр салатын балақайлардың саулығы бәрімізге керек.
Мақпал МАРҚАБАЙ