Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тонды тоқалдар кие ме?

Тонды тоқалдар кие ме?



Тоқал деген атау кез келгеннің құлағына түрпiдей тиетiнi сөзсiз. Қайбір әйел өзiнiң сүйiп қосылған жарына өзгені ортақ қылғанды қалайды дейсіз? Бiрақ еркектерге бұл тақырып майдай жағатын секiлдi. Бастары қосыла қалса, әңгiменiң бiр ұшын осыған әкелiп тiрейдi. Тiптi, бiр отбасын жарытып асырай алмай жүргендердiң де жүздерi бал-бұл жанып шыға келедi. Осы тақырыпты жете зерделеп көрмекке біраз замандасты әңгімеге тарттым.


Бірнеше жылдан бері қымбат тон сатуды кәсіпке айналдырған құрбым былай дейді.
– Өзімнің Алматы қаласында және осы Жаңақорғанда киім са­та­тын дүкендерім бар. Ер аза­маттардың дүкенге бәйбiшемен немесе тоқалымен келгенiн бiрден аңғарамын. Бәйбiшесiмен келген­дер қалтасы едәуір қағылатынын міндетсініп, танауын көтерiңкiреп, өктем сөйлеп тұрғанын көресіз. Бәйбiшесi де күйеуiне жалтақтап, ерiнiң артынан ерiп, қабағын бағады. Дүкенде бiр зат ұнаса дереу алуға асықпайды, алдымен күйеуiне, со­сын бағасына қарайды. Ал, бағасы қымбаттау болса, күйеуiнен «қымбат емес пе? Ала берейiн бе? Бола ма? Саған қалай?» дегенін естисіз. Күйеуінің салқын қабағынан аса алмай «осы тыныш болсын» дей ме, өзiне ұнасын-ұнамасын дереу бiр нәрсенi ала салады. Кейде, өзiне ұнағанын алғысы келiп, бағасы қымбат екенiн көрсе, бiзге ишара етеді. Мәселен, 350 мыңның тоны тұрса, бiзге көзiн қысып: «мынаны 280 мыңға түсiрiп бересiз бе?» дейдi, бiз де түсiне қоямыз: «иә, алыңыз» деймiз. Өйткенi, кез келген әйелдiң де күйеуiне көрсетпейтiн төс қалтасы болады, содан қосып бередi. Бiз оған әбден үйренгенбiз, – дейді ол.
Ал, тоқалдардың тәртiбi мүлде басқа екен. Олар ешқашан да, ешкiмге жалтақтамайды. Керi­сiн­ше, жанында жүрген еркек «нақ­сүйерінің» көңiлiн тапқысы келiп, асты-үстiне түсіп, әлек болады екен.
– Олар дүкенге кiрiп келгеннiң өзiнде тайраңдап, ұсақ-түйек зат­тарға қарамай, бiрден қымбатына қарай көз салады. Бағасы 800 мың, миллион теңге тұратын тондар­ды алып, еркектердi пайдаланып қалуды көздейдi. «Жаным, керемет жарасып тұр. Саған құйып қойғандай екен. Осыны аласың ба? Ұнады ма?» деп, атпалдай азаматтың шығарда жаны бөлек болып тұрады. Кейде осындай дүниелердi көзiммен көр­ген уақытта, iштей «осы бәйбiше мен тоқалдың бiр-бiрiнен айырмасы неде? Тоқалдың бәйбiшеден сый­лы болатындай не артықшылығы бар» деп, өзiме сан алуан сұрақтар қоямын, – дейді кәсіпкер.
Екінші бір кәсіпкер әйелмен сөйлескенімде ол да өте қызықты жайттарды әңгімеледі.
– Бiр жолы қырықтан асқан ер адам бәйбiшесiн ертiп, дүкенге келдi. Әйелi киiмдердi қарап, өзiне ұнағанын ұстап көрiп жатыр. Бiр кезде замш күртенi ұнатып, киiп көрдi. Ойымда ешнәрсе жоқ, күйеуiне қарап: «сiз өткен жолы да дәл осындай замш күртенi алып едiңiз ғой» демесiм бар ма. Сөйтсем, әлгi жерде күйеуiнiң де, әйелiнiң де көздерi шарасынан шығып, бақырая қарады. Өзiм де сасып қалдым. Абырой болғанда, жанымда тұрған көмекшi қыз артымнан түртiп қалды. Сол кезде ғана оның тоқалына алып бергенiн, қазiр бәйбiшесiне алайын деп тұрғанын түсiндiм. Артынан дым болмағандай «ой, кешiрiңiз. Сiздi басқа бiреумен шатастырып алыппын ғой» деп, өтiрiк айтуыма тура келген едi, – деп еске алды.
– Осы күнi мейлi, тоқалы болса да қазақ еркек пен әйел келсе қуанатын болдым. Себебi, бiздiң қазақтың қыздары өзге ұлт өкiл­дерiнiң етегiне жармасып, жап-жас өрiмдей қыздардың, қайдағы бiреулермен бiрге жүргенiн көрген сайын намысың қозады, ызаң келедi. Соңғы уақыттары тәжiктер мен ауған азаматтарының жанынан қаракөз қазақтың қыздарын жиi көремiн. Мына тәжiк деген халық қызуқанды халық екен. Ауған азаматтары да олардан қалыспайды. Өйткенi, өздерi әйелдерiн үйлерiнен шығармай, үстi-басын бүркеп ұстайды. Әйелдерi үйлерiнен шығып жұмыс iстемейдi. Олардың мiндетi бала туып, ұрпақ жалғастыру. Содан кейiн болар, қа­зақтың сұлу қыздарын көргенде өздерiн ұстап тұра алмайды. Оның үстiне бiзде көпшiлiгi ашық-шашық, жабысқан немесе қысқа киiмдер­ге құмар ғой. Әрi бет-әлпеттерiн тұмшаламайды, керiсiнше әдемiлеп боянып алады. Әйтеуiр, олар бiздiң қыздарды көргенде өз-өздерiн ұстай алмай, тиiсiп, соңына түседi. Менiңше, оған бiздiң кейбiр қыздар да қарсы емес. Өйткенi, оларда ақша көп, сауданың тiлiн жақсы бiледi, қомақ­ты қаражат табады. Алайда, ауған азаматтары қанша жерден нақсүйер тауып, көңiл жарастырған күннiң өзiнде де, ешқашан үйiнен жырақ кетпейдi. Күн батып, қас қарайғанда үйлерiне оралып, бала-шағасының жанында болады екен. Тоқалынан бала сүйiп, әжептәуiр отбасы болып отырса да отандарын тастамайды. Ертеңгi күнi қандайда бiр жағ­дай болса қалса, өз елдерiне кете­дi. Бiр таң қалатыным, тоқалынан туылған ұл-қыздары болатын бол­са, өздерiмен бiрге қыздарын ғана алып кетедi. Өйткенi мұнда қалған ұл ол бәрiбiр тәжiк немесе ауған екенi белгiлi ғой. Ал, қыздарын өз ұлтының санын көбейтiп, ұрпақ жалғастырады деп санайды екен. Өзге елде, уақытша жүргеннен кейiн қызық iздеп, қыздарды қызықты­рып керегiн алып берiп, жағдайын жасайды, – деп бүгінгі күннің өзекті өкінішін тілге тиек етті түркістандық құрбым.
Шынымен де, қоғамда жұмыс iстеуге келгенде құлықсыздық та­нытатындар көбейді. Базарға шы­ғып, сауда жасауға ерiнедi немесе намыстанады. Бiрақ үйiнде жатып, әйелiнiң тауып келген тиын-тебенiн жаратуға намыстанбайды.
Тағы бір саудагер замандасым­ның мына бір әңгімесі де ой саларлық екен.
– Менің дүкенімнiң жанында аяқ киiм сатып тәжiк жiгiт тұратын. Жасы отызды еңсерген, отбасылы еркек. Бала-шағасы өз елiнде. Бы­лай қарағанда адамгершiлiгi мол, адамдармен тез тiл табысады. Өзге елде, әйелiнен жырақ жүргеннен кейiн қарап жүрсiн бе, қыз-қырқынға сөз сала бастады. Маған қарама-қарсы тұратын бiр келiншек бар едi. Тұрмыс құрған, екi қызы бар. Күйеуi қарапайым жұмысшы. Өзi жалдамалы сатушы. Ұзын бойлы, қараторының әдемiсi. Әлгi тәжiк жiгiт сол келiншектiң басын айналдыра бастады. Маған қарсы отырғаннан кейiн, барлығын көрiп отырамын. Адамның аяғы саябырсып қалса, келiншектiң жанына келiп, әңгiме айтып, тәттi-пәттісін әкелiп, бiрге шай iшетiн. Уақыт өте келе үйiне дейiн шығарып салып, күтiп ала бастады. Менiңше, келiншек те кетәрi емес сияқты. Әйтпесе, үйлi-баранды әйел өзге еркектiң назарын қайтсiн. Не керек, ақыр аяғында екеуi ашықтан-ашық көңiл жарастырды. Кәдiмгiдей ерлi-зайыптылар сияқты бiрге келiп, бiрге кетедi. Қарапайым келiншегi­мiз өзгерiп, қымбат киі­ніп, салон­нан шықпайтын болды. Өйткенi тәжiк жiгiт оны ұстап тұру үшiн күнделiктi ақша берiп, қажетi­не жарады. Сөйтiп жүргенде, әлгi келiншегiмiз өзiнiң күйеуiн жарат­пай, ажырасып та кеттi. Ендiгi жер­де, ешкiмнен қысылмай, еркiн жүре бастады. Уақыт өте келе қызды болды. Бiрақ тәжiк жiгiт ешнәрсеге қарамастан өзiнiң отбасын көшiрiп әкелдi. Онда да ешнәрсе өзгерген жоқ, сол баяғы қалпы. Кешкiсiн жұмыстан қайтар кезде, бәйбiшесiне де, тоқалына да бiрдей етiп азық-түлiк алып, екеуiн де бiрдей асырады. Қазiргi уақытқа дейiн дәл солай жалғасып келе жа­тыр. Одан бөлек, өзiмнiң ағайындас қайным бар. Жасы қырыққа келiп қалды. Бәйбiшесiнен екi ұл, екi қыз өсiрiп отыр. «Қазақ байыса қатын алады» демекшi, қолына ақша түсiп, жағдайы жақсарып едi, тоқал алып құтырды. Өзiнен он бес жас кiшi қызбен жүрiп, ақыр аяғында үйiне кiргiзiп алды. Әйтеуiр, бәйбiшесiн бiр үй, тоқалын бiр үй етiп қойды. Құдай сақтасын, қайным өзiнiң қателiгiне қарамай екеуiнiң абысынды-ажын сияқты араласқанын, бiр-бiрiне кү­лiп қарап, тату болғанын та­лап етедi екен. Келiнiм байғұстың шын көңiлiмен емес, амалдың жоғынан, отбасының тыныштығын ойлаған­нан осындай қадамға барғанын байқаймын. Кейде, өзi де әңгiме барысында iшiндегi ыза-кегiн маған жайып салып, бiр жылап алады. Ал, тоқалы болса үлде мен бүлдеге оранып, ауыз менiкi дегендей көсiле сөйлейдi. Үй шаруасымен айна­лы­сатын көмекшi қыз жалдап, өзi салондарды аралап, қыдырғанды ғана бiледi. Керек десеңiз, «осы абысыным ғой, бұл кiсiден ұят болар» деп, қымсынбайды да. Дүкен аралап, өзiне ұнағанын алып кетедi. Сонда байқаймын, қалтасы толған пора-пора ақша. Күйеуi­нiң тапқанын оңды-солды жаратып, мәз болып жүр. Тiптi, келiннiң мiндетiне кiретiн заңдылықтардың ешқайсысын да орындамайды. Күй­еуi қонақ шақыратын болса, бәйбi­шесiне звандап, «бүгiн кешке та­мақ дайындап қой. Пәленшелердi шақырып қойдым» деп бұйырады. Туған-туыстың, ағайын-жекжаттың барлығы да сол бәйбiшенiң үйiне тоқтайды. Сонда, қайным тоқалды не үшiн алды екен?, – деп ой салар әңгімесін жеткізді.
Мiне, осы тақырып төңiрегiнде ойланып қарасам, көпшiлiк ер аза­маттар “дiнiмiзде төрт әйелге алуға рұқсат етiлген” деп өздерiне шық жуытқысы келмейдi. Жарайды, дiнi­мiзде рұқсат берген екен. Бiрақ, ол берiлген рұқсаттың астарында үлкен жауапкершiлiктiң жатқанын неге елемейдi? Екiншi әйел алуға ни­еттенген ер азамат осы талаптарды сезiне бiлгенi әрi екі әйеліне де тең дәрежеде қарауы керек екенiн де ұмытпауы керек шығар. Ал бүгiнгiнiң еркектерi осындай жауапкершiлiктi бiле ме? Оны өз деңгейiнде атқа­ра алып жүр ме? Менiңше, уақыт­ша қызыққұмарлыққа бой алдырып жүргендерi көп сияқты.

Әсел РЗАЕВА


20 қаңтар 2024 ж. 303 0