Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » 2024 жылдан не күтеміз?

2024 жылдан не күтеміз?


Жаңа жыл жағымды жаңалығымен, өрелі өзгерісімен есігімізден енді. Мемлекетіміздің мерейі үстем, халқымыздың ырысы мол болуы үшін ауқымды істер мен берекелі бастамалар белең алуда. Халықшыл реформалар қатарында елді елең еткізер жаңалықтар жайында жерлігікті жауапты тұлғаларды «Көзқарас» дөңгелек үстеліне шақырып, пікірін білген едік.


ЖӘРДЕМАҚЫ МЕН ЗЕЙНЕТАҚЫ КӨЛЕМІ АРТАДЫ

Алия АБЛАЕВА,
«Әлеуметтік төлемдердің ведомсволық есептеу орталығы» департаменті Жаңақорған аудандық бөлімшесінің басшысы

– 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңда 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап айдық есептік көрсеткіш 7 пайызға артты, яғни, АЕК-3450 теңгеден 3692 теңгеге өсті. Зейнетақыны 9 пайызға, яғни инфляция деңгейінен 2 пайызға ілгерілеп арт­тыру көзделген. Осы жылы бюджет­тен төленетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері (БЖЗҚ төлемдерін есептемегенде) – 130 414 теңге (2023 жылы – 120 838 теңге). Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы бой­ынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақы ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ең жоғары деңгейі 120 пайызға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен артады.
Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 60-тан 65 пайызға дейін ұлғаяды. Бұл – 28 215 теңге, ал ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 100-ден 105 пайызға дейін артып, 45 578 теңге болды. Осы жылы 1, 2, 3 баланың тууына берілетін жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала тууына берілетін жәрдемақы 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін артады. Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін – 138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін, бірінші топ мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін, II топ – 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін, III топ – 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қо­рынан асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілетінен айырылу бойынша төлем 7 пайызға артты.

БАЛАЛАР ҰЛТТЫҚ ҚОРДАН АҚША АЛА БАСТАЙДЫ

Ақмарал МАЛИКОВА,
мәслихат депутаты, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы:

– 2024 жылы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы­мен биыл 5 жастан асқан балаларға ар­налған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізіледі. «Келешек» аясында балаларға арнап ашылған арнайы жинаққа мемлекет тарапынан бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс үстемеленбек.
Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жоба сының қаражаты қосылғанда жас ұрпақ тың сапалы білім алуына мүмкіндік туады. «Ұлттық қор – балаларға» Президент бағдарламасына сәйкес, 2024 жылдан бастап Ұлт­тық қордың инвестициялық табысының 50%-ы балалардың арнайы жинақтаушы шотына аударылып тұрады. Бұл ақша Қазақстан азаматтығы бар, 18 жасқа толмаған барлық балаға, елімізде 6,7 миллион балаға, ал ауданда 23 мыңға жуық балаға беріледі. Теңгемен бірге күрт құнсызданбауы үшін қаражат долларда сақталады. Президент айтқандай, жал­пы халықтық референдумда қабылдан­ған конституциялық өзгерістер Әділетті Қазақстанның символына, бір ұстыны­на айналды. Оның барысында Ата Заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағи­дат бекітілді. «Ұлттық қор – балаларға» бастамасының арқасында осы ұлттық байлықтың игілігін әр бір отбасы көреді. Айта кетейік, Ұлттық қордан алған бүкіл қаражатты кәмелеттік жасқа толған соң, білім алуға немесе баспана сатып алуға жұмсай алады.

ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫ 85 МЫҢҒА КӨТЕРІЛДІ

Жаңабек ТҰРЛЫБЕКОВ,
«Мансап» орталығының басшысы:

– Ел Әділетті Қазақстан құруға кіріскелі бұқара үшін маңызды бір көрсеткіш қарқынды өсе бастады. Әңгіме ең төменгі жалақы (ЕТЖ) туралы болып отыр. Әйтпесе, 2022 жылға дейін ол атышулы 42 500 теңге мөлшерінен көтерілмей келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап сырмасымен, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ЕТЖ 60 мың теңгеге күрт жоғарылатылды. Былтырғы 2023 жылы бұл көрсеткіш 70 мың теңгеге жеткізілді. Ал осы қаңтарда елдегі жалақының ең төменгі мөлшерi 85 мың теңгеге дейін артып отыр. Нәтижесінде, үш жылда екі есе ұлғайды. Әртүрлі саладағы әрі барлық меншік нысанындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін аудан көлеміндегі үш мыңға жуық жалдамалы жұмыскердің, соның ішінде 350-ге жуық бюджет­тік қызметкердің ақшалай табысы ұлғайды. Бұл басқа жұмыскерлердің жалақысының артуына да серпін береді. Себебі жұмыскердің жалақысы оның біліктілігіне, орындайтын жұмысының күрделілігіне, саны мен сапасына қарай қалыптастырылады.

БИЗНЕСТІ ТЕКСЕРУГЕ МОРАТОРИЙ АЯҚТАЛДЫ

Талғат МҰСТАФАЕВ,
Мемлекеттік кірістер басқармасының аудандық филиалының бөлім меңгерушісі:

– Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамыту үшін 2020 жылы оларды тексеруге үш жылдық мора­торий жарияланды. Оның мерзімі был­тыр ұзартылған. Ал биыл аяқталды. Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік бақылау болмағандықтан, өнім сапа­сы төмендеді, салық төлеуден жалтару жаппай белең алды, біраз бизнес көлеңкелі табыс көзіне айналды. «Бизнес қауымдастықпен бірлесіп, кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін шектен тыс талаптарды анықтау бойынша үлкен жұмыс атқардық.
Тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру бойынша да жұмыстар жүргізіледі. Бұл адами факторды жоя отырып, тексерулерді жоспарлауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, олардың саны 2 есеге қысқарады. Жалпы, заңға бағынатын кәсіпкерлерге әкімшілік қысым азаяды. Ендеше мораторий аяқталған соң елде жаппай тексерулер болмауы керек. Адал кәсіпкерлердің алаңдауына еш негіз жоқ.

БІЛІМ САЛАСЫНДА РЕФОРМАЛАР БАСТАЛАДЫ

Бекжан ЕСЕНБАЕВ,
Жаңақорған аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Биыл білім саласында тексерістің жаңа түрі енгізілуі мүмкін: Арнайы комиссия әрбір мектептің ғимаратын мұқият қарап, оның бала оқытуға қауіпсіздігін тексереді. Бұл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау үшін қажет. Үкімет пәрменімен 30 жылдан көп пай­даланылған мектеп, балабақша мен колледждердің ғимараттарын әр 5 жыл сайын апаттылық қауіпі бойынша тек­серу ұсынылды.
Біздің аудандағы 42 мемлекеттік мектеп пен 11 жеке мектептің текхникалық жағдайын сөз етсек, 97 пайызы жаңа ғимаратпен қамтылған. Осы жылы ауданда 2 «Жайлы мектеп» пайдалануға беріледі. Оған қоса бірнеше мектеп пен мемлекеттік балабақшалардың құрылысы жүреді. Бағдарлама шеңберінде Жаңақорған кенті, «Саяжай» мөлтек ауданынан 600 орындық мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мектеп құрылысы 2024 жылдың қыркүйек айына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Жаңа білім ордаларында оқу ка­бинеттері, әжетханасы, спорт залы болады. Бейнебақылау, дыбыстық да­был сияқты қауіпсіздік құрылғылары орнатылып, физика, химия, биоло­гия, робототехника сияқты заманауи кабинеттермен қамтамасыз етілмек.Жаңа мектептерді салудағы мақсат ау­данда орын тапшылығына жол бермеу, заманауи мектепте, оқушылардың үйіне жақын жерде білім алуын қамтамасыз ету болып табылады. Еске салсақ, мұнан бөлек жоба аясында Жаңарық елдімекенінде 300 орындық мектептің құрылысы жүруде.

ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДАЙДЫ

Орман АХМЕТОВ,
Жаңақорған аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы:

– Жаңақорған ауданында әр жыл­дары ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Біздің ауданда өткен жылы 3 ауылда электр желілері толық жаңартылды. Сондай-ақ Машбек ау­ылында спорт кешені пайдалануға берілді. Жайылма ауылдық клуб үйі жаңа ғимаратқа ие болды. Оған қоса, облыс­тық денсаулық сақтау департаменті­нің жауапкершілігінде болған Қаратөбе ауылындағы амбулаторияның ашылуы өтті. Білім басқармасының құзырындағы бірнеше мектеп құрылысы аяқталуға жақын қалды.
Ал, біздің бөлім 2024 жылы айтарлықтай ауқымды істі қолға алды. Тарқатып айтсақ, 5 ауылда электр желілері толық жаңартылмақ. Екі ау­ылдың ауыз су мәселесі түбегейлі шешіледі. Жаманбай Батыр ауылында клуб үйінің құрылысы басталады. Осы ауылда спорт кешенінің іргетасы қа­ланады. Айта кетерлігі, Жаңақорған кентінде Саяжай 1 мөлтек ауданының географиясы жасақталып, оның орталық көшелеріне тас төселіп, инфрақұры­лым жүргізіледі. Осы жұмыс жүргізілсе, кенттегі жер кезегінде жылдап күтіп тұрған күрмеулі мәселелер өз шешімін таппақ. Көктөбе ауылында 100 орындық шағын клуб үйінің құрылысы жүреді деп күтудеміз. Бесарық ауылындағы жаңадан ашылған учаскелерге тас төселеді. Келінтөбе ауылында спорт кешені салына бастайды.
Биыл құрылыс саласы жүйелі жоспарын түзіп, нәтижелі жұмыс жа­сауға көңіл бөлуде. Мердігерлер де өз жұмысына сергек қарап, уәде еткен уақытында жұмысын аяқтаса, халыққа қажетті құрылыс жұмысы қарқынды жүрері сөзсіз.

ТҮЙІН. Ұлу жылы елімізде ауқым­ды шаралар, байыпты бастама­лар қолдау таппақ. Оның ішінде ауыр жұмыс еңбеккерлеріне арнайы төлем тағайындалады. Сондай-ақ дек­ла­ра­цияның ІІІ кезеңі басталады. Жұ­мыс істейтін аналардың «Декретке 2,5 млн теңгемен» шығуына мүмкіндік бар. Бастысы, мемлекеттің халыққа арнаған қолдау тетіктері жетілдірілге­ні байқалады. Отанға опасыздық етіп, ортақ қазандыққа қол салып, өзге мақсатты көздегендер заң алдында жауапты болатынын білсе болғаны.

Мақпал МАРҚАБАЙ

09 қаңтар 2024 ж. 459 0