№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мұғалім - мектептің жүрегі

Мұғалім - мектептің жүрегі

Ел егемендігін алған тұста дүние есігін ашқан сәбилер қазір әрқайсысы әр жерде мемлекетіміздің өркендеуіне үлесін қосуда. Солардың қатарында Тәуелсіздіктің төл құрдасы – Биманова Назерке Кенжемұратқызы да бар. Кейіпкеріміз Жаңақорған кентіндегі №286 мектепте биология пәнінің мұғалімі болып қызмет етуде.

– Егемендікпен қатар дүниеге келіп, тәуелсіз елде өмір сүру мен үшін баға жетпес бақыт. Бұл күн күллі қазақ елімен бірге мен үшін де ерекше мейрам. Тарихтың ақтаңдақ жолдарынан осы азаттық жолында құрбан болған талай батыр бабаларымыз өтті. Олардың соңы қаһарлы желтоқсанда алаңға шығып, тәуелсіздік таңын бізге сыйлаған еді. Бодандықтан ада, болашаққа зор үміт артқан бақытты ұрпақпыз. Бабалардың асыл арманына жеткен біздің ендігі мақсатымыз – білімді шыңдап, еліміздің еңсесін одан әрі тіктеп, дамыған мемлекеттермен тең тұруына аянбай тер төгу. Осы жолда мұғалімдер отбасынан шығып, бала кезден арманым болған білім беру саласында қызмет етіп жүрмін.

«Егер мұғалім өз бойына іс пен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктірген болса, ол – кемел ұстаз» деп К.Д.Ушинский айтқандай, мен де өз шәкірттеріммен тығыз байланыста жұмыс істегенді құп көремін. Баламен жұмыс барысында шабытым оянады. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, Халқымыздың абырой-беделі асқақтай берсін демекпін, – дейді жаратылыстану пәндерінен сабақ беріп жүрген Назерке.

Назерке Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын грантпен тәмамдаған. Жаңақорған кентіне келін болып түсіп, кәсібін осындағы №286 орта мектепте жалғастырады. Қазірде төрт баланың анасы. Отбасымен жұмысты қатар алып, жұмыста да жетістіктерге жетіп жүр. Мәселен, 24 қараша күні өткен «Табысты білім беру ұйымының заманауи моделі» тақырыбындағы облыстық семинарда көпшілікпен өзінің әдіс-тәсілдерімен бөлісіп, өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі елеулі еңбегі үшін «Алғыс хатпен» марапатталды. Сондай-ақ алдыңғы айда өткен аудандық ғылыми жобалар байқауында шәкірті жүлделі екінші орын алып, мұғалімнің мерейін үстем еткен көрінеді. Бітіруші түлектерге сынып жетекшілік етіп, ата-аналарымен бірге әр оқушысының сәтті оқуға түсуін тілеп отырған жайы бар. «Ұстаздан шәкірт озар» деп мұғалім мен оқушы теңдей, құрметпен, ізетпен оқуды бағдарласа, келешегіміз кемел болары анық.

Рауза ӘЗІЛХАН

25 желтоқсан 2023 ж. 227 0